Әкем Әлмұхамбеттің Алаш қайраткері болғанын мақтан етемін - Н.Оспанов

Әкем Әлмұхамбет Оспановтың Алаш қайраткері болғанын мақтан етемін. Бұл туралы Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында тұратын Наурызғали Оспанов мәлім етті.

ҰҚК мұрағатындағы деректерге қарағанда, Алаш қайраткері, жымпитылық Әлмұхамбет Оспанов екі мәрте сотталған. Алғаш рет 1935 жылы «Алашорда әскерінде қызмет жасағандығы үшін» 4 жылға қамалыпты. Кейін елге оралып, әр салада қызмет атқарған. Алайда 1946 жылдың қаңтарында НКВД-ның сұрқия назарына қайта ілігіп, тағы 10 жылға сотталған. Ол осы сапарынан туған жерге оралмады. 1949 жылдың желтоқсан айында Көкшетаудағы лагерьде қайтыс болған.

Жазықсыз жазаланған Әлмұхамбет Оспанов Қазақ КСР Жоғарғы соты президиумының шешімімен 1966 жылдың ақпан айында толық ақталды.

Нақақ жала жабылып, қудалауға түскен Әлмұхамбет Оспановтың тағдырын қиған саяси қуғын-сүргін азаматтың соңында қалған отбасы мүшелерінің де жанына жазылмас жара салғаны ақиқат. Әке үшін мазасызданып, қатты қапаланғандардың бірі ұлы  Наурызғали Оспанов еді.

Көңілге жұбаныш етерлік жағдай - елімізге белгілі тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді «Алашорда» атты кітабында Әлмұхамбет Оспанов жөнінде де көптеген деректі жариялады. Автордың арнайы қолтаңбасымен ұсынылған осы кітап бүгінде Жымпитыдағы «Алаш» мұражай қорында сақтаулы тұр. Наурызғали Әлмұхамбетұлы елі үшін еңбек еткен арыстардың есімін әйгілеп, ісін зерттеген ғалымға бек ризашылығын білдіреді.

Иә, жымпитылықтар Алаш арыстарының есімдерін ұмытпайды. Жымпиты ауылы орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Жазықсыз жазалағандар» атты ескерткіш тақтада Ә.Оспановтың да есімі жазулы. Бұған қоса аудан ардагерлерінің ұсынысымен Алаш қайраткері Әлмұхамбет Оспановтың отбасы мекендеген Қаратөбе көшесіне Ә.Оспановтың есімі беріліп, арнайы тақтайша ілінді.

Әке есімін алған көше бойындағы жолды жөндеп түзеуді, көшеге жарық орнату, көршілердің аула, қақпаларын жүйеге келтіруді кәсіпкер азамат Наурызғали Оспанов тікелей өз қадағалауына алды. Тіпті көше жолын тегістеу үшін «ТАГРА» ЖШС-нан «КамАЗ» жалдап, Жосалы ауылынан арнайы қиыршық тас тасытты. Осы жұмыстарды атқаруға кәсіпкер Н. Оспанов 400 мың теңге жұмсапты.

Алаш қайраткерінің ұрпағы өз ауылы үшін қашан да мәрттік танытып келеді. Жуырда аудан орталығындағы мешітке барар жолға тас плита төсеп берсе, имандылық үйіне «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су жүйесін өткізіп беруді де өз есебінен қолға алғалы отыр.

Кәсіпкер Наурызғали Оспановтың өзі - үшінші топтағы еңбек мүгедегі. Бірақ ешкімнен көмек күтпей, керісінше үнемі елге жәрдем беріп жүреді. Әкесінің Көкшетау түрмесінен жазған хаттарын 60 жыл бойы сақтап, тұтынған заттарымен қоса облыстық мұражайға тапсырды.

Жуырда Н.Оспанов Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың қабылдауында болып, Жымпитыдағы Алаш қайраткерлеріне арналған саябақтағы аллеяға Әлмұхамбет Оспановтың да мүсінін орнату жөнінде ұсыныс беріпті. Кәсіпкер мүсінді дайындауға өз қаражатын жұмсауға әзір.

«Жыл сайын 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні орталық саябақтағы «Жазықсыз жазалағандар» атты ескерткіш тақтаға барып, әке рухына тағзым етемін. Бүгінде ұл-қыздарымнан 5 немере, 5 жиен сүйіп отырып, бақытқа бөленіп отырсам, соның бәрі - кешегі аға ұрпақтың, әкем мен анамның арқасы», - деді Н.Оспанов.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз