Самбо: А.Шайхиев турнирінде қазақстандықтар жеңіске жетті

Орал қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан 1989 жылғы әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Асқар Шайхиевті (1963-2000) еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде қазақстандықтар жеңіске жетті.

Биылдан бастап халықаралық мәртебесін иеленген аталмыш жарысқа Қазақстан облыстарынан басқа, Ресей, Өзбекстан, Армения елдерінен, барлығы он команда құрамында 150-дей жас самбошы қатысып, бақ сынады. 

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, салмақ дәрежелеріне қарай Аманбек Құлқаев (48 кг), Нұрболат Сенғалиұлы (52 кг, екеуі де Маңғыстаудан), Сүйіндік Жетпісбаев (56 кг, Шымкент), Сұңғат Жұбатқан (60 кг, Маңғыстау), Серікбай Нығмет (65 кг, БҚО), Дәурен Болатбекұлы (70 кг, Атырау), Ерасыл Жаңатаев (75 кг, СҚО), Ерболат Қырым (81 кг, Ақтөбе), Нұржан Төлеубай (81 кг жоғары, Қарағанды) жеңімпаз атанды. Батыс Қазақстаннан сондай-ақ Әділбек Сейісов күміс, Досбол Кеңесов, Дастан Есқайыр, Нұрсұлтан Мырзахметов, Аңсарбек Ғайнуллин, Райымбек Амантұрлин, Теміржан Көлбаев, Дәурен Ғабдуллин қола жүлдені еншіледі. Өзге елдерден армениялық Данел Габриелян екінші орыннан көрінсе, ресейліктер Сергей Пантелеев күміс, Владимир Сафронов қола жүлдемен қайтты.

Бұдан былай аталмыш турнир халықаралық деңгейде жыл сайын өтіп тұрмақ.
Айта кетейік, жуырда Оралға қарасты Зачаган кентіндегі «Сарытау» шағынауданындағы бір көшеге Асқар Шайхиевтің есімі берілді.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз