ВЕРНУТЬСЯ

Ақжайық қырды шөп - шөп сүйіп алып,

Жатады жабырқаңқы бұйығы ағып.

Айдыны жаутаңдайды, мөлтеңдейді

Көз жасын қара жердің құйып алып.

Білмейді онда толқын еркелікті,

Шашпайды жағалауға өр көбікті.

Маңдайы шимай - шимай өңшең әжім,

Өзегі оның талай өртеніпті.

Өткенде тентек күйші күй бектеріп,

Бір ауық өрт "Серперге" билеп көріп

Құлыпты, жесір қалған тұл арудай,

Жылапты көкейде шер түйдектеліп.

Өткенде тентек ақын ұрандаған,

Оның да кезі бопты сылаңдаған.

О да өтті. Тәйтік өзен жуасыпты,

Ақ толқын сосын қайтып сыланбаған.

Даланың шарлап шығып шар тарабын,

Желікпей май бүкілмен тартады ағын.

Сылқылдап күлмей толқын күрсінеді,

Деміндей көпті көрген қарт ананың.

Ақ төсін аймалатса - өмір өрніп,

Ақ сүтін жатыр байтақ өңір еміп.

Жасыл тал жапырағын созса айдынға,

Ақжайық иіскейді еміреніп.

Ұланын қарсы алады алас ұрған

Жайып сап жасыл кілем жағасынан.

Ақжайық - аппақ әже осы өңірде

Ұл туса, бұрын сүйеді анасынан.