Жекеменшік иелігіндегі тарихи нысандарды жөндеу қиынға соғып отыр

Тарихи ескерткіштерді сақтаудың, қалпына келтірудің маңызы зор. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенконың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында тарихи ескерткіштерді қорғау тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова атап өткендей, өңір тұрғындарының көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді Мәжіліс депутаттарына жеткізіп, оларды шешу жолында бірлесіп жұмыстану қажет.

Тарихи-мәдени ескерткішке бай Оралдың тарихи бөлігіне қатысты жергілікті маңызы бар сәулеттік ескерткіштерді реставрациялауда туындап отырған мәселелер баршылық. Мемлекеттік мекемелер орналасқан тарихи ескерткіштер санатындағы ескі ғимараттар мен үйлерді жөндеуге мемлекет қаржы бөлгенімен, жекеменшік иелігіндегі тарихи нысандарды жөндеу қиынға соғып отыр. Өйткені үй иелері қаржы тапшылығын алға тартып, құлықсыздық танытады. Жиында қаладағы тарихи ескертікіштерді кезең-кезеңмен қалпына келтіруге қаржы табу мәселесі көтерілді. Облыстағы тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиевтің айтуынша, алдымен Орал қаласының тарихи-сәулеттік тірек жоспарын жасақтау қажет. Тарихи-мәдени ескертікіштерге залал келтірмеу үшін қала жоспары осы тірек жоспарына сай жүргізілуі тиіс.

Жалпы, өңірде 14 республикалық, 2140 жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш сақталған. Қазақстан халқы БҚО Ассамблеясының атқарушы хатшысы Ғайса Қапақов тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мәселесімен айналысатын бастамашыл топ құру жөнінде ұсыныс айтты. Сондай-ақ басқосуда мұндай топты құру мен оның жұмысын ұйымдастыру мәселелерін «Мирас» қоғамдық ұйымына жүктеуге болатыны да айтылды.

http://kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз