Оралда Достық үйі бой көтереді

Оралда Достық үйі бой көтеріп, ұлтаралық келісім нығая түсетін болады. Бұл туралы Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық басшысы Ғайса Қапақов мәлім етті.

Оның айтуынша, Достық үйінің құрылысы биыл басталмақ. Қазіргі уақытта Достық үйі тұжырымдамасының жобасы жасалды. Ол Үкіметтің қаулысымен бекітілуі тиіс. Осы жобаға сәйкес Достық үйі тікелей облыс әкім­дігіне бағынатын болады. Қаржы­ландыру жөніндегі бірқатар мәсе­лелер осы тұжырымдама бекітілгеннен кейін шешілуі тиіс. Достық үйінің жұмысын үйлестіру бағы­тында мемлекеттік мекеме құ­ру көзделіп отыр. Күні бүгін Достық үйінің үлгі жобасы өңірдің ерек­шеліктеріне сәйкес түзетіліп, ғимарат қа­ланың жаңа орталығында са­лын­ған Салтанат сарайының қасында орналасатын болады. Бұл сән-салтанаты келіскен сарайлар мәнеріндегі сәулет өне­рінің қайталанбас ансамблін қа­лып­тастыруға мүмкіндік береді.

Достық үйінің аумағы 4,5 мың шаршы метр болады. Бұл ғимарат­та ауқымды мәжіліс залы, би залы, конференц-залы болады деп жоспарлануда. Сонымен қатар оқу кабинеттері, дыбыс жазу студиясы болады. Бір сөзбен айтқанда, Дос­тық үйінде танымдық-тағылымдық сипаттағы әр түрлі мәдени-ағарту шараларын өткізу үшін барлық жағдай қарастырылған.

Жалпы, об­лыс­тық ассамблея құрамында халық шаруашылығының әр түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген елге танымал 117 отандасымыз, оған қоса 22 адамнан тұратын облыстық ассамблея кеңесі және бар. Сол сияқты ассамблея жанынан құрылған ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми-са­рап­та­­малық кеңес, қоғаммен байланыс жө­ніндегі кеңес және ассамблея­ның жастар қанаты жұ­мыс істейді. Осы құрылымдарға қоса облыс аумағында бү­гінгі таңда 33 этномәдени бірлестік Жайық жұртының ынты­­мағын нығайтып, ырысын молай­туға ұдайы мүд­делілік танытып, жұмыс істеуде. Қазіргі кезде әрбір ауданда аудан әкімдігінің басқаруымен ассамблея кеңесте­рі құрылды. Сонымен қатар 160-тан аса қоғамдық келісім кеңесі құ­рылып, ассамблея жұмысына жа­ңадан 1800-ден астам белсенді азамат тартылуда. Және бір атап өтер жайт, мектептерде, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында достық клубтары құрылып, бұл бағыттағы жұмыстарға қа­зір­дің өзінде 4 мыңнан астам қыз-жігіт жұмылдырылды.

Тіл - ассамблеяның күн тәр­тібінде тұрған басты мәселелер­дің бірі. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері Ақ Жайықта да баршылық. Мысалы, мемлекеттік тілде әдеби шығарма жазатын отандасымыз, шешен халқының өкілі Мұқтар Боқаев жүрген жерінде өз ұлтының қазақ халқынан көрген жақсылығын жыр қылып айтудан жалыққан емес. Ұлы Абайдың тілінде сөйлеймін деп ұмтылып жүрген азаматтардың бірі - жергілікті татар мәдени орталығының төрағасы Ришат Хайруллин, қа­зақ тілін үйренуге ынта-ықыласы ерек­ше отандасымыздың бірі - «Вайнах» шешен-ингуш этно­бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов. Мемлекеттік тілге құр­мет жөнінен облыстық ассамблея­ның жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов - замандастарына өнеге болып жүрген жастардың бірі. Қазақ тілінде жа­тық сөйлейтін азаматтар­дың бірі - әзербайжан этномә­де­ни ұйы­мының төрағасы Наджаф Мамедов, украин этномәдени ұйымының мүшесі Ирина Жилик, белорус этномәдени ұйымының мүшесі Ольга Рапацкая. Қазақ тіліне құрмет арта түс­кендігінің және бір жарқын дә­ле­лі - «КазАрмаПром» акционерлік қоғамының бас директоры Ста­нислав Качалоның отбасы. Осы азаматтың бес перзенті де қазақ мектептеріне барып, сапалы білімге қоса, саналы тәрбие алып жүрген өрендер. Жақын арада Станислав Павловичтің бір ұлы Алматы қаласында өткен рес­публикалық домбырашылар конкурсында көптеген қаракөз құрбы-құрдасының алды болып, бірінші орынды иеленіп, Оралға мерейі өсіп оралды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның ХХ сессиясында Елбасымыз ас­самблеяның басты міндеті - қоғам­дық келісім деп атап көрсет­кен еді. Ал ұлтаралық қатынас сан қырлы жұмыстың бір бөлігі екені белгілі. Ассамблеяның таяудағы сессиясында да алда тұрған мақсат-міндеттерді кеңінен талқылайтын боламыз. Елдегі береке-бірлікті, тыныштық пен келісімді сақтап, нығайта білу - басты міндет. Осы орайда Достық үйі сынды сән-салтанаты келіскен ғимараттардың ашылуы іске тың серпін беретін болады», - деді Ғ.Қапақов.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз