Жайық, Қараөзен мен Сарыөзенде су тасқыны қалыптағыдан жоғары болмақ - БҚО

Батыс Қазақстан облысы аумағындағы өзендерде сеңнің жүруі 20 наурыздан басталады деп күтілуде.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қадыр Бисембаевтың айтуынша, өңірде үлкенді-кішілі 200-дей өзен-көл бар. Әсіресе, Ресейден бастау алатын Жайық, Қараөзен мен Сарыөзенде су тасқыны қалыптағыдан жоғары болмақ. Шаған, Деркөл, Елек сынды өзендер де тосын мінез көрсетуі әбден ықтимал.

Жайық өзеніне Орынбордағы Ирикла су қоймасынан 7-20 наурыз аралығында жіберілетін су көлемі - секундына 360,0 текше метр (өткен жылы осы мезгілде 120 текше метр болған еді).

Төтенше қорда 511,9 млн. теңге қаралса, бірінші кезектегі шараларға 152 млн. теңге жұмсалуда. Облыста қар шығару, арық тазарту, шалшық су сору жұмыстары жалғасуда.

Өзендерде мұз жару жұмыстарына «Азимут Энерджи Сервисез» ЖШС-дан үш бригада, «Евро Азия Эйр» АҚ-дан бір тікұшақ алынады. 20 наурыздан өңірдегі 22 гидрологиялық бекеттен судың өтуі жөнінде мәлімет түсе бастайды. Су тасқыны күшейген жағдайда басқа да техникалар тартылады. Облыста 2 мыңға жуық адам, 695 техника, 36 жүзу құралы жұмыс жасамақ.

Облыс орталығы мен аудандарда шамамен 15-тей эвакуациялық қосын (соның ішінде Орал қаласында 1200 адамға арналған 8 қосын) әзірленбек. Облыс әкімі мен төтенше жағдайлар департаменті резервінде өзге де құрал-жабдықтар бар.

Бұған дейін облыс орталығындағы қауіпті аймақтар тексерілсе, осы аптада Зеленов және Тасқала аудандары бақыланбақ. 20 наурыздан департаментте жедел топтар тәулік бойы кезекшілік ететін  болады.

Еске сала кетейік, 2011 жылғы қарғын кезінде Орал қаласы, Зеленов пен Тасқала аудандарына қарасты елді мекендер суға кеткен болатын.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз