ВЕРНУТЬСЯ

Көңіл

Көңіл деген дария,

Желсіз күнде жай жатқан.

Кейде соғып, дариға,

Ой дауыл ғой оятқан.

Дауыл ой соқса өкіріп,

Ұйтқыр көңіл дария,

Толқыны көкке секіріп,

Тар көрінер дүние.

Дариға, дауыл ойы не,

Неге тыныш жатпайды,

Жел, дауылға көнгенше,

Мұз боп неге қатпайды!

Балдыр басып жәй жатқан,

Толқынсыз судың несі сән?

Қайғысыз, ойсыз ант атқан,

Өлген жанның несі жан?

 

Күз

 
  Күні кеше ғана жүз жайнаған, 
Құбылжыған сәнді табиғат.
Бүгін көрсең жөнді түр қалмаған,
Солған, өшке, өлген - бәрі жат.
Қатбар - қатбар қара жар бұлт,
Көкті қапта, жерге еңкейіп.
Тасты жарып, бейне тауды бұзып,
Түйдек - түйдек жүзген теңселіп.
Көк көркемі анау тұрған күннің,
Болар - болмас қана жаны бар.
Әжім басқан жарық нұрлы жүзін,
Нендей көрік, нендей сәні бар.
Шошынған ол, безген, бетін басқан,

Көңіліме

 
   Айнусыз алғыр көңілім, 
Араның әбден ашылсын.
Жырларың буған сөз гүлі,
Будақ - будақ шашылсын.
Суарған семсер сияқты,
Жастықта жатпа, жайраңда.
Найзадай алтын қияқты
Майданға түсіп маймаңда.
Өмірдің қойған сертіне,
Әр кезде, көнбе, берілме.
Ем болар жырла дертіңе,
Көкірегіңді керіл де.
Күл, ойна, жыла қайғыға,
Ет болса ойға алғаның.
Аз күн жалған зайғы да,
Қалмасын құттай арманың.

Өлім - құрдым, өмір - өзен, жоғалт

 
   Өлім - құрдым, өмір - өзен, жоғалат, 
Өсер өзен тұрмыс жасын сорғалап.
Тағдыр желі еркіні қоймай айдаса,
Сорлы қу бас қайда кетпес домалап.
Өмір - өзен, күні - түні ағады,
Үстеп оны тұрмыс уы тамады.
Өмір у ғой, ішпеген жан арманда,
Ішкен адам қандвй ләззат алады!..
Тағдыр желі домалатқан мен қу бас,
Жоғалған соң жайым бар ма қаңғымас,
Кім көреді, өлсе жагым алыста,
Көреді кім жалғыз жүріп төксем жас!?

Мен естіген көп адам

 
  Мен естіген көп адам 
Өсіресе ақындар,
Тойған болып дүниеден,
«Құрсын» деп «тұрмыс» тақылдар.
Опасызын білген соң,
Неге сонда - ақ өлмелі.
Қиялмай көзі жүрген соң,
Несіне босқа сөйледі.
Тұрмыс деген тәңір атқан,
Ұйықтап жатқан айдаһар.
Оят - тағы аукызынан
«Бақ» дегенді барып ал.
 

Страницы