Оралда алдағы екі жылда төрт балабақша салу көзделіп отыр - А.Көлгінов, қала әкімі

Орал қаласы халқының табиғи өсімін ескере отырып, алдағы екі жылда 1370 бүлдіршінді қамтитын төрт балабақша салу көзделіп отыр. 

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының ХІV есеп беру-сайлау конференциясында қала әкімі, филиал төрағасы Алтай Көлгінов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңдағы басты міндет партияның 2017 жылға дейінгі ұлттық іс-қимыл жоспарына сәйкес сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру болып табылады. Бұл ретте жеткіншек ұрпақ мәселесі назардан тыс қалмақ емес.

Соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиеленушілер саны едәуір артты. 2011 жылы олардың саны 10393 болса, партия тұғырнамасы қабылданғаннан бері 18 пайызға көбейіп, биылғы қарашада 12642-ге жетті. Сайлауалды тұғырнаманы жүзеге асыру бағытында соңғы екі жылда қалада үш балабақша ашылды, тағы біреуі биылғы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Қалада сол секілді сапалы орта білім беруге ерекше назар аударылуда. Орта мектептерде балалар екі ауысыммен оқытылады, апатты мектептер жоқ. Барлық білім ордалары ғаламтормен, медицина кабинетімен қамтамасыз етілген. Өткен жылы «Жаңа Орда» шағынауданында 600 орындық мектеп ашылса, алдағы жылы Зачаган кентінде 1200 орындық мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Биыл үш мектеп, үш балабақша, бір кітапхана 970 млн. теңгеге күрделі жөнделді.

Тұрғын үйлер де қарқынды салынуда. 2013 жылы «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына сәйкес 8 үй (47 мың шаршы метр) салынып, оған 812 отбасы орналасты. Биыл 7 үйде (44 мың шаршы метр) 736 пәтер пайдалануға берілмек. Соңғы екі жылды есептегенде, іске қосылған тұрғын үй көлемі 91 мың шаршы метрге (1548 пәтер) жетпек. 

http://www.kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз