Оралда 534 батысқазақстандық полицей марапатталды

Оралда Қазақстан полициясының 22 жылдығына және Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты шаралар өткізілді.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1992 жылғы 22 маусымда «Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданса, 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 23 маусым Қазақстан полициясы күні ретінде ресми бекітілді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері БҚО ішкі істер департаментінен қызметтік міндетін орындау кезінде 23 қызметкер қаза тауып, 8-і жарақаттанған болатын. Мереке қарсаңында ІІД басшылығы мен әріптестері олардың үйлеріне барып, бірінің анасына, екіншісінің жарына гүл шоғы мен естелік сыйлықтар табыс етіп, құрмет көрсетті. Сонымен қатар «Батысқазақстандық полицейлер - әлемдік деңгейдегі спорт шеберлері» атты спорттық даңқ залы да ашылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысып, батысқазақстандық полицейлердің спорт саласында да ел намысын абыроймен қорғап жүргенін атап өтті.

Салтанатты шара Жеңіс алаңында жалғасып, онда жас қызметкерлер сапқа тұрып, халқына адал қызмет етуге уәде беріп, ант етті.

Шарада ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қ.Қасымовтың бұйрығы оқылып, қоғамдық тәртіпті күзетуде, қылмысқа қарсы күресте ерекше көзге түскен сайыпқыран сақшыларға офицерлік шендер, төсбелгілер, құрмет грамоталары мен алғысхаттар табыс етілді. Бірқатары облыс әкімінің алғысхатына ие болды. Бұл күні барлығы 534 батысқазақстандық полицей марапатталды.

Сақшыларды төл мейрамымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Салтанатты шара Орал полициясы гарнизонының шеруіне ұласты.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз