Оралда 300 млн теңгеге қоғамдық монша салынады

Оралда қоғамдық монша қайта салынады, деп хабарлады BNews.kz тілшісі Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«№3 қалалық моншаның қызметі тоқтағалы біраз болды. Осыдан екі жыл бұрын бастапқыда қаланың теңгерімінде тұрған моншаның 49 пайыз үлесі Монополияға қарсы агенттіктің алдын ала ұйғарымымен жекенің қолына өткен-ді. Қалалықтарға жағымды жаңалық – қоғамдық монша енді тұтастай бұзылып, жеке кәсіпкердің өз қаражатына жаңадан тұрғызылмақ. Кеше қала әкімі А.Көлгінов аталған нысанға барып, жағдайды көзімен көріп қайтты», - делінген ақпаратта.

Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап ғимараттың шатырын бұзу жұмыстары басталып кетті. Өзін «Истекова» жеке кәсіпкерлігінің сенімді өкілімін деп таныстырған Мырзағали Қабдолов есімді азамат қала басшылығымен моншаның жүз пайыз кәсіпкер қаражатына жөнделетіні туралы шешім шығарылғанын айтты. Жаңа моншаның алаңы жертөлесімен 3 мың шаршы метр болады деп күтілуде. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен 6 жасқа дейінгі балаларға арналған жеңілдіктер сол күйінде сақталады, яғни тегін. Жаңа жылға дейін 2-ші қабаттағы әйелдер және ерлер бөлімдері іске қосылмақ. Құрылыс жұмыстары толықтай 2015 жылы аяқталатын болады.

«Бұрынғыдан бір өзгешелігі - жертөледе химиялық тазалау және кір жуатын орын болмақ. Бірінші қабатта ерлер мен әйелдерге арналған 25 орындық душ кабиналары жұмыс істейді, тек сауна болмайды. Қоғамдық моншаның бағасы - 500 теңге көлемінде қалмақ. Одан көтерілмейді», - деді Мырзағали Қабдолұлы.

Аталған нысанның басында қала әкімі Алтай Көлгінов журналистер сауалдарына жауап берді.

«2010 жылы монополияға қарсы агенттік аталған кәсіпорынның коммуналдық шаруашылық ретінде жұмысын жүргізуіне тыйым салған болатын. 2012 жылы монополияға қарсы агенттіктің ұйғарымымен кәсіпорынның белгілі бір пайыздық үлесін жекенің қолына беру туралы шешім қабылданды. 2012 жылы кәсіпорынның 51 пайыз үлесі жекенің қолына өтті. Өткен жылы наурызда моншаның төбесі ортасына түсуіне байланысты төтенше жағдайлар басқармасымен нысан апатты деп танылып, монша ретінде пайдалануға болмайды деген қорытынды шығарылды. Сондықтан монша төңірегіндегі барлық мәселелер әбден екшеленді. Жеке кәсіпкер коммуналдық қызметтерге берешектерін толықтай өтеді. Енді ғимарат тұтастай бұзылатын болады. Құрылыс кәсіпкер қаражаты есебінен жүргізіледі. Кәсіпкер жыл аяғына дейін жаңа монша салуға міндеттеніп отыр. Егер кәсіпкер бұл моншаны тұрғызса, біз оны қоғамдық монша ретінде мақсатты пайдалануға ғана рұқсат береміз. Және онда халықтың осал топтары мен ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Тек осындай шартпен ғана біз кәсіпорын үлесін толықтай жекенің қолына тапсыратын боламыз. Тараптар арасында заңды келісімшарт жасалады, қазір жоба мемлекеттік сараптамада қаралуда. Құрылыс құны қанша болатынын сараптама нәтижесі көрсетеді», - деді Алтай Сейдірұлы.

 

http://bnews.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз