ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Дмитрий Стрелец

Кеңес Одағының Батыры Дмитрий Лаврентьевич Стрелец 1920 жылы Приморск өлкесі Партизан ауданы Гордеевка ауылында дүниеге келген.

1941 жылдың маусымында әскерге алынған Д.Стрелецтің жорық жолы Донец өзенінен басталды.

Көзі тірі кезінде өзінің еске алғанындай, оларға Донец өзенінен бірінші болып өтуге бұйрық берілген. Ол кезде Д.Стрелец взвод командирі еді. Міне, шабуыл да басталды. Жау оғы үздіксіз жауып тұр. Бірақ оған қарамастан, кеңес жауынгерлері алға жылжи түсуде. Шығын да жоқ емес. Бір взвод командирі оққа ұшты, рота командирі Табачников ауыр жараланды. Енді ротаны кіші лейтенант Д.Стрелец алға бастады. Өзеннен өтіп, қорғанысқа көшті. Кескілескен ұрыстың салдарынан ротадан небәрі алты адам ғана қалды. Дмитрийдің өзі де екі аяғынан бірдей жаралы болса да, ұрыс даласын тастап кеткен жоқ. Сөйтіп, олар негізгі күш жеткенге дейін жау шабуылын тойтарып бақты.

Осы бірінші шайқас жас командирді шыңдады. Он ай емделгеннен кейін Д.Стрелец 47-дивизия құрамында жан беріп, жан алысқан айқастарды бастан өткізді. Киев үшін болған ұрыста ерлік көрсеткен ол Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.

Бір қызығы, ол екі жылдай інісі Василиймен бір бөлімде болды. Бірде қызу ұрыс кезінде сарбаздар жүгіріп келіп, «Інің қаза тапты», деді. Бірақ бұған бұрылуға мүмкіндік жоқ еді. Кейін өзі жараланып, санитарлық бөлімге келгенде, дәрігер: «Мен сені жаңа ғана госпитальға жіберген жоқ па едім, неге қашып келдің?» дейді. Сөйтсе, соның алдында ғана інісін дәрігерге санитарлар алып келген екен.

1945 жылы 14 қаңтарда бұлардың бөлімі Висладан өтті. Дмитрий бастаған рота бір биіктікті басып алып, жүз шақты дұшпанның көзін жойды. Рота командирі тағы жараланды.

Неміс фашистері Варта өзенінің жағасын да мықты бекініске айналдырды. Өзеннен алғашқы болып өту гвардия лейтенанты Д.Стрелецтің ротасына тапсырылды. Рота қосымша пулеметшілер және минометшілер взводтарымен толықтырылды. Күндіз сал және басқа да керекті құралдарды даярлаған олар түнде арғы бетке бет алды. Үш сал жүзіп келеді. Оның шеткісін жау снаряды суға батырды. Ақыры жеті жігіт пен командир жағалауға ілікті. Бұлар қорғаған кішкентай бекіністі жау бұзып өте алмады. Қайта сексен фашист жер жастанып, елу шақтысы қолға түсті.

Бұдан кейін фашизм ордасына баратын жолдағы ең соңғы өзен - Одерге шықты олар. Осы ұрыстағы Д.Стрелецтің ерлігі туралы 220-полк командирі, Кеңес Одағының Батыры, полковник Иван Шейкин қол қойған мінездемеде былай деп жазылған: «Ол Одер өзенінің сол жағасындағы кескілескен ұрыстар кезінде 81,5 метр биіктікті алу үшін өзінің ротасын бірнеше рет шабуылға көтерді. Отан үшін өмірін аямаған Стрелец қайда жағдай қиындаса, содан табылды. Бұл шайқаста ол ауыр жараланды».

Кейін рота командирі Зоненбург қаласындағы госпитальда емделіп жатқанда, өзінің Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын «Правда» газетінен оқып біледі. Шынында да оған 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлықпен Батыр атағы берілген екен. Батыр сәуір айында Мәскеуге шақырылып, оған М.И.Калинин Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз медалін табыс етті.

Соғысты Берлинде аяқтаған ержүрек командир кейін Бухенвальдқа жұмысқа жіберіліп, концлагерь сұмдығын, яғни тұтқындарды өртеген крематорийлерді өз көзімен көрді.

Оралға 1953 жылы көшіп келген Дмитрий Лаврентьевич осында біржола тұрақтап қалды. Түрлі салада ел қатарлы еңбек етіп, 1975 жылы құрметті демалысқа шықты. Батыр болса да, қарапайым тұрмыс кешкен ол 1998 жылы қайтыс болды. Орал қаласында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз