Отызыншы жылдары жазықсыз жазаланғандар қатарында Ш.Қарасаев та бар

Батыс Қазақстан облысында отызыншы жылдар зобалаңына ұшырап, жазықсыз жапа шеккендердің бірі - әкемнің інісі Шәпен Қарасаев. Бұл туралы ұзақ жыл Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ұстаздық еткен ғалым, тыл ардагері Әмірхан Қарасаев мәлім етті.

Оның айтуынша, Ш.Қарасаев 1905 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Бала жасынан білімге құштар жас өрен Жаңақаладағы алты жылдық қазақ мектебін бітіргеннен кейін 1923 жылы Оралдан шыққан бір топ жас (ішінде кейін белгілі экономист-академик, мемлекет қайраткері болған Қабдолла Шоланов та бар) Омбы қаласына барып, рабфакқа оқуға түседі. 1927 жылы ойдағыдай аяқтап, политехникалық институтта білімін жалғастырып, оны 1931 жылы бітіріп шықты. Сол кезде институт бітірген коммунистерді дереу партия, кеңес жұмысына бөліпті. Шәпен Қызылжар облыстық жер-су бөлімінде бір жыл қызмет атқарғаннан кейін Көкшетау аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланған. Ал 1934 жылы Орал гидротехникумының директорлығына ауыстырылған екен. Директор бола жүріп, обком аппаратында саяси оқу жүйесіне басшылық етеді. Сірә, оның бойындағы білім мен парасаттылықтың тығыз ұштасқандығының жарқын белгісі осы болса керек.

Өзін таныта білген ол 1935 жылы Қазталов аудандық жер-су бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Сол кезде мұнда аупартком хатшысы Б.Аймағамбетов, ауатком төрағасы С.Мусин, бас агроном Е.Абдошов еді.

Үрейлі де азалы 1937 жыл... Кенеттен Шәпен Қарасаев «халық жауы» атанып, партиядан шығарылып, қызметтен босатылды. Бұл 22 желтоқсан болатын. Оның отбасына қатерлі күн туды. Ішінде жетім қалған мен де бармын. Ағамызды тұтқындап алып кетті. Ақыры 1938 жылдың шілдесінде оның анасы, әйелі, екі баласы мен екі інісі жаяулап, азып-тозып, Жаңақалаға жетіп, сонда паналадық. Інісі Арош агроном, әйелі кассир болып жұмысқа кірді. Табыстары мардымсыз болғандықтан, балық аулаумен күнелттік. Мен бұл кезде әжемнің бауырында, ағамның шаңырағында 7-класта оқып жүргенмін. Ал Шәпен болса, Оралдың түрмесінде аяусыз азап шекті. Ол сот үкімі шыққанша екі жарым жылдай Орал-Жәнібек-Қазталов арасында айдауда жүрді.

Жалған кінәсін ағама мойындату тергеу орындарына қиынға түскенге ұқсайды. Ақыры 1940 жылдың ақпанында «үштіктің» шешімімен оған сырттай үкім шығарылып, 20 жыл жазаға кесілген. Сонан кейін жанкешті бауырымыз Краснояр өлкесіндегі Канск қаласындағы ағаш кесу зауытынан бір-ақ шыққан. Мұнда жұмыс өте ауыр, зілдей бөренелерді тией алмай жүрген. Айдаудағы адам жұмыс істей алмаса, тамақ жоқ. Талай рет сол үшін ішетін тамағынан қағылып қалыпты. Осында жүріп жоғарыға адалдығын айтып, 12 рет арыз жазады. Алайда оның хаттары Мәскеуге жетпей қалады. Күндердің бір күнінде ағамызбен бірге тұтқында жүрген Жәнібек аупарткомының хатшысы босап, елге қайтуға жиналады. Шәпен ағамыз оған: «Ал, Бәке, сен бақытты екенсің, елге барасың. Біз осында мәңгілікке қалатын шығармыз. Бірақ «үмітсіз шайтан» деген. Менің ышқырымда тігілген соңғы арызым бар. Соны сөгіп алып тегістеп, саған желімдеп берейін. Мәскеумен жүргенде Совнаркомның жәшігіне салып кет. Бұл - менің ең соңғы үмітім», депті. Өтініші орындалып, арызы Совнаркомның жалпы бөліміне түскен. Арызды кім қарағаны белгісіз. Әйтеуір, 1940 жылдың 31 наурызында Канск қаласының ішкі істер басқармасының бастығына «Сізде Қарасаев Шәпен деген тұтқын болса, бір тәуліктің ішінде босатып, нәтижесін бізге хабарлаңдар!» деген жеделхат келіп жетеді.

Сол күні босаған ағамыз дереу еліне тартады. Әуелі Омбы облысының Есілкөл ауданындағы қайын жұртына келіп, дем алып, есін жинайды. Араға ай салып, 14 мамырда аман-есен Жаңақалаға оралған. Оны келгенде танымай қалдық. Шашы ағарған, беті әжім-әжім, тістерін қағып алып, кемиек болып қалған, жүйкесі әбден тозған, сіркесі су көтермейтіндей халде екен. Жылап-сықтап, бәріміз жабысып жатырмыз. Ағамызбен бірге қайын атасы да келіп, «Біздің елде «халық жауы» деген сөз жоқ. Еліңіз әбден бұзылған, бізге қарай көшіңдер» деп үгіттеді. Нәтижесінде, маусымның алтыншы жұлдызында бізді елден көшіріп әкетті. Шыны керек, барған жерімізде де ешкім құшақ жайып қарсы ала қоймады. Шәпен - бұрынғы «халық жауы», екінші ағам Арош орысша жөнді білмейді. Қазақша 8-класс бітірген менің орысшамның да оңып тұрғаны шамалы. Енді үлкен отбасына күнкөріс қиынға түсті. Соның салдарынан Арош ағам Жаңақалаға кері оралып, агрономдық жұмысына қайта кірді. Мен әрі қарай оқи алмай қалдым. Талайға қайғы-қасірет әкелген 1941 жыл да басталды. Мен үйге кіріп-шығып жүріп, Шәпен ағамның 12 сәуір күні әйеліне айтқан әңгімесін естідім. Сол әңгіме әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ол әйеліне биыл немістермен соғыс болатынын, оның ұзаққа созылатынын, тума-туыстарын жат елге әкелгеніне өкінетінін, егер анасы дүние салса, сүйегі бөтен елде қалатынына қатты қайғыратынын айтты. Осы әңгімені әжеме айтып, екеуміз бір сағаттай жылап та алдық.

Қайран қалатыным - ағамыздың көрегендігі және айтқанының айнымастан келуі. Қиын тұрмыстан құтылу жолын іздеп, Шәпен ағамыз көп ұзамай Алматыға жүріп кетті. Онда өзімен баяғыда бірге оқыған Қ.Шоланов мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Ахмет Дауылбаев ауыл шаруашылығы халық комиссары, Ж.Шаяхметов Қазақстан Орталық партия комитетінің бөлім бастығы екен. Олар бауырыма «Тұрған жеріңнен есептен шығып кел. Партия мүшелігіңді қалпына келтіріп, Батыс немесе Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттеріне жауапты қызметке жіберейік» дейді. Үйге қайтып келе жатқанында, Омбыдан соғыс басталғанын естиді. Үйге келген соң ешқайда кетпеуге қолхат берген.

Ағамыз 1941 жылдың 12 тамызында әскерге алынып, өзінен он жас кішілермен бірге екі айға жақын дайындықтан өтіп, рота командирі, капитан шенінде Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқасқа араласады. Сол күні хат жазып, өзінің қатты жараланғанын айтып, бізбен қоштасқан. Маған арналған қосымша қағазда былай депті: «Сені де алар, сірә, бұл соғыс көпке созылар. Тірі қалсаң, анам саған аманат. Сіздерді бөтен елге апарып, шашып кеткен күнәмді арқалап кетіп барамын. Арош та кейін оралмай ма деп қорқамын». Айтса айтқандай, Арош ағам 1942 жылы Жаңақаладан майданға алынып, Станлинград шайқасында қаза тапты.

Шәпен ағамнан қалған жалғыз тұяқ, қызы Жұмағаным Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданында өмір сүріп, жуырда қайтыс болды. Ағай майданға аттанғанда қызы бес айлық болатын. Соғысқа аттанар алдында қызын алдына алып, суретке түсіпті. Суреттің сыртына «Қызым, соңыра бойжетіп, адам болғанда «әкең қайда?» деп сұраған адамға Совет-Герман соғысында опат болды деп айтарсың» деген өзінің қолтаңбасы бар. Сол сурет әлі сақталған, қарындасым анда-санда қарап, оқып жылап алатын. Ағамның үш жиені өсіп, адам болды. Міне, қара басынан гөрі халықтың қамын жоғары қойған, елі үшін аянбай еңбек еткен, Отанын қорғап, қаза тапқан қазақтың арыс ұлдарының бірі - Шәпен ағаның ғұмыры осылай келте қайырылды.

Ағаммен бірге Қазталовта қызметтес болған сол кездегі аудандық прокурор Ә.Мұқашев, аудандық жер-су бөлімінің агрономы Есбол Абдошев, бас мал дәрігері Е. Қамешев оның ерекше білімділігін, биік парасаты мен адалдығын жоғары бағалап, құрметпен еске алған-ды.

«Сонау саяси қуғын-сүргін жылдары қаншама боздақтар еліне барын бере алмай, қыршынынан қиылды десеңізші?! Олар қуғынға ұшырамай, тірі қалғанда, өміріміз бұдан да нұрлы, бұдан да тамаша болар ма еді?! 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай мен Шәпен ағамның рухына тағзым етуді парызым деп есептеймін», - деп түйіндеді ойын Ә.Қарасаев.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз