Оралда «Электронды қазақ үй» жобасы таныстырылды

9 қыркүйек күні «Жайық Пресс» ЖШС мәжіліс залында «Электронды қазақ үй» жобасы таныстырылды.

Жоба авторы, IT технология маманы, өнертапқыш Ғалымбек Қызырбекұлының мәлім еткеніндей, «Электронды қазақ үй» - иісі қазақтың игілігіне жарайтын таңдаулы заманауи тәрбие құралы. Киелі қазақ үйдің кішірейтілген нұсқасына бесік жыры, ертегілер, балалар әндері, халық және халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер мен Абайдың 45 қара сөзін қамтыған  1200 мазмұн енгізілген. Сондай-ақ пайдаланушылар радио тыңдап, түрлі құрылғылардағы әндерді қосып, ести алады. Ол әр қазақтың тілдік, сөздік қорын молайтып, ұлттық музыкаға деген ықыласын арттырып, рухын көтеріп, танымын байытады. Ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін өнім патенттелген, авторлық құқығы қорғалған, Елбасының жақсы бағасына ие болып, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің сараптауынан өткен, мазмұны сан алуан, ұлттық нақышпен безендірілген.

Сөйтіп «Ұлас-Электрон»ЖШС жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін «Электронды қазақ үй» жобасын жасап, көпшілікке ұсынып отыр. Электронды қазақ үй 4 негізгі бөлімнен тұрады: Бірінші бөлім - ертегілер.  150 ертегіні қазаққа танымал актер Айдос Бектемір мен алты алашқа аты мәлім әйгілі диктор Сауық Жақан оқыған. Бала санасына адами қасиеттерді сіңіріп, қазақтың бай фольклорлық мұраларымен сусындатып, тілдік қорын байытады.

Екінші бөлім - балалар әндері. Кең көлемде жинақталған балаларға арналған 167 ән енгізілген. Орындаушылардың дені - талантты жасөспірім және танымал әншілер.

Үшінші бөлім - күйлер. Бұл бөлімде дәулескер күйшілердің күйлері қамтылған. Ұлттық өнеріміздің кәусарынан мейлінше сусындауға бағытталады. 315 домбыра, 34 оркестрмен орындалған күй, 20 қобыз, 20 сыбызғы, 12 жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, адырна, шертер, 8 сазсырнаймен орындалған шығарма  енгізілген.

Төртінші бөлімде дәстүрлі ән, терме-толғаулар, бесік жырлары, 114 халық әні, 202 халық әнші-композиторларының әндері, 62 терме-толғау, 26 отаншылдық рухтағы ән, 7 бесік жыры, хакім Абайдың 45 қара сөзі бар. Ән-күйлердің ішінде Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Дәнеш Рақышев, Жәнібек Кәрменов, Нұрғиса Тілендиев сынды исі қазаққа есімі таныс әйгілі әнші-композиторлар өз орындауындағы шығармалар да бар.

Басқосуға белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, ақын-ұстаз Дариға Мұштанова, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин және басқалар қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз