Тату елдің тойы көп - В.Боричевская, «Радуга» славян ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі

Елбасының салиқалы саясаты арқасында Қазақстанда сан ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді.

 Бұған еліміздің қай аудан, аймағына барсаң да, көз жеткізуге болады. Соның ішінде 21 ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын Ақжайық ауданы да татулық пен тұрақтылық мекеніне айналып отыр. Бұл туралы Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының мүшесі, «Радуга» славян ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Боричевская мәлім етті.

«Түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүріне құр­метпен қарау рухани тұтас­ты­ғымызды байыта түсуде, - деді ол. - Түпкі жұрт өздерінің салт-дәстүріне, тіліне жетік өзгелерді «қазақ болып кеткен» деп айтып жатады ғой. Сондай жандар, әрине, жетерлік. Олардың «Осы мен кейде қай ұлттың өкілімін деп ойланып қаламын» деген әзіл­дерінің өзінен шындық еседі. Әсіресе, олардың ұлт құндылықтарынан хабардар болуы, мемлекеттік тілді үйреніп, оның деңгейін көтеруіне атсалысуы құптарлық-ақ. Мәдениет үйлерінде, кітапханаларда үйір­мелер, отаулар соған қызмет жасауда. Бұларда өтетін кездесу сағаттарына, дәрістерге тіпті еңбек ардагерлері, қариялар да қызығушылықпен қатысады. Мен негізгі қызметім мұғалімдіктен қолым қалт етсе, сондай барлық істің, жұртшылықтың ортасында болуға тырысамын. Мұны Қазақстан халқы облыстық ас­сам­блеясының мүшесі ретінде өзімнің жұмысым және боры­­шым деп ұғынамын. Аудан әкімі Нариман Төреғалиевтің қол­­дауы­мен осыдан бір жыл бұрын Ча­паевта «Радуга» славян ұлттық-мә­дени орталығы құрылды. Оның жетекшілігіне ауылдастарым ме­ні таңдады. Бұл зор сенімге, әри­не, қарымды қызметпен жауап беруге тиістімін. Орталық мүшелерінің жұмылуының ар­қа­сында, айталық, ауылдар өкі­лінің қатысуымен «Ұлттар мә­де­ниетінің қайнар көзі», «Фольклор қазынасы», «Ардагерлер - алтын қорымыз», «Жалпыға ор­тақ еңбек қоғамына 20 қадам - бақытымыздың бастауы» атты шаралар, жүздесулердің бергені көп болды. «Радуганың» өз хоры дәстүрлі ән, жырларды насихаттауымен қысқа уақытта-ақ өңірге танылды. Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлайтын, әйел­дер мен жастардың азаматтық белсенділігін дамытатын, кәсіп­керлердің құқығын қорғайтын 8 үкіметтік емес ұйыммен, 18 ауылдық округтегі қоғамдық келісім кеңестерімен тығыз ын­тымақта жұмыс жасаймыз.

Ұлтаралық және дін­аралық татулықты насихаттау­да, жас­тар­ды отансүйгіштікке баулу­да, қазақтың, этностардың мә­де­ниеті мен салт-дәстүрле­рі­нің өміршеңдігін көрсетуде «Жа­сай бер, Жұбан елі!» атты көр­кем­өнер­паздар ұжым­дары фестивалін де бірлесіп ұйымдас­тырдық. Бергені мол осындай шуақты шаралар тәжірибесін бар­лық кезде толық пайдаланатын боламыз.

Ассамблея институтын ны­ғайту жөнінде мемлекеттік маңызы бар қадау-қадау бағ­дарлар бізге жігер үстейді. Ұлттық саясат­ты іске асыруға мемлекетімізге хал-қадірімізше үле­­сімізді, көмегімізді ешқашан ая­­маймыз. Өйткені Қазақстан - ортақ ша­ңырағымыз. Тату елдің тойы көп дейміз. Бұл - ортақ қуанышымыз, еңбектегі жетістіктеріміз, ұрпақ тәрбиесіндегі алымды істері­міз, ертеңге зор сеніміміз, тыны­ш­тығымыздың қадірін баға­лау­ы­мыз деген сөз. Лайым осыдан жазбасын», - деп түйіндеді ойын В.Боричевская.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз