ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: барлаушы Михаил Шамов

Даңқ орденінің иегері Михаил Михайлович Шамов 1912 жылы 22 қазанда қазіргі Тасқала ауданы Семиглавый Мар ауылында дүниеге келді.

Егер аталмыш ауылға жол түссе, М.Шамов көшесімен жүріп өтуге болады. Осындағы жатағандау, жұпыны үйде Михаил Шамов тұрып, ел қатарлы еңбек етті. «Новая жизнь» колхозында он жылдай түрлі жұмыстар атқарған ол тракторшылар курсын бітіріп, механизатор мамандығын алып шықты. Бейбіт еңбек қуанышын тек соғыс бұзды.

1941 жылдың шілдесінде-ақ майданға аттанған М.Шамов 86-ауыр гаубицалы артиллерия бригадасының (Орталық майдан, 4-артиллериялық корпус, 5-дивизия) құрамында Курск облысындағы Поныри стансасынан Берлинге дейін ерлікке, күреске толы сапар шекті. Бұрын тракторды ұршықтай үйірсе, енді оған барлаушы болуға тура келді.

Орел-Курск иінінде барлауға шығып, қауіп-қатердің үстінде жаудың бекінісін дәл анықтағаны үшін оған алғашқы награда - «Ерлігі үшін» медалі табыс етілді. Поныри стансасы түбінде қатардағы жауынгер екі бірдей «Тигрді» құртты. Сосын пулеметтен де оқты қарша жаудырды.

1943 жылы 16 қазанда Чернигов облысы Любеч ауылы тұсында ол барлау жүргізіп, зеңбіректерді бағыттап отырды. Соның нәтижесінде жаудың екі батареясы істен шықты. Шамов ұрыс даласынан жараланған взвод командирін алып шықты.

Осы жылдың 23 қарашасында оған үшінші дәрежелі Даңқ ордені берілді. 

1945 жылдың 23 ақпаны еді. Осы мереке күні ефрейтор М.Шамовқа (1-Белорус майданы, 47-армия) Пиритц (қазір Пыжице қаласы, Польша) маңындағы жау бекінісін барлап қайтуға тапсырма берілді. Қараңғылық пердесін жамыла отырып, бейтарап алаңға өткен ол төрт сағат бойы бақылау жүргізіп, айқұш-ұйқыш атылған оқтың астында жаудың атыс нүктелерін картаға түсіріп алды. Сөйтіп батарея оқтарын дәл бағыттай білді.

1945 жылы 25 наурызда ержүрек барлаушы екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Аға барлаушы осындай тапсырмалардың талайын орындады. Оның жолдастарынан жасы да үлкен, тәжірибесі де мол болатын. Сондықтан негізгі жүк оның иығына түсетін. Ол айрықша маңызы бар құнды деректерді қолға түсірді де. «Тіл» алып қайтқан кезі де аз емес-ті.

1945 жылы 28 сәуірде Берлиндегі көше ұрыстарына қатысқан Шамов барлау жүргізіп, соның нәтижесінде жаудың бес маңызды нүктесі жойылды. Бір жерде атыс ұясына айналған жау танкісінің күлі көкке ұшса, екіншіде трансформатор үйшігіндегі зеңбіректің, үшіншіде үй төбесінде орналасқан пулеметшілердің үні өшті.

1946 жылы 15 мамырда М.Шамовтың ерлігі үшін бірінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Даңқ орденінің толық иегері атанған барлаушының омырауында сондай-ақ қос бірдей Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы ордендері мен бірнеше медаль жарқырайды.

Елге оралған майдангер үйреншікті жұмысына қайта кірісіп, оны жан-тәнімен беріле атқарды. Соғыс салған жарақаттың салдарынан М.Шамов зейнет демалысына бір жыл қалғанда, 1971 жылы 7 ақпанда көз жұмды. Соңында жары, ұл-қыздары қалды.

2010 жылы Орал қаласындағы Монетная көшесіне М.Шамовтың есімі берілді.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз