Мәжіліс депутаттары бірнеше ауданда болып, сайлаушылармен кездесулер өткізбек - БҚО

Елге келген Мәжіліс депутаттары облыстың Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым аудандарында және қала төңірегіндегі ауылдарда болып, сайлаушылармен кездесулер өткізбек. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаттары Шавхат Өтемісов, Виктор Киянский, Самиғолла Оразов мәлім етті.

Ш.Өтемісовтің айтуынша, «Нұр Отан» партиясы Парламенттегі фракциясының тапсырмасымен депутаттар он күндей уақыт ішінде тұрғындармен жүздеспек. Соның ішінде аудан орталықтарында емес, ауылдық округтерде болып, тұрғындармен кеңесу көзделіп отыр. Кездесулерде өткен жылғы ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы, Парламент жұмысы және басқа өзекті мәселелер сөз болмақ. Айталық, өткен жылғы қыркүйек айының басынан биылғы 30 маусымға дейін созылған сессия жеміссіз болған жоқ. Осы мерзімде 125 заң жобасы келіп түссе, Мәжіліс қоржынында болған 29 заң жобасы да талқыға салынды. Соның ішінде 80 заң жобасы Сенаттан өтіп, Елбасы қол қойды. Парламенттік тыңдаулар кезінде де көкейкесті мәселелер қаралды. Мәселен, елдегі техникалық білім беру жүйесі арнайы талқыға салынып, онда, әсіресе, техникалық кадрлардың жетіспей отырғанына айрықша назар аударылды. Сол секілді Батыс Қазақстан облысындағы жол мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Өңірде жолдың 19 пайызына ғана қатқыл табанды жол төселген. Мәжіліс депутаты Самиғолла Оразовтың сөзіне қарағанда, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолы негізінде Саратов-Тасқала-Орал арқылы Ақтөбеге жалғасуы тиіс еді. Алайда ол Татарстан-Орынбор арқылы тартылған. Соның салдарынан Ресейдің Ростов, Ставрополь секілді аймақтарының тұрғындары аталмыш жолға қосылу үшін 1 мыңнан астам шақырым артық жол жүреді. Мұны қысқартудың бір жолы Волгоград облысымен шектесетін Жәнібек-Қазталов-Жалпақтал-Чапаевтан Жайық өзені арқылы өтетін көпір арқылы Жымпитыға жеткізетін жол салу болып табылады. Көп ұзамай Жәнібектен бері қарай жол салына бастайды. Осы күре жолдан Өнеге арқылы Бисен-Сайқынға республикалық маңызы бар жол шығады. Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын мен Жәнібек ауылында күре жолды күтіп ұстайтын жол пайдалану учаскелері ашылады. Орал қаласының өзінде де жол салу жұмысы қарқынды жүргізілуде.

Мәжіліс депутаты Виктор Киянскийдің мәлім еткеніндей, «Жасыл экономиканы» дамыту, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық, қоршаған ортаны қорғау, Жайық өзенінің жай-күйін жақсарту мәселелері де күн тәртібінен түспейді. «Қысқасы, елге келгенде, толғақты жайттарды сайлаушылармен  тағы бір пысықтап алғанның артығы жоқ», деді депутаттар.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз