Жастық, кәрілік

1. Ақыл жас ұланнан, жүйрік тай-құнаннан.

2. Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер.

3. Адам қартайса да, көңіл қартаймайды.

4. Сексен - жермен-жексен.

5. Көп жасаған құрдасынан айырылады.

6. Жүре берсең, көре берерсің,
          Көре берсең, көне берерсің.

7. Кәрі келсе асқа, жас келсе іске.

8. Шөп те басынан қурайды.

9. Ат қартайса, ұрыншақ болады,
          Ер қартайса, жаңылшақ болады.

10. Ат тұяғын тай басар.

11. Ат қартайса, есекпен достасады,
          Адам қартайса, төсекпен достасады.

12. Жігітінде жігіт болмаған,
          Өмір есесінен құр қалған.

13. Жастық көкке, кәрілік жерге қаратады.

14. Жастық - жалын, кәрілік - күл.

15. Көңіл қартаймас, көз қартаяды.

16. Жаман жігіт жасында шал.

17. Бүркіт қартайса, тышқаншы болады.

18. Кәрілік - дауасыз дерт.

19. Сақалға ақ түсті, көңілге дақ түсті.

20. Қарсы келсе кәрілік, қара нарды шөктірер.

21. Жаман киім жасты кәрідей етеді, кәріні перідей етеді.

22. Кейінгілерді көріп қартайғаныңды байқайсың.

23. Қатарынан қалған кәрі - жетім.

24. Алтыға дейін бала ерке, алпыстан кейін шал ерке.

25. Қара арғымақ арыса - қарға адым жер мұң болар.

26. Қасқырдан қайрат кетсе,
          Ешкіні апа, текені жезде дейді.

27. Жас арқалағаннан тас арқалаған жеңіл.

28. Жас ағашқа сүйеніп, қу ағаш күн көрер.

29. Кәріге құрмет - балаға міндет.

30. Шалдың сөзі - бал.

31. Кәрі – кәрінің сөзі дәрі.

32. Жас келген сайын жан жақын келеді.

33. Ақылды қария - ағып жатқан дария.

34. Кәрі білгенді пері білмейді.

35. Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде.

36. Еңбегіне қарай - құрмет, жасына карай - ізет.

37. Табақ асымен жарасты, кәрі жасымен жарасты.

38. Дәме бар да, дәрмен жоқ.

Қазақ

Метко сказано: