ВЕРНУТЬСЯ

          Аралап жүр көктем кеп бар алапты,

рахатқа маужырап дала жатты.

Жаңбыр құйып, біздерді жалғыз түйір

қолшатырдың астына паналатты.

Паналатты айтпаған тілек бізді,

бір керемет ұғысу жүректе ізгі,

қалай жақындасудың қыбын таппай

тұрған екеуімізді де дір еткізді.

Бозарады шаюдан тозған аспан.

Уақыттан тыс келеміз, сөз жарасқан,

сөзбен емес, қос жүрек түсінісіп

әр қимылдан, қабақтан, көзқарастан.

Мені өртеуде оты мол нұр қарасың,

тайғанақтап көз салам ұрлана, шын.

Қандай жарға соқтырар бұл күйіміз,

немен, қалай жалғасар бұл жарасым?..

Мұң теңіздің мұздарын талақ еттім,

мәңгі ұмтылған жағаға жаңа жеттім.

Менің тәкаппарлығым, өрлігімді

қоштасқанда өзіңмен ала кеттің!

1983