Қазақ жерінде тұрып, ұрпақ өрбіткенімізге бақыттымыз - С.Ахметов, еңбек ардагері

Қазақ елінде тұрып, жұрт қатарлы өмір сүріп, ұрпақ өрбіткенімізге бақыттымыз. Бұл туралы Жаңақала ауданында тұратын еңбек ардагері Сайран Ахметов мәлім етті. 

Ақ Жайық өңірінде тоқсанға тарта ұлт өкілі болса, соның ішінде татарлар елеулі орын алады. Татарлардың саны қазіргі таңда сегіз мыңнан асады. Татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың балалық, жастық шағы Оралда өткені белгілі, яғни татарлар облыс орталығын әуелден мекендеп келеді. Сондай-ақ қазақтың соңғы хандарының бірі, Жәңгірдің әйелі Фатиманың Қазаннан болуына байланысты оның туыстары Бөкей хандығына біршама қоныс ауыстырған. Олардың бірқатары сол кездегі хандықтың астанасы Орда қаласында тұрып, өркен жайса, Жаңақала ауданының Жаңақазан аталуы да сол татарларға байланысты. Елге сыйлы ақсақал Сайран Ахметов мен оның зайыбы Фарида Вахитова - осы бауырлас ұлттың өкілдері, Жаңақала ауылында тұрады. 

Сайран Фатихұлы 1929 жылы Жаңақазанда дүниеге келген. Әкесі де, атасы да осы жерде өмір сүріпті.
- Атамның қай уақытта дүниеге келгені, Жаңақала топырағына не себептермен келгендігі туралы дерек жоқ. Бірақ олардың әкеден балаға жалғасқан шеберлігіне қарап, Жәңгір хан тұсында жүргізілген құрылысқа керек болған соң алдырылған деп пайымдаймын, - дейді ақсақал.

Сайран Фатихұлының балалық шағы осы ауылда өтіпті. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» Сарыайдынның балығын ас, қамысын үй етіп, қарияның отбасы соғыс жоқшылығынан аман қалады. Әкесі Фатих ағаштан түйін түйген шебер болған. Ол кісі ескі Жаңақазандағы мектепте еңбек пәнінен сабақ берген. Ал анасы Маһисаруар жоқтан бар жасайтын, ұқсатымды адам болыпты. Соғыстың жоқшылығында балықтың сүйегінен ұн, етінен неше түрлі тағам әзірлеп, 7 баласын ашықтырмаған. Дегенмен жеті баланы бағу ата-анасына ауыр тиген соң Сайран Фатихұлы 10-сыныпта оқуды тастап, байланыс торабына радио жүйені жөндеуші болып жұмысқа тұрады. Онда жұмысшыларға қызметі үшін ай сайын он алты келі арпа береді екен. Осы болмашы арпа үшін оның мектепті тастауына тура келеді.

Ұлты орыс фотографтан досы Резуан екеуі фотоға түсіру өнерін меңгереді. Ақыры ол осы өнерді бірнеше жыл кәсіп етеді.
1951 жылы әскер қатарына сұранып барып, 1954 жылы елге оралғаннан кейін «Еңбек» өндірістік артелінде суретке түсіруші болып еңбек жолын жалғастырады. 1956 жылы бұрын Жаңақазанның тұрғыны болған саратовтық Фарида Вахитоваға үйленеді. 

Басшылар Сайран Фатихұлының қабілетін байқап, бірден аудандық өндірістік артельге директор етіп тағайындайды. Ол сенімнен шығып, құлдыраған артель жұмысын оңалтып, ағаш өңдеу цехын ашады. Қазір Бірлік ауылында тұратын Рысқали Сабырғалиев басқарған балықшылар бригадасын жасақтап, балық аулау арқылы артель табысын молайтады. «Еңбек» өндірістік артель тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты болып қайта қалыптасқанда Сайран Фатихұлы үлкен ғимарат тұрғызады. Өз ісін жауапкершілікпен атқарған ол Жаңақала, «Бірлік» жұмысшылар кооперациясына басқарма төрағасы болады. Кейін аудандық тұтынушылар одағын басқарып, тұтынушылардың құрметіне бөленеді. Сөйтіп сауда саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін Сайран Фатихұлы «Еңбек Қызыл Ту» ордені және көптеген медальдармен марапатталады. Ол 1990 жылы зейнет демалысына шығады.

Сайран Фатихұлының алаңсыз еңбек етуіне жары Фарида Ғазизқызы үлес қосты. Олар бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Рашит - Парламент Сенатының депутаты.

- Біз қазақ ортасында туып, осы ұлттың салт-дәстүрін бойымызға сіңіріп өстік. Осы жерде өсіп-өндік. Қазір немерем қазақ қызын алып, қазақпен құдандалы болып отырмыз. Жаңақалаға бауыр басып қалғанымыз сондай, басқа жағдайы жақсы жерлерге кеткіміз де келмейді. Өйткені Елбасымыз жүргізіп отырған саясат арқасында қалада да, ауылда да адамдардың жайлы тұрмыс кешуіне барлық жағдай жасалып отыр ғой. Ең бастысы, тыныштық, бірлік керек. Басқасының бәрі реттеледі, еліміз алға қойған мақсатына жетеді деп ойлаймын, - деді Сайран Фатихұлы.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз