Оралдың он бірінші мектебіне 90 жыл

Биыл ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешеніне 90 жыл толып отыр. Осыған орай аталған мектепте «С.Сейфуллин және Сәкен мектебі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Мектеп тарихы Сәкен есімімен тығыз байланысты. 1923 жылы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстанға келген қайраткер ақын Оралда бірде-бір қазақ мектебінің жоқтығын көреді. Содан кейін мектеп ашу жөнінде жергілікті органдарға ұсыныс жасайды. Сөйтіп С.Сейфуллиннің бастамасымен 1924 жылы Оралда аталмыш мектеп ашылды. Конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Жаңабек Жақсығалиевтің атап өткеніндей, бастапқыда білім ордасы жартылай панасыз балаларға арналған. Кейін №4 орта мектеп аталған ғимаратта Ұлы Отан соғысы жылдарында госпиталь да орналасты. Мектепке әр жылдары Хұсни Муньянов, Сәрсен Ақмұрзин, Жәлел Самарқанов, Мәриям Мамайқызы сынды білікті басшылар жетекшілік етті. 1989 жылдан ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» және Ы.Алтынсарин атындағы медальдардың иегері Ерсайын Сапаров басшылық жасауда.

Қазақстанға №11 мектеп ретінде танымал болған, атақты академик Асан Таймановтың ізі қалған білім ордасы қабырғасынан КСРО халық әртісі Роза Жаманова, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова, жазушы Қайыр Бектұрғанов, шахматтан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Шәмшиден  Мырзағалиев, белгілі айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев, самбодан әлем чемпионы Асқар Шайхиев сынды талай белгілі тұлғалар түлеп ұшты. 1964 жылы мектепке Сәкен есімі берілсе, 1994 жылы ақын ескерткіші ашылды. 1991 жылдан мектеп-лицей, кейін үш тілде оқытатын кешенге айналған қара шаңырақта тәрбиеленген шәкірттердің алды «Болашақ» бағдарламасына сәйкес шетелдік жетекші ЖОО-ларда білім алып, еліміздің әр жерінде табысты еңбек етуде. Республикадағы ең үздік мектептердің қатарына енген қара шаңырақта күні бүгін 905 шәкірт тәрбиеленуде.

Жиында сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр «Кеңсе тілі болмай, қазақ тілінің көсегесі көгермейді» деген Сәкен Сейфуллиннің қазақ деген халықтың өз атын қайтару мен мемлекеттік тілді орнықтырудағы өлшеусіз еңбегін атап көрсетті.

Кезінде «Он бірінші мектебі Оралымның» деп тебірене жырлаған мектеп түлегі, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева кеңес дәуірінде №11 мектептің Оралда қазақ тілінде сабақ беретін жалғыз білім ордасы болғандығын, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оның қатары көбейгендігін айтып, тіл мәртебесін көтеру баршаға ортақ міндет екендігін еске салды.

Конференцияда филолог-ғалым Зейнолла Мүтитегі, ақын Айсұлу Қадырбаева және басқалар Сәкен мектебі туралы өз ой-толғамдарын ортаға салды.
2 3 4 5 6 7 null  

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз