Кәсіпкер В.Каркуланы өлтіргендерге қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды

БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы белгілі кәсіпкер Виталий Каркуланың өліміне айыпты деп танылған Азамат Тоғаев, Мерген Иманқұлов, Кенже Біржановқа қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы қаңтар айында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасалып, соның салдарынан В.Каркула атылған оқтан қаза тапса, әйелі, облыстық мәслихаттың депутаты Валентина Каркула ауыр жарақат алған. Шабуыл кезінде қылмыскерлер кәсіпкердің үйінен құны 3 млн. теңгеден астам асыл бұйымдарды, сонымен қатар шамамен 1 млн. теңге ақшаны алып кеткен.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты барлық үш сотталушы - А.Тоғаев, М.Иманқұлов және К.Біржановты кінәлі деп таныған болатын. ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы 1-бөлігі, 96-бабы 2-бөлігі «п, з» тармақтары, 179-бабы 4-бөлігімен А.Тоғаев мүлкін тәркілеумен өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын ерекше режимдегі түзеу колониясында, соның ішінде алғашқы бес жылын түрмеде өтеуге сотталды. М.Иманқұлов ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы 1-бөлігі, 96-бабы 2-бөлігі «п, з» тармақтары, 179-бабы 4-бөлігі, 259-бабы 1-1-бөлігімен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында, соның ішінде алғашқы бес жылын түрмеде өтеуге сотталды. К.Біржанов ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы 1-бөлігі, 96-бабы 2-бөлігі «з» тармағы, 179-бабы 4-бөлігі, 251-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілеумен 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында, соның ішінде алғашқы бес жылын түрмеде өтеуге сотталған еді.

Сотталғандар өз тараптарынан бірінші сатыдағы сот үкіміне шағым айтып, жоғары сатыдағы апелляциялық сот алқасына жүгінген болатын.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз