Оралда «ЖЖК-2020» бағдарламасы аясында кітапхана күрделі жөндеуден өтті

Оралда Горький атындағы кітапхананың күрделі жөндеуі аяқталуға жақын, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімі Алтай Көлгінов күрделі жөндеуден өткен М.Горький атындағы орталық кітапханада болып, нысанның бүгінгі келбетін өз көзімен көріп қайтты.

Бұрын апатты жағдайда деп танылған ғимаратты мердігер компания – «Балтемен» ЖШС толық жөндеуден өткізді. Жөндеу жұмыстарына жалпы 127 млн теңге қаржы бөлінсе, оның 114 млн-ы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы есебінен, қалған қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылған. Нысанды аралап шыққан қала әкімі Алтай Көлгінов жаңартылған оқу залдарына, кітап қоймасына бас сұқты. Іргетасы 1976 жылы қаланған аталмыш ғимаратта орталық кітапхана 1997 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Кітапхана директоры Гүлайым Ақашаеваның айтуынша, мұнда 150 мыңдай кітап қоры жасақталған. «Жөндеу жұмыстарынан кейін ғимаратымыз кітапхана жүйесіне сәйкестендіріліп, қайтадан жаңартылды. Екінші қабат түгелдей бұзылып, қайтадан тұрғызылды. Қалыпқа келтірілген жертөледе кітап қоймасы сақталатын болады. Алдағы уақытта интернет залын ашатын боламыз», – деді ол.

«Өткен жылы қаламызда төрт әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, үстіміздегі жылы жеті нысанды күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отырмыз. Ал 2015 жылы тоғыз әлеуметтік нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қаражаттың басым көпшілігі «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілуде. Ағымдағы жылы 900 млн-ға жуық қаражат осы әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге қарастырылды» , – деді шаһар басшысы.

Облыс орталығындағы 23 кітапхананың 19-ы қалаға тиесілі. Қаладағы 18 кітапхананың орталықтандырылған жүйесі болып саналатын мекеме алдағы мамыр айында өз жұмысын жалғастыратын болады.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз