ВЕРНУТЬСЯ

Біздің ауыл мекені таудың күнгей беті еді.
Шыжымдай аққан бұлақтың шөкімдей егін етегі.
Түрулі тұрған іргеден самиян самал еседі,
Қулық бие сүтіндей саумал аңқып кетеді.
Күлтеленіп бас жарған көк жүгері жайқалған
Көк теңіздей толқиды желді-күні шайқалған.
Сол жүгері ішінде қолдан үйген төмпек бар,
Сол төмпектің үстінде секеңдеген тентек бар.
Қолында - қыл сақпаны, сатырлай тиіп атқаны,
Шүйіле қонбақ торғайлар дүркірей безіп жатқаны.
Желпілдеп қос тұлымшақ, өзі де бір ұрыншақ,
Желіден қашып ойнаған желкілдеген құлыншақ.
Көлеңдеген етегі көбелек болып кетеді,
Көлеңке қуып жүргендей көлбең-көлбең етеді.
Сарт та сұрт тас атады.
Сартыл қағып жатады,
Кейісі тиіп іргеме, кейісі тиіп үзікке,
Үйімнен безіп шыққанша таусылмайды шатағы.
Мен түйемін жұдырық, ол қояды жымиып,
Жанарында күн ойнап, езуіне нұр ұйып.
Білдірмей кіріп егінге, шөп жырса да, шегінбей,
Ту сыртынан бас салып, қапсыра құшып белінен,
Қадалсам деймін әй-шай жоқ қызғалдақ қызыл еріннен...
Сездірмей барып шап бердім, шапалақ жедім, жалт бердім,
Бұлқынып ол да бұлт етті, көзінде бір шоқ жылт етті,
Ашу ма, жоқ па - білгем жоқ, ақ шабақтай ілгім кеп
Тағы да тарпа бас салғам, жалп ете қалғам шалқамнан,
Құлап түстім ұзыннан, жуып кетті қызыл қан,
Көк егіннің қияғы пышақтай тірсек қияды.
Қасыма келді жүгіріп, сөйлей алмай мүдіріп,
Жанарына жас шапшып, не істерін білмей кідіріп,
Саң-сақ етті тісі аппақ, үстіме құлап құшақтап,
Аймалап кеп жылады.
Құпия сырдың бұлағы
Лақылдай кеп төгілді.
Жұбана алмай егілді.
Шөп-шөп етіп еріні, жарамды сүйіп еріді.
Аққан қан да тиылды.
Айтусыз бақ бұйырды.
"Кешір, жаным, кешір", - деп, қиналды да қиылды.
"Міне, бәлем, алақай...
Солай ма екен, балақай!"
Айқара құшақ ашып ем, өлердей әбден ғашық ем,
Көне кетті бұлқынбай, көбелек болып жұлқынбай
Өткен соң сол арасат, көзімізді ашып қарасақ -
Жайрап жатқан жапырақ, жаншылып қалған қалақай.
Тызылдаған қыжылы - көңілдің қанбас қызығы.
Көкіректен өшкен жоқ сондағы өрттің қызуы.
Орыны тұр әлі қызарып... біле ме екен мына жұрт
Жүргенін сүйткен қалқаның қай үйдің күлін шығарып?
                                                                                           1998.