ВЕРНУТЬСЯ

Суық ызғар соғады дөдегемнен,

Көнбіс едім көк қайыс
не деген мен?

Бөбегімнің мұздайды қол-аяғы,

Орап-шымқап
бесікке бөлегенмен.

Сырты бүтін
үйімнің бір көргенге,

Несін айтып
жатамын білгендерге.

Жел үрлеген ұстаның көрігіндей,

Гуілдейді ызғырық
іргемнен де.

Қиыс кетсем
киянға жеке беттеп,

Осы ұяны ұрпағым мекен етпек.

Ақ бораннан ықпайтын
қазақ едім,

Оранатын тұйықтап текемет жоқ.

Бұйым көрмей қызыл жел кигенімді,

Сұққылайды
өкпемді, бүйрегімді.

Сақылдаған
сарыаяз сыртқа шықсам,

Шалғайыма
жабысып үйге кірді.

Жырым-жырым жұтаған
етек-жеңім,

Қай мұратқа, ойпыр-ау, жетем дедім.

Қойнаудағы қыстауға
естіледі,

Көрпе астыңда
күркілдеп жөтелгенім.

Тулақ төсеп үстіне қара сыздың,

Аунақшимын көз ілмей, шарасызбын.

Құсаланған қырандай
күнім қараң,

Талпынам деп
тақырда қанат үздім.

Өзімді-өзім ішімнен түтіп жеймін,

Тартпай қалған мұржадай түтіндеймін.

Қырық тесік тілейді қырық жамау,

Бәрін қалай әп-сәтте бүтіндеймін?

Қатты шықса дауысым кейде менің

Басым қатып, ашынып сөйлегенім.

Бірдің мұңы ұласар мыңға барып,

Өзімді айтып, халқымды бейнеледім.