Сенатор Б.Әйтімова туған ауылының тұрғындарымен жүздесті

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова кездесуді туған жері Зеленов ауданы Белес ауылынан бастады.

Ауылдастарымен құшақ жая көрісіп, емен-жарқын әңгімелескен сенатор елімізде болып жатқан оңды өзгерістердің Елбасы саясатының арқасы екендігін атап өтіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді тұстары жөнінде баяндап берді.

«Мен қай жерде, қай елде болсам да, елімді ұмытқан емеспін, қазақ жерінде дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Менің Отанға деген махаббатым осы Белес ауылынан басталады. Өйткені ең қатты сыншым да, ең күшті қолдаушыларым да осы жерде», - деді Б.Әйтімова.

Бірғаным Сарықызы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ауылдық клубта «Туған елге сағыныш» концертін тамашалады. Кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен: «Мен сіздің шәкіртіңіз болғанымды мақтан етемін. Менің білім алып, жетістікке жетуіме сіздің де қолұшыңыз тиді. Әрқашан өз биігіңізден түспеңіз», - десе, одан кейін сөз алған аудан әкімі Кәрім Жақыпов: «Сіздей қайраткер тұлғаны қарсы алу біздер үшін мақтаныш. Ауылыңызға келіп, жерлестеріңізбен кездесуіңіз сіздің қандай елжанды адам екеніңізді көрсетеді»,- дей келе аудан жұртшылығы атынан сыйлық тарту етті.

Сенатор бүгін Орал қаласындағы түрлі білім беру нысандарында болып, оқу орындары басшыларымен жүздесті. Ертең облыстық клиникалық аурухана, перинаталдық орталық, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, қарттар үйі және Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округіндегі «Атамұра» шаруа қожалығында болып, олардың да тыныс-тіршілігімен таныспақ.

http://kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз