Жазықсыз сотталғанның бірі - өңірде басшылық қызметтер атқарған И.Елеубаев

Батыс Қазақстан облысында жазықсыз сотталғандардың бірі - өңірде басшылық қызметтер атқарған Исмағұл Елеубаев. Бұл туралы Қазақстанның құрметті журналисі, Жаңақала ауданында тұратын соғыс және еңбек ардагері Мәжит Жаданов баян етті.

Оның айтуынша, Исмағұл Хұсайынұлы 1906 жылы Атырау қаласында қарапайым жұмысшының отбасында дүниеге келді. Жастайынан еңбекке ерте араласып,  елгезек, кішіпейіл қасиеттерімен танылып, Атырау қаласындағы түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеді.

1924 жылы Орал қаласындағы екінші дәрежелі партия-кеңес мектебін үздік бітіріп, 1929 жылы БК(б)П мүшелігіне өтеді. Исмағұл Хұсайынұлының адамгершілігі мен ұйымдастыру қабілеті Жаңақала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген жылдары айқын аңғарылды. Ол ауданды басқарған жылдарда партия мүшелерінің қатары көбейді. Ауданда ұйымдастырылған 47 ұжымдық шаруашылықтардағы қоғамдық мал басы өз төлі есебінен көбейді. Мәдени-әлеуметтік нысандар ашылып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсету ырғақты іске айналды. Ауыл тұрғындары жаппай сауаттылыққа бетбұрыс жасап, кешкі мектептерде оқыды.

№15 сайлау округінен депутат болып сайланған Исмағұл Хұсайынұлы 1924 жылдың желтоқсанынан 1932 жылға дейін Батыс Қазақстан облыстық кеңесінің депутаты болып, сайлаушылар аманаттарын қалтқысыз орындау жолында адал қызмет атқарды.

Қызмет бабында іскерлік қасиеттерімен танылған Исмағұл БК(б)П Батыс Қазақстан облыстық комитетінің екінші хатшысы болып жоғарылады. Кейін 1938-1939 жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді. Осы уақыттарда ол Жайық өзенін сол маңдағы Қабыршақты өзеніне қосу үшін Көшім каналы құрылысын жүргізу жөнінде бастама көтерді. Ол бастама шабындықтар мен мал жайылымдарын суландыруға негіз болды. Сөйтіп, «Бүкілхалықтық құрылыс» атауына ие болған Көшім каналының құрылысы 1939 жылдың көктемінде басталды. Каналды күрекпен қазу, топырағын теріден жасалған сүйретпеге тиеу, оны қос өгізге тіркеп, канал жағасына шығару жұмыстары қол күшімен атқарылды.

Ұлы Отан соғысының басталуымен Көшім каналының суару-суландыру жүйесі тоқтап қалды. Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қайтадан қолға алынып, Бітік бөгені, Дөңгелек бөгені, Киров бөгені салынып, құрылыс 1947 жылы аяқталды.

И.Елеубаевтың халық игілігі үшін тындырған елеулі еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» ордені және БОАК Құрмет грамотасымен марапатталды. Исмағұл Хұсайынұлы аталмыш наградаларды Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің (БОАК) төрағасы М. Калининнің өз қолынан алды.

Исмағұл Хұсайынұлы Мәскеу қаласындағы БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы партия ұйым-дастырушыларын даярлайтын жоғары мектебіне (В.И.Ленин атындағы саяси академия) 1940 жылдың 1 қыркүйегінде оқуға түсіп, оны 1941 жылдың 15 шілдесінде бітіріп шықты. Саяси академияны бітірген соң қанды майданға аттанып, кескілескен бір ұрыста қоршауда қалып, тұтқынға түседі.

Соғыстан соң Исмағұл Елеубаев Отанға опасыздық жасады деген желеумен он жылға сотталады. Табаны күректей 10 жыл бойы қапаста болған ол 1955 жылы ғана босап шықты. Солақай саясаттың салдарынан жалаға ілігіп, зорлық-зомбылықтың зауалын басынан өткізген Исмағұл бағымына бір табын ірі қара мал алып бағып, бейбіт еңбекке араласты. Оған қоса моторист болып шаруашылықтың плантациясында егілген көкөніс түрлерін, мал азығы үшін екпе шөп алқабын суландырды.

Қарапайым қол еңбегінің үлгісін көрсетіп, айтып жүретін істерді тындырып, жоғары көрсеткішке жеткен Исмағұл Хұсайынұлы халық депутаттары Жаңақала аудандық кеңесі атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, «Тың және тыңайтылған жерді игергені үшін» медалімен марапатталды.

Исмағұл зайбы Күләнмен бірге Жасұлан, Ербол есімді ұлын тәрбиелеп өсірді. Бірақ өзегін үзіп көрген перзенттерінің қызығын көре алмай, 1959 жылы өмірден озды.

Қазақстан Республикасы Әскери бас прокурорының 1999 жылғы 12 наурыздағы шешімімен Елеубаев Исмағұл Хұсайынұлы өзіне тағылған барлық айып-кінәдан ақталды. Осындай жағымды хабарды оның көзі тірісінде естіп-біле алмай фәни жалғаннан өткені, әрине, тым өкінішті.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз