ВЕРНУТЬСЯ

     Бір суыр адасыпты оттап жүріп,
Кез болды бір ауылға көп қаңғырып.
Ит қуалап тыққан соң иесіз үнге,
Бояу толы шелекке кетті кіріп.
Қараңғы түн болғанша сонда жатты,
Үсті-басы бояуға әбден батты.
Ит кеткен соң шелектен шықты-дағы,
Таңға жақын өз інін
әзер тапты.
Біраз ұйқтап, оянды демін алып,
Байқады өз үстіне көзін салып.
Қараса, тамам жүні құбыльп тұр,
Ойланды жүнін көріп қайран қалып.
Болады кейде
жасыл, кейде сары,
Құлпырып, түрленіп тұр жүннің бәрі.
Көрмеген
өмірінде бір түрлі түс,
Суыр деп айтар
емес жолдастары.
Бұл суыр түрін көріп, көп ойлады,
Бейшара
түкті білмей неге ойлады.
«Құдайдың сүйген аңы мен екенмін,
Болдым ғой
қасиетті»-деп ойлады.
Шақылдап шақырған соң дыбыс беріп,
Көп суыр жиылады
мұны көріп.
«Батыр-ау, қалай болып қалғансың?»
Таңырқап, таңқалады
бәрі келіп.
-        Бір құс бар
Тауыс деген жүні асыл,
Беріпті құдай маған сондай нәсіл.
Болыппын бүгін түнде мен де Тауыс,
Аң бар ма бұ дүниеде менен асыл?
Тауыс деңдер мені енді, суыр демей,
Қорқыңдар рұхсатсыз шөп те жемей.
Жүнім асыл, сендерден түрім бөлек,
Немене мен суырдың патшасы емей!
Суырлар, шыны қорқып, жөн көреді,
Түрі жат, бұған қайтіп тең келеді?!
Ін түбінде бар екен кәрі суыр,
Аяңдап ең соңында сол келеді: 
-        Жаным-ау, маза
бермей шақылдадың,
Мақтанып, өз сөзіңді мақұлдадың.
Жүнің асыл
болғанмен, өзің суыр,
Қалайша Тауыспын деп тақылдадың?
Тауыс деген сайрайды, ән салады,
Дауысын естіген жан таң қалады.
Қане, сен де сайрашы, Тауыс болсаң,
Әйтпесе бұл сөзіңе кім нанады?
Сайраймын деп қарады шиқыл қағып,
Терге батып, көзінен сорасы ағып.
Келтіре алмай, сілесі әбден қатты,
Суыр үні ұқсасын
құсқа нағып.
Кәрі суыр айтады: «Кел, қой, жаным,
Тауысқа ұқсамайды сенің әнің.
Ұшқан құс
пен жердегі аң бір бола ма,
Қанатың жоқ екені елге мәлім».
Жетпей, сірә, қойман деп осы сертке,
Суыр байғұс ілінді мақтан дертке.
Мен де ұшам
деп бір тасқа шығып алып,
Пәрменінше қарғыды арғы бетке.
Бояуына мақтанып босқа шатып,
Құс болып ұшамын деп құдай атып.
Арғы бетке жете алмай, жолға түсіп,
Ағын суға күмп етіп кетті батып.
Жігіттер, бұл суырды қылма мазақ,
Осыдан естілерің болады аз-ақ.
Бояуды да бағым деп күн өткізіп,
Қол жетпеске
ұмтылған көп қой қазақ.