Оралда ауруханаға түскен балалардың науқастануы ішек жұқпасына байланысты деген болжам жасалуда

Бұдан бұрын хабарлағанындай, Оралдағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернат кешенінің оқушылары жаппай ауырып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Осыған орай өткізілген бапсасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы балалар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Хажарбибі Ескендірова аталмыш мектепте 953 оқушы болса, соның 221-і интернатта тұратынын жеткізді. Бүгін таңғы сағат 06.00 шамасында балалардың өздерін жайсыз сезінуіне байланысты жедел жәрдем шақырылған.

БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сергей Щербинаның айтуынша, балалардың науқастануы ішек жұқпасына байланысты деген болжам жасалуда, бірақ нақты диагноз әлі қойылған жоқ. Ол зертхана қорытындылары алынғаннан кейін белгілі болады. Ауру белгілері тек интернатта жататын балалардан байқалып отыр. Олар кеше кешкісін ет қосылған сорпа ішкен, содан ұшынуы ықтимал. Интернаттағы барлық 221 оқушыдан, тамақ пісірушілерден және қарым-қатынас жасаған мұғалімдерден талдау алынған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Сара Еспанованың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда әлсіздіктері мен қызуының жоғарылығына байланысты 50 бала ауруханада ем алуда. Интернатта қалған балалар да бақылауда.

фото zhaikpress.kz парақшасынан алынған
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз