Оралда әнші, сазгер Б.Қабиеваның «Ән-ару» атты шығармашылық кеші өтті

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында сазгер, әнші-термеші, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваның «Ән-ару» шығармашылық кеші өтті. 

Жалпақтал топырағында дүниеге келіп, 1972 жылы Алматы эстрадалық студиясында Ғ.Құрманғалиев класынан дәріс алған Баян әуелі қазіргі Қазталов ауданына қарасты сегізжылдық мектебінде еңбек жолын бастады. Ал 1990 жылдан бері Жалпақтал өнер мектебінде ұстаздық етіп келеді. Жанынан әнді серік еткен ол, ұстаздық етіп, алдынан талай шәкіртті ұшырды. Автордың 60-қа жуық әні бар. 1988 жылы құрған Қабиевтер отбасылық ансамблі бүгінде көпке танымал. Сондай-ақ, 2009 жылы Жалпақтал ауылдық мәдениет үйі жанынан Б.Қабиеваның бастамасымен «Шапағат» әжелер ансамблі құрылды.

Кеште мерейтой иесінің де әндері орындалды. Қабиевтер отбасылық ансамблі әннен шашу шашса, Астанадан келген айтыс ақындары, кеш иесінің қызы Жібек Болтанова, Айбек Қалиев, сондай-ақ батысқазақстандықтар Бауыржан Халиолла, Ертай Бимұханов, Жансая Мусина, Талғат Мықи ауылда жүріп-ақ өнердің өркендеуіне үлес қосып жүрген Баян Қабиеваға жырдан алқа тақты. Сонымен бірге, алыс-жақыннан арнайы келген бір топ шәкірттері дәстүрлі ән орындап, кеш көрігін қыздырды. «Шапағат» әжелер ансамблі мен «Қыз Жібек» тобының өнері де көрерменді тәнті етті. Ауылдан арнайы келген Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр өнер иесіне шығармашылық табыс тілеп, алғысхат тапсырды.

Ағайынның татулығын, ене мен мен келіннің жарастығын, отбасы бірлігін паш еткен әдемі кеш көрерменге ерекше жылылық сыйлады. 

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз