Жаңадан көкөніс қоймалары салынуда

Орал қаласында көкөніс қоймалары салынуда. Соның бірін «ОралАгроСервис» ЖШС тұрғызуда.

Серіктестіктің жоба жетекшісі Сергей Киришевтің айтуынша, өнімді өсіру бар да, оны сақтау бар. Осы мақсатта екі ескі ғимараты бар жер алынған. Ескі ғимарат қалпына келтіріріліп, қоймаға айналдырылғанымен, көлемі аздық етті. Енді оның жанынан жаңа қойма құрылысы басталды. 2,5 тоннадай үйме, 2 мың қап картоп-пияз сақтауға болады. Жұмыс голландиялық технологиямен жасалады. Жаңа қойма үшін де құрал-жабдықтар әзір тұр. Технологияның заманауи жетістіктерін қолдану арқылы салынып жатқан қойма кез келген дәнді дақылдың бұзылмай сақталуына мүмкіндік береді. Қойма ішінің ауасы компьютер арқылы бақыланып отырылады.

Серіктестік «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында 300 млн. теңге жеңілдетілген несие алған. Қазір жұмыстың екінші кезеңі қаржыландырылуда.

«Қазагроқаржы» БҚО филиалының директоры Төлебай Меңдіоразовтың мәлім еткеніндей, бұл жоба ұлттық қор есебінен 6 пайызбен 12 жылға қаржыландырылды. Жаңа технологиялар өнімді алғашқы күйінде сақтауға мүмкіндік береді. Күзде жиналған өнім қоймаға кіргізілгеннен кейін есік-терезесі жабылып, температура мен ылғалдылықты технологтар сыртынан компьютер арқылы қадағалап отырады. Алты генератор қойылған. Олар ішке өнімді сақтауға қажет ауаны ғана жібереді.

«Батысқұрылыс» ЖШС жүргізіп жатқан екінші қойманың құрылысы тамыз айында аяқталмақ. Мұнда облыстың басқа да шаруашылықтарының өнімі сақталмақ. Сондай-ақ «Оралагросервис» облыс орталығында 20 көкөніс павильонын ашуды жоспарлап отыр. Олардың орны мен жобалық құжаттары дайын.

Қойма құрылысымен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оған қолдау танытты. «Келетін өнімнің мөлшерін, павильон орналасқан жердегі халықтың санын дұрыс есептеу қажет. Қазір көкөніс өнімдерін сататын жабайы базарлар көп. Сондықтан санитарлық нормаларға сай, өнім бағасын да делдалдар белгілемей, өндірушінің өз бағасымен сатылатын бұл павильондар жобасын тезірек іске асыру қажет. Осы қарқын сақталса, жақында облыс өз қажеттілігін толықтай өтейтін болады. Сонда қыс мезгілінде өнімнің жетіспеушілігінен туындайтын баға ауытқуларының алдын алатын боламыз. Облыста сыйымдылығы 30 мың тонналық қоймалар бар. Біздің қажеттілігіміз - 50 мың тонна. Егер жалпы алғанда, 100 мың тонна қоймамыз болса, бұл бағыттағы барлық мәселелеріміз шешімін табар еді», - деді әкім.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз