ВЕРНУТЬСЯ

Ағалар-ай!

Барында аз ғұмырды бағаламай,

Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен,

Жарықта жайнап тұрған самаладай.

Болғанда халық - теңіз шалқып жатқан,

Өздерің шырылдайтын шағаладай.

Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!

Ауылын пенделіктің жағаламай,

Басына бір төбенің жиналсаңшы,

Андыздап, әр бұтаны сағаламай.

Түбінен бір жүректің табылсаңшы,

Бауырды бөліп-жарып, алаламай.

Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!

Көңілін інілердің жараламай,

Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші,

Қатарын бұзбайтұғын бал арадай.

Өздерің қонақтайтын бәйтеректің

Тамырын балталамай, араламай.

Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!

Тартысып бір-біріңді табаламай,

Шоқыға шығарсаңшы хан көтеріп,

Жақсынды жарға қуып қамаламай.

Аңдыссаң аяғыңнан шалдырарсың,

Жұлқыссаң жыртылмайды жаға қалай?

Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!

Ит қоссаң үнсіз қалмас абаламай.

Әрқашан аттың басын түзу ұста,

Саныңды сүрінген соң сабаламай.

Құйрығын қырық мәрте баса берсең,

Жыландай бәле, шіркін, шағады оңай.

Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай!

Бола ма
оң-солыңды шамаламай,

Қалың ел қоршап
тұрған қара орманың,

Қысады құшағына
жан анадай.

Басына баданадай
бұршақ жауса,

Тоғайды торғай
тұрмас паналамай.

Әттең,
ағалар-ай!