Оралда майдангер С.Данилиннің 100 жылдығы аталып өтілді

Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында Ұлы Отан соғысының ардагері Семен Данилиннің 100 жылдығына орай мерейтойлық шара ұйымдастырылды.

Семен Акимович 1914 жылы 30 қыркүйекте Курск облысында дүниеге келді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан мезгілі еді. Сол жылғы қазан айында әкесі Аким Матвеевич майданға аттанып, көп ұзамай Орелде қаза тапты. Кейін Ұлы Отан соғысы кезінде дәл осы жерлермен жүріп өтерін кім білген. Сталинград шайқасында шыңдалып, капитан шенінде жүрген Семен Данилинді Курск иінінде полк командирі босатып, Орел түбінде жерленген әкесінің басына барып, тағзым етіп қайтуға рұқсат берді. Содан кейін майдан жолдары Днепр өзені, Украина, Польша жерлері арқылы жалғасты.  Талай кескілескен ұрыстарды бастан кешірді. Соғыстағы ерлігі үшін бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» және басқа медальдармен марапатталды.

Ішкі істер саласының ардагері, доғарыстағы полковник Семен Данилин бұдан бірнеше жыл бұрын өмірден озған зайыбы, соғыс кезінде партизандарға көмектескен Анна Павловнамен бірге үш қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір бәрінің де өз отбасы бар, жан-жақта ғұмыр кешкен ұрпақтары тамыр жайды, ортаншы қызы Татьяна ғана қасында, Оралда тұрады.

Майдангер ғасырды еңсерсе де, әлі ширақ. Қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, жас сарбаздарға ақылын айтудан жалықпайды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің басшылары мен жауынгерлері де өз ардагерін айрықша құрмет тұтады. 100 жасқа толған айтулы күнді де олар ұмыт қалдырған жоқ, қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін өңіріне төсбелгі тағып, сыйлықтарын табыс етті. «Елімізде Елбасы, мемлекет тарапынан майдангерлерге ұдайы қамқорлық көрсетіліп келеді. Қазақ жерінде ұзақ жасап, осындай құрметке бөленгеніме бақыттымын», - дейді С.Данилин.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз