Ата-ана мен бала

1.Қарға баласын аппағым дер,

    Кірпі баласын жұмсағым дер.

2.Балалы үйдің ұрлығы жатпас.

3.Барды - балама, жоқты - санама.

4.Бесіксіз үйде береке жоқ.

5.Боранды күні бала мен ит құтырар.

6.Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.

7.Әкеге баланың алалығы жоқ.

8.Ерке бала екі жылар.

9.Ағайын - алтау, ана - біреу.

10.Құс балапаны үшін тұзаққа түседі,

    Адам баласы үшін азапқа түседі.

11.Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.

12.Қыз жоқ жерде қызық жоқ.

13.Астың дәмін тұз келтірер,

  Ауылдың сәнін қыз келтірер.

14.Ағайынның алтын сарайынан

   Ананың жыртық лашығы артық.

15.Балалы үй - базар, баласыз үй - мазар.

16.Қыз - қонақ.

17.Бала көңілдің гүлі, көздің нұры.

18.Өгізге туған күн, бұзауға да туады.

19.Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді.

     Атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді.

20.Он бала бір әкеге жүк болмайды,

   Бір әке он балаға жүк болады.

21.Үйің үй-ақ екен, ішінде ойнайтын баласы болса.

22.Екі қатынның баласы - екі рулы елдей.

23.Жақсы әке жаман балаға қырық жылдық ризық.

24.Әке өліп, бала қалса - мұратына жеткені,

    Бала өліп, әке қалса - арманы іште кеткені.

25.Енесі тепкен қулынның еті ауырмас.

26.Есер баладан ерке бала жаман.

27.Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін.

28.Қай қолыңды кессең де, жанға батуы бірдей.

29.Әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды.

30.¥л туғанға - күн туар.

31.Ананың сүті - бал, баланың тілі - бал.

32.Алты ұл туған ананы - ханым десе болады,

      Кезек сыйласқан ағайынды - жаным десе болады.

33.Тайдың мінгені білінбес, баланың істегені білінбес.

34.Тауықты тойындыра алмайсың,

     Қызды киіндіре алмайсың.

35.Жеті атасын білмеген - жетімдіктің белгісі.

36.Балаға пышақ бермесең бір жылар,

    Пышақ берсең екі жылар.

37.Ата - бәйтерек, бала - жапырақ.

38.Ата - асқар тау,

    Ана - бауырыңдағы бұлақ,

   Бала - жағасындағы құрақ.

39.Ата — балаға сыншы.

40.Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін.

41.¥лдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге.

42.Өспейтін бала, өнбейтін дауды даулайды.

43.Жеткіншектен айрылған, жер таянбай тұрмайды.

44.Жылауық болса да, баланың бары жақсы,

     Бақырауық болса да, түйенің бары жақсы.

45.Бес саусақ бірдей емес.

46.Әкесіз жетім - жарты жетім,

    Шешесіз жетім - анық жетім.

47.Дүниеде бал тәтті, бала балдан да тәтті.

48.Өз ұлың өзекке тепсең де кетпес,

     Кісі баласы кісендесең де тұрмас.

49.Әкенің қадірін балалы болғанда білерсің.

50.Еркенің көзі кеппес, жорғаның тері кеппес.

51.Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы,

52.Балаң жаман болса, жердің асты жақсы.

53.Итпен ойнасаң үрерсің, баламен ойнасаң күлерсің.

     Балаңды жүрт мақтаса, бәрінен де сол сүйініш.

54.Екі баланың ортасындағы бір шал бала болады,

   Екі шалдың ортасындағы бір бала дана болады.

55.Балам - балым, баланың баласы - жаным.

56.Асығу - баланың ісі, аттандыру - ананың ісі.

57.Қызға берген білінбес.

58.Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да,

    Қарызынан құтыла алмайсың.

59.Талапты бала - талпынған құстай.

60.Жорғадан туған жортақ бар,

    Батырдан туған қорқақ бар.

61.Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.

62.Жылайын деген баланың үш күн бұрын көзі қышиды

63.Атасыз ұлдың аузы үлкен.

64.Баланың жақсысы - сүйініш, жаманы - күйініш.

65.Күнсіз гүл өспес, күтусіз ұл өспес.

66.Баланың балалығына әкенің даналығы бар.

67.Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.

68.Ат болар тай саяққа үйір,

    Адам болар бала қонаққа үйір.

69.Адам болатын бала алысқа қарайды.

70.Баланы жұмсасаң, артынан өзің барарсың.

71.Атадан ұл қалса, өзі қалғаны,

    Қыз қалса, ізі қалғаны.

72.Айдың ізін ай басар, аттың ізін тай басар.

73.Анасын сүйгеннің баласын сүй.

74.Кіші баланың ұятын үлкен бала көтереді.

75.Қарғайын десем - жалғызым,

   Қарғамайын десем - жалмауызым.

76.Ердің анасы - елдің анасы.

Қазақ

Метко сказано: