Оралда адам құқығын қорғауға арналған оқыту семинары өткізілді

Бүгін БҚО әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің басшылығымен мемлекеттік қызметшілер мен өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері үшін «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өткізілді.

Семинар-тренингке, сондай-ақ, жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Жиында Тастемір Әбішев адам құқығын қорғаудың маңыздылығына, оның халықаралық және ұлттық тетіктеріне тоқталып, жан-жақты түсінік берді.

Семинар-тренинг барысында тыңдаушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы бақылау функцияларымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенциялармен құрылған бақылау органдарының құзырларымен танысты, азаматтардың жеке арыздарының БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінде қаралу тетіктерін талқылады.

Сондай-ақ семинар-тренингте Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі зерделенді. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің соттармен, мемлекеттік органдармен, сондай-ақ адам құқықтарын соттан тыс қорғаудың басқа да институттарымен өзара қарым-қатынасы қаралды.

Семинарда Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұрақты не болмаса уақытша тұрып жатқан өзге де адамдардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды. Тыңдаушылар еңбек жанжалдарын шешудің тетіктерімен таныстырылды.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар адам құқықтарын қорғау және көтермелеу саласындағы жұмыс тәжірибесімен алмасты.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз