ВЕРНУТЬСЯ

   Ай-құлақ көктемнен бастап жаздың ішінде балалардың ойнайтын
бір ойыны. Ай-құлақты ойнау үшін кешке таман жұрт аяғы басылған соң, көп
балалар жиналып, өздерінің арасынан үш баланы шығарады, бірін қасқыр, бірін қойшы, бірін ит қылу үшін, қасқыр болатын баланың екі
шекесіне екі тақияны тікейтіп орамалмен маңдайынан байлап, арқасына
киім-кешекті тығып томпитып, белін астынан буып қасқыр қылып болған соң,
балаларға жуытпай анадай бір бұтаның тасасына жатқызады.

       Қойшы болатын
баланың үстіне жыртық шапан, басына жаман бөрік кигізіп, қолына бір таяқ беріп,
ит болған баланы қасына ертіп қойдың қасына жатқызады. Қалған көп баланы қой
қылып көгендеп қояды. Біраздан соң қойлар дүр етіп үркеді, сол уақытта ит те абалап қасқырменен
арсылдасып қалған кезде қойшы да айтақтап лақ, козыны айырып қалады. Сөйтіп,
қасқыр бірде құр кетіп, бірде алып жүріп, ақырында сол қойлардың бәрін де
тауысады. Міне, осымен бұл ойын осылай бітіп, екінші басталғанда тағы да
бұрынғы жолыменен бастала бермекші.