Тұтқынға түскен жауынгердің тағдыры жетпіс жылдан кейін анықталды

Соғысқа дейін қазіргі Тасқала ауданында тұрған Ибраш Күнтаевтың тағдыры 70 жылдан кейін анықталды.

Семиглавый Мар орта мектебінің кітапханашысы Гүлбаршын Ғазизованың айтуынша, Ибраш Күнтаев 1907 жылы 25 қаңтарда Камен (Тасқала) ауданы Крутой ауылында дүниеге келген. 1921 жылдың аштығында ата-анасынан, ортаншы ағасынан айрылған Ибраш Қайыржан деген ағасымен жетім қалады. Жергілікті кулак Антип Астраханкиннің малын баға жүріп, сауатын ашады. 1932 жылы Шөкенайға үйленіп, одан Құсайын, Серік, Азамат және Алтыншаш есімді перзенттер сүйеді. 1937 жылы Крутой ауылында колхоз ұйымдастырылып, Ибраш Күнтаев әуелі егіс бригадасының бригадирі, кейін колхоз төрағасы болады. Ол басқарған колхоз көп ұзамай алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналады.

1941 жылы соғыс басталғанда, И.Күнтаев алғашқылардың қатарында майданға аттанды. Әуелі Қиыр Шығысқа, кейін Батыс майданына ауысып, атты әскер құрамында көптеген ұрыстарға қатысады. 1943 жылы 5 тамыз күні Смоленск қаласы түбіндегі шайқастан И.Күнтаев кейін қайтпай, хабарсыз кетеді. 2009 жылға дейін оның тума-туыстары жауынгер тағдырын анықтай алмады. Тек сол жылы И.Күнтаевтың шөбересі, Құсайынның немересі Бақтияр ғаламтор арқылы атасының есімін Маутхаузен (Австрия) концлагеріндегі тұтқындар қатарынан табады. Ал 2011 жылдың көктемінде И.Күнтаевтың тағы бір шөбересі Шолпан Махимова (аудармашы) Италияға қызмет бабымен барған кезінде мемориалды кешеннен атасының да аты-жөнін оқып, өз көзімен көреді. Маутхаузен қаласы әкімшілігімен И.Күнтаевқа қазақ тілінде жазылған ескерткіш  тақта орнату жөнінде де келіседі. Сол жылы жазда И.Күнтаевтың ұлы, 77 жастағы Құсайын мен қыз-күйеуі, 72 жастағы Алтыншаш пен Амангелді алыс Австрияға сапар шегіп, ескерткіш тақтаны қояды. Әкелері қайтқан орыннан бір уыс топырақ әкеліп, оны аналары Шөкенайдың бейітінің жанына қояды.

Сөйтсе, И.Күнтаев Смоленск түбінде 1943 жылы тұтқынға түседі.  Маутхаузен концлагерінде 1944 жылға дейін ұсталып, сол жылдың 6 қарашасында жендеттер оны газ камерасына жағып жібереді.

Ерін өмір бойы күтумен өтіп, оның тағдыры жөнінде біле алмаған Шөкенай 83 жасында көз жұмса, қазір И.Күнтаевтың 9 немересі, 11 шөбересі, 4 шөпшегі бақытты ғұмыр кешуде.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз