Мемлекеттік тілді меңгеру - Отанға, елге деген құрмет - Н.Горишонова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Тағдыр маған ыстық жүректі бауырлар мен Ақ Жайықтың ал­тын топырағын сыйлағаны үшін шексіз бақыттымын.

Бұл туралы Зеленов ауданы Көшім орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Наталья Горишонова мәлім етті.

Өзінің айтуынша, ол Ақжайық ауданы Алғабас ауылында өмір есігін ашқан. Қазақ балаларымен бірге  өскен оған мемлекеттік тілді меңгеру қиынға түскен жоқ. Әсіресе, тілге деген қызығушылығы жоғары сыныптарда арта түскен. Осы құштарлық Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжге әкелді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына грант негізінде оқуға түскен орыс қызы терең білім алып қана қоймай, «Мемлекеттік тіл - менің тілім», «Тілге құрмет - елге құрмет» сынды байқауларға белсене қатысып, жүлдегер атанды. Тіпті Астанада өткен форумға дейін аудан атынан қатысып қайтты. Қазақ тілін білгенінің арқасында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен еш аудармасыз, түпнұсқада танысты. Әсіресе, оған Мұқағали Мақатаев сынды бірегей ақындар туындылары етене жақын.

Қазіргі таңда өзі сабақ беретін мектепте қазақша сайрап тұрған өзге ұлт өкілдерінің балалары, яғни шәкірттері баршылық. Олардың арасында Евдокия Гарифуллина, Виктор Хорошмандарды ерекше атап өтуге болады. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, қиындығы мол ұстаздық жолды таңдағанына еш өкінбейді. Оның қазір әрбір уақыты бағалы. Себебі ол мектеп мұғалімдеріне қазақ тілін үйрететін «Қазақ тілін үйренейік» үйірмесін қолға алса, қазақ тілін жете үйренуге құлықты шәкірттеріне жеке сабақ өткізеді, оның үстіне ай сайын өткізіп тұратын «Қазақ тілінде сөйлейміз» акциясына дайындығы тағы бар. Ауылдағы этномәдени орталық жұмысына белсене араласып, ұлтаралық татулықтың бекемделе түсуіне үлес қосуда.

-Бұл мамандық маған көп нәрсенің қыр-сырын жете түсінуді үйрет­ті. Қиыннан қиыстыратын қазақ шешендерінің даналық сөздерін күнделікті сабағымда, сөз арасында қолдануға тырысамын. Себебі онда қазақ тілінің мен айтып жеткізе алмайтын асыл қасиеттері жатыр. Өз тілінде сөйлей алмайтын, тіптен сөйлеу­ге құлшынысы жоқ замандастарымды көрген­де, қатты қынжыламын. Қазақстан - көпұлтты ел, жүзден аса ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүруде. Мемлекеттік тілді білу Отанға деген құрмет деп санаймын. Достарым көбіне менің орыс ұлтынан екенімді ұмытып та кетеді. Кейде тіпті «осы біз - қазақтар...» деп айтатынымды байқамай да қаламын. Елбасымыз бір сөзінде былай деп еді: «Та­тулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде, ең алдымен, қа­зақ­қа керек. Қазақтың ынтыма­ғы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымызда «тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» деген сөз бар. Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды». Мемлекет басшысы, әсіресе, жеткіншек ұрпақтың тілді тез меңгеретінін үнемі айтып келеді. Міне, осы жолда өз үлесімді қосып жүргенімді айта аламын», дейді Наталья Александровна.

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз