Өзін «полиция қызметкерімін» деп, қызды алдаған жігіт ұсталды

Орал қаласында алаяқтықпен айналысқан тұрғын алысқа ұзамады.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 23 мамыр күні Оралдағы көңіл көтеру орындарының бірінде бейтаныс жігіт өзін айналасындағыларға «полиция қызметкерімін» деп таныстырады. Сол мезетте «А» деген азаматшаның әмияны қолды болады. Әмиянының ішінде ақшасы мен жеке куәлігі болған екен. Абдырап қалған қыз бала әлгінде өзін «полицеймін» деген жігітке жүгініп, көмек сұрайды. Ал полициясымақ бәрін сықитатын болып, уәдені үйіп-төгіп, кім ұрлағанын анықтауға көңіл көтеру орнынан бейнежазбаны алу үшін оларды ризалау керектігін тілге тиек етіп, сыйақы сұрайды. Оның құрғақ уәдесіне әбден сенген жәбірленуші сұраған сыйақысын береді. Сөйтіп, ол сыбағасын қалтасына басады да, «хабар күт» деп, тайып тұрады.

Бірнеше күн өтеді, еш хабар болмайды. Бармағын тістеп қалған «А» деген азаматша енді шын полицияға жүгінеді.

БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері 30 мамыр күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алдамшы «полицейді» құрықтады. Ол 24 жасар «А» деген азамат, ешқандай да полиция қызметкері емес болып шықты. Істеген ісін толық мойындады.

Бұл азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 177-бабы 1-бөлімі (алаяқтық) бойынша өндіріс қозғалды. Енді ол заң алдында жауап беретін болады.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз