Он жеті қазақ жауынгерінің ерлікпен қаза тапқанына 19 жыл толды

Тәжік-ауған шекарасында Қазақстан ішкі әскері он жеті жауынгерінің ерлікпен қаза тапқанына бүгін тура 19 жыл толып отыр. 

Қазақстанның әр өңірінен барып, әскери борышын адал өтеп, шекара қорғауда жан берген 17 ер - Ержан Әбдиев, Ержан Байбағысов, Еркін Байғабылов, Қалмақан Бақбаев, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомаддин Жұматов, Қанат Едырышов, Ербол Исабаев, Радик Қаймулдиев, Михаил Мартыненко, Еркебұлан Мақажанов, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Әлихан Өгізбаев, Тахир Рахымжановтың есімі мәңгі ұмытылмайтыны анық.

1995 жылы 6 сәуірде қазақстандық ротаға Пшихвар шатқалындағы шекара бөлігін күзетуге тапсырма беріледі. Ол үшін шатқалға барып, бекініп үлгеру керек. Таудың тар жолына бір машина әрең сыяды. Бір жағы тік жартас, екінші жағы құз. Төменде Пяндж өзені ағып жатыр. Сол күні ауа райы да қолайсыз болып, себелеп жауған жаңбыр жағдайды қиындата түскен. Осындай қысылтаяң сәтте жол тосқан моджахедтер оқ жаудырып, қарсы алады. Жау гранатометінің оғынан көш басындағы бронетранспортер отқа оранса, іле-шала қуатты радиостансасы бар командалық-штабтық машина істен шықты. Тосқауылға тап болған автомашина колоннасы қақпаннан құтыла алмады. Шекарашыларға сол жерде ұрысқа кірісуге тура келді. Старшина Қалмақан Бақбаев, сержант Радик Қаймулдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Қанат Едырышов, Ербол Исабаевтар соңғы оғы қалғанша атысты. Олардың бәрі де қаза тапқаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Барлығы он жеті қазақстандық жауынгер көз жұмса, отыздан астамы түрлі жарақат алған еді.

Сол он жетінің бірі, сержант Радик Қаймулдиев БҚО-ның Шыңғырлау ауданында туып-өсті. 1975 жылы 6 мамырда Шыңғырлау ауылында дүниеге келген ол 1993 жылғы маусымда әскерге алынады. Ішкі әскер құрамында ел тыныштығын күзеткен Радик әскери мерзімі бітуге тақау қалғанда, Тәжікстанда қызмет еткісі келетіні жөнінде баянхат береді. Оның бұл тілегі орындалғанмен, тағдыр елге тірі қайтуға жазбайды. 1995 жылы 11 сәуірде денесі мырыш табытпен әкелініп, келесі күні жерге түседі. Бұл әкесі Бақтыгерей, анасы Қазима, басқа да ағайын-тумалары үшін орны толмас ауыр қаза еді.

Бүгінде туған ауылының бір көшесі Р.Қаймулдиевтің есімімен аталады. Ол оқыған мектепте де жауынгер туралы дерек-жәдігерлер жинастырылған. Жыл сайын 7 сәуірде шыңғырлаулықтар өмірден ерте кеткен екінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Радик Қаймулдиевтің құрметіне арнайы жиын өткізеді. Сарбаздың туған күні - 6 мамырда да қара шаңыраққа туыстары жиналып, қайран ерді еске алады.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз