Соғыста эскадрон командирі болып, аудандарда басшылық қызметтер атқарған Т.Жұмақаевтың 100 жылдығы аталып өтілді

Өңірде Жымпиты, Қаратөбе, Тайпақ аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет жасаған, Ұлы Отан соғысы ардагері Төлеген Жұмақаевтың (1914-1984) 100 жылдығы Ақжайық ауданының орталығы - Чапаевта аталып өтілді.

Т.Жұмақаев майдандағы ерлігі, бейбіт өмірдегі қажырлы жұмысы, ұйымдастырушылық шеберлігі үшін Қазақстан Компартиясы съездерінің бірнеше мәрте делегаты, VII сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Жауынгерлік Қызыл Ту, Отан соғысы, «Даңқ», Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте Ленин орденінің иегері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі атанды.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде лейтенант шенінде №83 атты әскер полкінің 54-ші атты әскер эскадронының саяси жетекшісі болды. Көп кешікпей №98 атты әскер полкінің 25-дивизиясының эскадрон командирі болып тағайындалды. Соғыстың бастапқы кезінде-ақ командованиенің күрделі тапсырмаларын жанқиярлықпен орындаған Төкең 1942 жылы Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталады. «Отвага» газетінің 1942 жылғы 23 ақпан күнгі санында: «Лейтенант Жұмақаев бастаған 15 жауынгер жау тылындағы қалың орман ішінде келе жатып, күтпеген жерден немістің 250-дей солдаты бар колоннасымен кездесіп қалады. Лейтенант Жұмақаев бірінші болып жау офицерін атып өлтіріп, «Өлсек те, тұтқынға берілмейміз!» деп ұран тастайды. Оның өжет қимылы қалған жауынгерлерге жігер қосты. Олар ерекше батылдықпен шабуылға шықты. 60-тан астам солдатын жоғалтқан фашистік колонна шегінуге мәжбүр болды. Отряд жауынгерлерінің бұл ерлігі басқаларға үлгі болды» деп жазыпты. Тағы да сол «Отвага» газеті 1942 жылғы 4 наурыздағы №397 санында саяси жетекші И.Быков «Тегеурінді шабуыл» мақаласында Ф. деревнясын дұшпаннан азат ету шайқасында дұшпанның 3 офицері, 120 сарбазы құртылып, бір офицер тұтқындалуында Жұмақаевтың ерлігі ерен екенін жазған.

Ел басына күн туғандағы оның осындай ерліктерімен қатар, бейбіт майдандағы ерекше еңбегі хақында мерейтойға облыстың жер-жерінен жиналған бұрынғы жұмыстастары, шәкірттері кеңінен баяндап берді. Қаратөбеде соғыстан кейін 30 ұжымшардың жұмысын қалпына келтірудегі, Жымпитыда ірілендірілген шаруашылықтарды нығайтудағы, Тайпақты басқарған кездегі Қазақстан Компартиясы мен СОКП Орталық Комитеттерінен қошемет естіген қызметі әлі күнге ел аузында екені айтылды. Аталған аудандарда жылдар жүзінде бас маман, жетекші маман және шаруашылық басшылары болып табылған 200-ден астам адам оны өзінің ұстазы деп білді. Мерейтойда Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев аудан тарихын, кезінде жұртына қадірі асқан саңлақтардың ерлігі мен еңбегін тереңірек білу мақсатындағы жұмыстар жүйелене түскенін, басылымдар шығарылып, мұражайлар ашылып жатқанын жеткізді.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз