ВЕРНУТЬСЯ

    Әбекең - Әбіш Кекілбаев - елуге келіпті. Мерейтой иесін
мұндайда мақтау, мадақтау дәстүр. Өйтпесең, қуаныштың несі қуаныш? Алайда
біреуді мақтай салу, даттай салу біздерге қай кезде де бәлендей қиындыққа түспесе
керек-ті. Мақтағың келсе, елу жылдық өмірден тілге тиек етер бір дәнді іздесең,
неге таппасың; ал даттағың келсе, жарты ғасырлық ғұмырдан бір жаңылған кезін
қайта қобырата қоюдың несі қиын? Екеуі де оңай. Және әркімнің-ақ қолынан
келеді. Бірақ ондай өлшеммен, ондай ниетпен Әбекең жайлы әңгіме қозғау - ең
әуелі еліңнен, сонан соң Әбекеңнен ұят, қала берсе өзіңе ұят. Өйткені, Әбекең -
өзінің бүкіл өмірі мен творчествосы арқылы сол «ұят» деген ұғымға елес-бейне
болуға ұмтылып келе жатқан тұлға. Сондықтан оны жалалап, даттау қаншалық
арсыздыққа жатса, орынсыз мақтау да соншалық жосықсыздық болар еді. Ал,
мақтамай да даттамай, сипақтатып шықсаң, оның аты - сатқындық.
            Елуге келген адам: «Осы жасымда не
тындырдым екен? деп, өзі де ойланатын шығар , оған: «Не тындырды екен?» деп,
өзгелердің де сынай қарауы заңды болар.
            Меніңше, Кекілбаев қай сын мен қандай
сынаққа да қасқайып қарай алады. Ол әдебиетке әуелі ақын боп келді. Жиырма бір
жасында «Алтын шуақ» деген әдемі атпен өлеңдер жинағын шығарды. Алысты меңзейтін
ой, тереңнен тартатын пікір өлеңнің өресіне ауырлық етті ме екен, Әбекең содан
кейін-ақ қарасөздің қойнына сүңгіді. Қазір ол - қазақтың ең әйгілі
прозашыларының бірі және прозамен ғана шектелмеген талант. Арамыздан оның
сыншылығын олқы санар оқырман, ақын-жазушы немесе сыншы табыла қояр ма екен,
сірә? Олардың қай-қайсысына да Әбіштен құптау есту, сын есту ешқашан әншейін
нәрсе болып көрген емес. Әбекең - әдебиет босағасын аттаған күннен бері
үзіліссіз, бәсеңдеусіз қаламын қару етіп келе жатқан бетті публицист: ол -
елдің, әдебиеттің тарихы мен тіршілігіне ешқашан енжар қарап көрмеген адам,
сондықтан қай кезде де қалам сардарларының алдыңғы сапында. Демалуға, босаңсуға
қақым жоқ деп ұғынған қаламгер. Әбекеңнің қоғам қайраткерлігі де осы ұғымнан
өріс алады. Халық мәдениеті, ұлт тілі, ұлттар достығы, ұрпақ тәрбиесі, ел мен
жер тарихы дейтін ең қасиетті, ең қастерлі қызметтердің қай-қайсысына да оның
перзенттік тері аз төгілмеген. Және ол тер - текке емес, зиялылық пен
салиқалылықтың арқасында тетігін басып, көмейін тауып төгілген тер. Оның
өнерлілігі, жан-жақтылығы мұхитты жарып келе жатқан үлкен кемені елестетеді.
Өзінің бет алдын ғана жұқа тіліп, түп артына ғана су үйіріп өтетін жіңішке
қайыққа оны теңеу еш мүмкін емес. Маңдайалды 
қақ жарылып, жан-жағында толқынға толқын ұласып, ізінен үлкенді-кішілі
ақ көбікті иірімдер балалатып, салынды мұзтауша салмақпен сырғып келе жатқан
кемеге ұқсайды. Ол кеменің кемел қазыналарының бірі - аударма еңбектер. Әйгілі
Толстойдың әйгілі «Соғыс және бейбітшілігін» қазақша сөйлетуге үлес қосу,
Шекспирдің «Королб Лир», «Ромео мен Джулетта» сияқты классикасын, Мопассан мен
Чеховты қазақшалау - Әбекеңнің абыройлы істерінің қатарында.
            Осылайша, тізе берсем оның
ерекшеліктері әлі толып жатыр. Алайда, Әбекеңнің сегіз қырлы азамат екендігі
осымен де дәлелденді-ау деймін. Егер, шынымды айтсам, мен оның сегіз қырлы
екендігін дәлелдеуге соншалық құштар да болып отырғам жоқ. Өйткені, біздің
ағаларымыздың, замандастарымыз бен інілеріміздің арасында ондай көп қырлылар
әжептәуір. Ал қыжалатымыз бен тапшылығымыз - бір сырлыларда. Яғни, таланты мен
білімін, жан байлығы мен ар байлығын, бүкіл көп қырлы қабілетін бір ғана үлкен
мақсатқа -елдің игілігі мен бірлігіне ғана бағыттайтын принципті, табанды
таланттарымыздың әлі де аздығында. Бір қызығы: шығармаларында, үлкенді-кішілі
мінбеден сөйлеген сөздерінде елдің игілігі мен бірлігін ту етіп сөйлемейтін
бірде-бір талант бізде жоқ, сөйте тұра көпшіліктен сырт ала бере немесе өзіне
етене санайтын үш-төрт адамның ортасында елдің игілігі мен бірлігі дегенді өз
тайпасы мен руының игілігі мен бірлігіне шатастырып ала беретіндер баршылық.
Осындай екіжүзділік, көпке бір түрлі, азға екінші түрлі сөйлеу - біздің
бірлігімізді бұзып, ірілігімізді мүжіп келе жатқаны ешкімге құпия емес.
Әлдекімге өзімсініп базына пікір айтсаң, сөгілген іргені жамағың келіп кейістік
білдірсең, сондан да: «Бізді соғып жатыр ғой» деп секем алып, біз боп бөлінудің
тың себебін тағы тауып ала қоямыз. Кекшілдік, іштарлық деген бәлелерді
кешірімділік пен кеңдікке жеңгізе алмай, соның кесірінен бір-бірімізбен алысып,
өзді-өзімізбен ерегесіп, нәтижесінде ертеңгімізді болжамақ тұрмақ,
бүгінгіміздің ақ-қарасын ажырата алмай қаңғып қаламыз. Қайта құру кезеңі
қолымызға берген жариялылық атты жақсы қаруды да кейде біз сол кек пен іштарлықтың
ықпалында жұмсап жіберетін секілдіміз. Басты мақсатымыз ұғынысу, түсінісу емес,
әлдекімді өлімші ету, мүлде арамыздан мүрдем кетіру тәрізді. «Бәленшені халық
жауы еткен - анау, түгеншені ұстап берген - мынау» деп, ақиқатты ашып айтудың,
меніңше, айыбы жоқ. Бірақ, белгілі бір кезеңнің бүкіл жауапкершілігін жекелеген
адамдарға ғана артып қойғанымыз қалай болады? «Сен оны құртсаң, мен сені
құртам» деген принцип адамгершілікке адам баласына деген мейірімділікке жата
ма? Отызыншы жылдардың өлшеусіз опат әкелген қатыгездігінен оның несі артық?
«Жалпы өзі, осындай ұстараның жүзіндей өткір мәселелерді байыппен, парасат
биігінен төмендемей, жеке бастың қыжылына жеңдірмей, ел бірлігін азаматтар
татулығын ойлай отырып ой айтатын; мінбеге шығып қалай сөйлесе, екеуара оңашада
да солай сөйлейтін; халықтың қамы мен жеке адамның қамын бірінен бірінбөлмей,
біріне бірін қарсы қоймай; жұрт үшін жанымен жыласа, жеке пенде үшін арымен
қиналатын қазақта, тегі, азаматтар бар ма, бар болса, кімдер?» деген сұраққа
мен ойланбастан: «Бар» дер едім және сондай азаматтардың ең алдыңғыларының бірі
деп Әбішті атар едім. Бұл - менің Кекілбаевқа айта салған арзан қошеметім емес,
оның өмірі мен шығармаларындағы ой-пікірлерін салыстыра отырып, қатар жүрген,
сырласқан, сыйласқан күндерімді таразылай келіп тоқтаған берік тұжырымым. Бұл
бағаға бір мен ғана қол қоймасыма кәміл сенемін, өйткені, өзім сырласқан
талайлардың жан түкпірінде жатқан ой - осы.
            Жазушының да, жазушы еместің де,
бір-екі ретке қай-қайсысы да жақсы сөз айтып, жан-дүниемді желпінте алады,
сүйсінтеді, қызықтырады. Ал бірақ екі-үш реттен кейін көбінің қайығы қайырлап,
түбі біресе тасқа, біресе қайраңға тиіп, дағдара бастайды. Былайша айтқанда,
түбі көрініп қалады. Ал Әбекең екі-үш реттен кейін де, екі-үш жылдан кейін де
тереңге бойлап, сол тереңіне сені де тартып, өзі көтерілген биіктікке сені де
жетелеп бара жатады. «Жақсыдан - шарапат» деге осы болса керек.
            Мен Әбекеңде тусқан жоқ, туған жерге
жерлестеріне деген ілтипат жоқ деуден аулақпын, қай рудан өрбитінін ол
ешқайсымыздан кем білмейді, қайта бізден гөрі кемел біледі. Оның көбімізден
артықшылығы - өз руың, өз жерлестерін қалай сыйласа, өзгені де солай сыйлай
білуі. Оның өмірлік кредосы бойынша, өзін халықтың ұлы деп санаған адамға
халықты алалаудан артық абыройсыздық жоқ. Оны жершілдіктен, рушылдықтан биік
тұрғызатын - осындай мақсат. Бізді оның бауырына тартатын, төңірегіне
топтастыратын да сол. Әсіресе замандас, әрі жасымыздың қарайлас екендігіне
қарамастан, оны біз өз ортамызда аға тұтамыз. Әрине, денесінің ірілігіне, бас
сүйегінің көлеміне емес; творчестволық, кісілік ірілігіне қарап солай санаймыз.
Халқымыз ежелден жоғары бағалайтын, әлі де сөйтіп қастерлейтін біраз сара мінез
бар, олар: жауды қуғанда да, жаудан қашқанда да, сабырынан айнымайтын
байсалдылық; өзіне, қас пен досқа да бірдей шыдамдылық көрсететін адалдық;
үлкен мен кішіге теңжар кішіпейілділік; әзіл мен әділ сөзге бірдей жорғалайтын
шешендік. Әбішті өзгеден даралайтын осындай мінездер.
            Әбекеңнің барлық шығармасын талдап,
бәріне баға беріп жату дәл бүгін мүмкін емес, әрі міндет те болмас. Оның
қаламынан шыққан қыруар шығармасын топтастырған «дала балладаларын», «Бір шөкім
бұлты» мен «Бір уыс топырағын», «Құсқанаты» мен «Шыңырауын», кеңде ұшан-теңіз
мол. «Түрікмендердің бәрі түнерген қалпы: үйге тастаса, біреу ұрлап
әкететіндей, бәрі де қылышы мен қанжарын салақтатып асынып келіпті» дейді.
Мысқыл да, тұрмыстық деталь да, ұлттық бет бейне де - бәрі де, бәрін қамтыған
ғадап сөйлем.
            Алпыс алтыншы жылы жарық көрген осы
повесінде ол мәңгүрт адамдардың қалай дүниеге келуін алғаш суреттеген-ді.
«Көзді ашып-жұмғанша алты тұтқынның шашы алынды... Алты жігіттің қолдарындағы
теріні алып, тұтқындардың басына жапты.
            ... Жылы тері шекелерін солқылдатып
сорып ала жөнелді.
            ... Ақ тайлақтың теріс күнге күйіп,
тырысып барады.
            ... Олар бір апта бойы осылай зар
илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көңінен өте
алмай қайтадан бастың құйқасын тесіп, кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері
қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айырылды. Түйемен
бірге өреді, түйемен бірге келеді» деп жазғанды.
            Әбіш шығармалары шетелдерде басылып
қана қоймай, шетелдік сыншылар оның творчествосына жоғар баға да беріп жүр.
Қазақстандық жазушы Г.Бельгердің куәландыруынша неміс сыншысы Герберт Кремпиен.
«Адайлар мен түрікмен арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар
ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады деген қауесетті
жоққа шығарады» деп жазыпты. Әбекең творчествосының танымдық күшін бұл пікір,
меніңше, жақсы танытады.
            Әбекеңді өз халқы, өз Одағы да биік
бағалайды. Оның биіктігі - бәрімізге ортақ, бәрімізге қажет биіктік. Әлі де
биіктей бер, Әбеке!
 
 Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ