ВЕРНУТЬСЯ

Дәл есімде: ол жылы сегізде едім,
Үйге сыймай жаз бойы елегізгенім.
Көз ашсам, көк жиектен көш іздеймін,
Түсінбеймін әлі күнге - неге іздедім?
Шет кеттік, мен бесікке түспей тұрып,
Әкем де өткен, соны ойлап, іштей құрып,
Үлкендер артта қалған ауылды аңсап,
Дастан қылып шертетін бітпейтұғын.
Біреу келсе ойда-жоқ ол тараптан,
Ата-бабам аңызын мол таратқан,
Керуенші кешігіп келмей қалса,
Ертелі-кеш еңкейіп жол қаратқан
Ол жылы да етердей бізді есалаң,
Керуенші кеш келді күзге таман.
Жетпей қоймас деген ғой мұратына
Көңілдегі күдерін үзбесе адам.
Арман қылған жаз бойы алас ұрып,
Мінгесейін артына қалашының.
Мимырт басқан түйеде қалғып келем,
Көзге-басқа қонақтап қара шыбын.
Қара шыбын күн бойы ызыңдайды,
Көшбасының көйгөйі бұзылмайды.
Изең-изең жүрістен жалыққанда
Құрт жегендей құйымшақ тызылдайды.
Бара жатыр бозарған дала қалып,
Сазы кеуіп сазарған сала қалып,
Иретілген иірмек көш келеді,
Сегіз жасар сергелдең баланы алып.
Сегіз жасар сергелдең нені іздейді,
Көншітетін көңілді жөн іздейді.
Бабаларым жайлаған жер іздейді,
Бауыр аңсап балқыған ел іздейді.
Сегіз жасар сергелдең сенделеді,
Көз алдына көлбеңдеп ел келеді.
Еміс-еміс естіген елесті аңсап,
Желбеңдейді, жас көңіл желденеді.
Иірмек көш изеңдеп күн асады,
Түтеп тұрған түнеріп түн асады.
Бұйдадайын шұбалған бұралаң жол
Ұлан ауру сықылды ұласады.
Ұласса да, сабырды сарықпайды,
Сағыныштың тарланы тарықпайды.
Самарқаулау сары атан өркешінен
Қыран құсы қиялдың қалықтайды.
Самарқаулау сары атан көш соңында,
Сарнап жүрген сары сона өш қомына.
Маса талап тастаған масаң бала
Маужырасын мамыра кеш соңында.
Маубас бала мажырап маужырасын,
Жұлдыз көмген түнгі аспан жаудырасын.
Ай батқанша аялсыз келе атқан көш
Аяң үсті көз жұмып қалжырасын.
Қалғиды көш - Қаратау солда қалсын,
Шаңқан орда Қамысбай оңда қалсын,
Қарақұдық алдынан қарғын орған
Ишан кеткен аран сай соңда қалсын.
Жадау керуен жабыссын жал басына, -
Көзден ұзап кетердей болғасын ба? -
Әлдеқайдан шуылдап ши бөрі үрсін,
Жұрт селк етсін - бір мызғып алғасын ба.
Селк етсін де, іздесін бірін-бірі, -
Бұл қырсыққа қай сайтан іліндірді? -
Соңғы түйе үстінде ешкім де жоқ -
Жер жұтты ма ол мойыны жұлынғырды?
Абыр-сабыр болсын да, іздесін кеп,
Бірін-бірі жетелеп түзге сүйреп.
Ай батқан соң айдала су қараңғы,
Көз бітелген көш салған із кесуге.
Жар жағалап, аяқты еппен басып,
Сенделген жұрт, естері кеткен қашып.
Арғы бетте шоқ-шоқ от жылтырайды,
Ши бөрі жүр - ғапылдан еткен нәсіп.
Көшбасының көзіне сол іліксін,
Иықтағы мылтықты бір сіліксін.
Тарс еткен де - бақырып сайдың түбі,
Оқыс үннен ойсырап, жүрт үріксін.
Үріксін де, сай жаққа жүгірсін кеп,
Түнек құзға биіктен үңілсін кеп,
Дауыс берсең - жауап жоқ. Тас қараңғы.
"Аман болса жарар", - деп түңілсін көп.
Түңілердей мен сонда жайда екенмін.
Аш бөрілер аңдыған сайда екенмін.
Ши бөрілер кешірек шуылдаса -
Бір құдайға белгілі қайда екенім...
Қарғын жүріп, бір кезде ишан кеткен
Сол аран сай бүгін де жермен жексен...
Менің ғана кеудемде сол бір аран
Жұтып қоятындай боп жатыр көптен.
Елсіз сайдың ен бойы толы аң болған,
Тағы аузына тап қылмас тобам болған.
Кейін білдім - күнгей жақ қара дөңге
Мәңгілікке менің ата-бабам қонған.
Қамыспайды қала қып самсап жатқан
Аруақтар мені аяп, қам сап жатқан,
Қағып алып қанды ауыз қасқырлардан,
Жарамды да жазыпты қан саулатқан.
Ұйықтамаппын мен сосын үш күн, үш түн,
Ісіп кеткен күлбіреп күп боп үстім...
Содан аман келемін, аруақ қолдап,
Құздан құлап талай мен, көкке де ұштым.
Бұл дүниенің ғапылын мол аңғардым,
Сонда да ұмыта алар емеспін сол аңғарды.
Жым-жылас боп жер жұтып кеткен сайда
Қазылмаған менің де молам қалды..
Еске түссе, ет жүрек сығымдалып,
Өткен күнге қайтемін бүгін налып,
Таусылмаған сол түні жарығымның
Атып тұрса бір таңы күлім қағып.
                                                                       1999.