Теміржол вокзалы, өртке қарсы қызмет ғимараттарына ілінген мемлекеттік ту жыртылған - БҚО

Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау - әр азаматтың абыройлы борышы. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия отырысында айтылды.

Отырыста «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» Заңның сақталу барысы туралы бірқатар мемлекеттік органдар басшыларының есебі тыңдалды. Жиында аталып өтілгеніндей, өткен жылы қыркүйекте мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия Туды дұрыс орналастырмау, Елтаңба мен Әнұранды орнымен пайдаланбау, мемлекеттік рәміздердің техникалық талаптарға сәйкес келмеуі сынды кемшіліктердің бетін ашып берді. Осыған орай өңір басшысы бірқатар жергілікті атқарушы органдар атына сын айтты. Атап айтқанда, мемлекеттік рәміздердің талапқа сай келмеуі облыстық мәслихат, облыстық және қалалық салық департаменттері, Сырым аудандық ішкі саясат бөлімі, Теректі, Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер, Сырым, Зеленов, Бөрлі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет бөлімдері және басқа ғимараттарда орын алған.

Облыстық әділет департаментінің басшысы Әсия Мұхитованың еске салғанындай, мемлекеттік рәміздер туралы заң талаптарын орындау - азаматтардың конституциялық парызы. Сондықтан оны мүлтіксіз орындау Отанға деген құрметті білдіреді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенованың сөзіне қарағанда, аталған заң талаптарын орындамау азаматтардың немқұрайлылығынан туындап жатады. Мәселен, теміржол вокзалы, өртке қарсы қызмет ғимараттарына ілінген мемлекеттік ту жыртылған. Аталған мекемелер басшыларына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ облыстық прокуратура мен техникалық реттеу және метрология департаментімен бірлесе отырып, бірқатар мекемелерге мемлекеттік рәміздердің пайдалануына тексеру жүргізілгенде, заңбұзушылықтар ашылды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекеттік рәміздерді құрметтеу бағытында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстарын белсендірек жүргізіп, бұл мәселеге мемлекеттік орган болсын, жеке кәсіпорын болсын, әр мекеменің басшысы жауапкершілікпен қарауы керектігін атап көрсетті.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз