ВЕРНУТЬСЯ

ЕКІНШІ БӨЛІМ
ЕЛЕҢ-АЛАҢ
Пенде азды-кем тірлігінде артында ұрпағымен де атын қалдыра алады. Бірақ, ондай ұрпақ жан-жануардан да қал-май ма?! Кісінің атын мәңгібақи өлтірмейтін оның тірлігінде тапқан абыройы. Мен өз атымның осындай ұлы және даңқты елге де белгілі болғанына шексіз қуаныштымын. 
Әбілқайыр хан. (С. М. Соловьев. Россия тарихы. т. XX, 1550)
Қолыңдағы билікті үлкейтемін деп, қарауыңдағы халықтың санын ұлғайтып, айбынын тым асырып жіберіп жүрсең, оған сол айбынына лайық астам қасиеттер дарытасың да, ертең өз ырқыңа көндіре алмай қаласың. Ал енді өз уысымнан шықпайтындай шағын да әлсіз қып ұстаймын десең, күндердің күнінде ол басыңдағы азғантай дәуреннің өзіне зар қалатынындай мүсәпір күйге түседі де, алдымен тап берген дұшпанның шеңгелінде кетеді. Сондықтан, қанадай шешім қабылданғанда да, әлгіндей-әлгіндей келеңсіздіктердің аздау жағына ден қойған дұрыс. Өйткені, атымен күдік-күмән тумайтындай бірден-бір дұрыс шешім ешқашан таптырмақшы емес.
Никола Макиавелли. «Ой-толғамдар»
«...ешқайдан ешқандай көмек алмай-ақ, мемлекет қызметкерлерін пайдаланбай-ақ, жаңа линия шебін ойдағыдай тартып шықтық; егер көктемнен бері Уфа маңында жіпсіз байланып отырып алмағанымызда осы жазда салынуға тиісті қалалардың бәрін салып, орнатылуға тиісті маяктардың бәрін орнатып бітіріп, енді аңшы казактардың саятын тамашалап, рахатқа батып мөз-мәйрам боп жататын едік. Несін айтасыз, өмір сүруге таптырмайтын-ақ жер! Топырағы қап-қара Ормандары, шалғындары, түзде ауланар аңы, суда ұсталар балығы - бәрі-бәрі шаш етектен...»
Орынбор экспедициясы бастығы статс -
совептик Иван Кириловтың Сыртқы істер
коллегиясына жолдаған мәлімдемесінен.
Сентябрь, 1736 жыл. Самара.
Кирилов Петербургке жөнелткелі отырған ақпарын пакетке салып жатып, әлденеге ызаланып столды жұдырығымен қойып-қойып қалды. Бұғақ тұсы албырай қызарып, маңдай тұсы көгіс тартып, шеке тамырлары бадырайып-бадырайып шыға келді. 
Қап, осы жөтелді ме?.. Килікпес жерде килігеді. Ертелі-кеш осылай қиқылдай-қиқылдай, тамағы әбден қарлығып қалған. Көзінен жас ыршып кетті.
Қағаздар, ландкарталар, минералдар, мамонттың тісі, башқұрт даласындағы бір үйіктен табылған ертедегі алып адамның әлдеқашан қурап қалған жамбас сүйегі мен милығы ойылған жарты басы ию-қию шашылып жатқан айлапат стол су астына батып бара жатқандай бұлдырай жөнелді. Тынысы тарылып, буына демігіп, біраз қиналды.
Бір уақыттарда барып басылды-ау, әйтеуір. Басылған құрлы да әбден діңкелетіп бітеді.
Креслоға шалқалап біраз жатты. Әлден соң көзін ашып, кабинеттің ішін бір шолып шықты. Өзінің қайда отырғанына көзі анық жетпегендей, айналасына есеңгірей қарады. Сосын бір қолымен иығындағы ана бір жолы үнді көпесі Маравий Бараев сыйлаған астарына елтірі салып сырыған бұқара ішігінің өңірін қусыра ұстап, екінші қолымен емен столды нығарлай таянып, шайқалақтап орнынан көтерілді. Буын-буынының дірілі күшейе түспесе, басылар емес. Аяғын басса - құдайдың қара жері қақ айырылып ойылып кететіндей. Аңтарылып тұр. Тұнжыраңқы жанарына анадайда жуылмаған шұлғаудай сатпақтанып телміре жылтыраған сұрғылт терезе ілікті. Ілбіп басып солай қарай беттеді. Келсе - сол баяғысынша. Кейінгі күндері көз алдында тырп етпей тымырайып тұрып алған үйреншікті қоңырқай кәрініс...
Қара жерді қаран суға алдырғалы келе жатқандай қанатын кеңге жайып, ағыл-тегіл ақтарыла жөңкіген Еділдің ені осы бір тұста тым даладай далиып кетуші еді. Арғы жаға тіптен көзге шалынбай қалатын. Ол тұста мынау ұланасыр су арна атаулыны атымен ұмытып, аспанның өзіне шапши жайылып, жер мен көкті түгел қалқытып жібергендей. Көкжиекті мүлдем ажыратып болар емес.
Сондай көлкөсір кеңістікте қыс бойы көз қаратпай жалтырап жатқан да қойған ұланғайыр айна мұз кейінгі кезде адам танымастай. Арттарына айқыш-ұйқыш ақ сызық тастап ерсілі-қарсылы құйғыта жосылтып жататын суыт шаналар да, ертелі-кеш шуылдасып жүретін сырғанақшы балалар да көрінбейді.
Самараның ең думанды жағалауы осы еді. Ол да, міне, тып-тыныш. Ығы-жығы адам да, жабыр-жұбыр үн де жым-жылас. «Оның бәрі менің қасым мен қабағыма қарайды. Мен жадырасам, олар да маған жамырай шапқылап, ал мен түнерсем, міне, осылай олар да бет-бетіне безіп кетеді»,- дегендей, көк сұр айдын бүгін тым бедірейіп алыпты. Өңінде ешқандай жылт жоқ. Қыс бойы мығым жатқан сіре мұздың көбесі сетінеп, әр жер - әр жерден қызыл су көтеріліпті.
Россияның тайлы-таяғын түп-түгел осында айдап әкеп, жаппай шанаға отырғызып, үстінен әрлі-берлі сырғанақ тепкізіп, қанша таптасаң да, мыңқ ете қоймайтындай көрінетін жотасы қалың Еділ мұзының дәл мынандай болып қаусай сөгіліп, тозған көрпедей жырымдала бастағаны уақыттың тойтарыс бермес өктем пәрменін ұқтырғандай.
Тап оның Кириловқа онша ұнап тұрғаны шамалы. Сырттағы қым қуыт жарық дүниеге ауық-ауық осылай терезеден көз салатыны бар еді. Сонда қамырықты көңілі ара-тұра бір жадырап қалатын. Мынау пәлен күннен бері тырп етпей көлбеп жатып алған жадау көрініс онсыз да буынын бекітіп, бойын тіктей алмай жүргенде үнжырғасын одан сайын түсіріп жіберді. Бұндай телегей-теңіз лайсаңның тұсында ортасында орталықтан кеме де, шана да қатынаса алмайды. Үш жыл бойы өне жіберіледі, міне жіберіледі деген капитан Эльтон былтыр күзде Самараға келіп бұнымен кездесіп, экспедицияға керекті астрономиялық, геодезиялық құрал-саймандар, керек-жарақтардың бәрін тауып көктемнен қалмай қайтып оралатын болып кеткен еді. Онымен бірге ағылшын көпесі Гок те артынып-тартынып келмекші еді. Екеуінен де суға батқандай хабар жоқ.
Оларды аттандырып салуға ақша аяп, құдайдың жоқ сылтауларын жаңбырша жаудырап баққан Сенатқа бұның айтпағаны, жазбағаны қалмады. Ондағы маубастардың бәрібір құлақ асар түрлері көрінбейді. Олар мынау жаңа өлкені әлі күнге қайдағы бір есірік жалба тымақтар әрлі-берлі құйын қуып шапқылап жүрген құдайға керексіз құла түз деп ойлайды. Мұнда Россия үшін қанша байлық, қанша қазына тұнып тұрғандығында шаруалары қанша! Ол жайында жан-жақты мәлімет жинап, қапы қалмай қимылдап қалатын түс қазір ғана! Әйтпесе, мынау күніне қырық аунақшыған бұратаналар ертең тағы да бір ши шығарып жүрсе. Бұл шаруаның тағы қанша жылға созылып кететінін кім білген?! Оған дейін бұл мынау қалтаң-құлтаң қалпымен қара жердің бетін басып тірі жүре ала ма, жоқ па?!
Көзі ішігінің омырауын қаусыра ұстап тұрған оң қолына түсіп еді. Саусақтарының ұшы барабан таяқшаларының басындай домаланып быртиып-быртиып ісіп кетіпті. Оберь-секретарь кезінде астынан қан теуіп ылғи күреңітіп тұратын жұп-жұқа тырнақтары көгіс тартып қалыңдап, мүйізгектеніп алыпты. Иә. Бұл дерт күн өткен сайын меңдей түспесе, беті бері қарайтын емес. Профессор Гейнцельманның шипалы деген шөптерінен ішпегені жоқ. Башқұрт қымызынан да ауыз айырмай-ақ бақты. Былтыр күзге қарай бір шама тыңайып қалғандай еді. Қыстан бері қайта әлсіреп кетті. Бұрын оқтын-оқтын экспедиция кеңсесіне кіріп-шығып жүретіні бар еді. Одан қалғанына да біраз болып барады. Қазір үйден шықпайды. Кеңседегі барлық қағазды осында көшіртіп алды. Минералл коллекциялары, гербарийлер, қазбадан табылған заттар, башқұрттар мен қазақтардан жиналған таңсық бұйымдар - бәр-бәріне орын табылмай ыбырсып кетті. Төсегі де осында, кабинетінде. Оқитынының бәрін сонда жатып оқиды. Қолына тиген қағаздардың қай-қайсысының да шетіне микстура тамып, сартаңдақтанып қалған. Сәл басын көтерсе болды, столға келіп жазуына үңіледі. Өңшең бір бастаған да бітпеген нәрселер. «Күллі Россия мемлекетінің гүл жайнаған дәуірі» атты еңбегін қайта жазып жатыр. Мынау бөтен өлкеге келгелі қанша жана әсер қанша жаңа ойлар туды десеңші! «Россияның ежелгі тарихының тигізер пайдасы туралы экстракт» басына осында келгесін түсті. Гейнцельман екеуі бірігіп жазып шыққан Сібір, башқұрт, қазақ хандарының ата-тегі мен башқұрт руларының шежіресі ғылым үшін де, болашақта бұл өлкені дұрыс басқарып, дұрыс билеу үшін де таптырмайтын құнды дүние. Әттең, соны қайта қарап, егжей-тегжейлі түсіндірме жазып шығуға мұрша болмай тұр. «Теріскей соғысы тарихы» атымен қол тигізусіз жабулы күйінде жатыр. Ең болмаса, мынау «Гүл жайнаған дәуренді» бір жақты қылып үлгерсе жарар еді-ау...
Сол есіне түскенде ұйқысынан шырт оянады. Кейінгі кезде кеңседегі барлық жұмысты қайын атасы Петр Степанович Бахметов пен көмекшісі Петр Иванович Дьяковқа тапсырып, өзі осы қолжазбаларын реттеуге шықты. Бірақ, ыбырсыған көп қағаз шамалыда бой берер емес! Ызадан безгек соққандай қалшылдап, ақыл-естен айырыла жаздайды. Итшілікпен етіп бара жатқан есіл ғүмыр-ай десейші! Тағдыр жап-жақсы басталып, оңға баса бастаған шаруасының бәрінің ойда жоқта ойранға ұшырап, аяқсыз қалуын әуелден мұның маңдайына жазып қойғандай. Әйтпесе, осы Орынбор экспедициясының сәті қандай түсіп еді! Патша да істемеген жомарттығын істеп еді. Бұл да көре қоймаспын деген дәуренін көзбен көріп, қолмен ұстағандай боп жүр еді. Міне, енді соның бәрінің шәт-шөлкейі шықты!
Ор бойындағы қамалдың жұмысы ойдағыдай басталып, Кириловтың көңілі сабасына енді түсе бергенде, төбеден түскендей түнделетіп жиырма шақты салт аттының сау ете қалғаны.
Сезімтал Кирилов олардың түр-түсін көргенде-ақ шошып кетті. Бәрі қалмақша киініп алыпты. Бәрі жадап-жүдеген. Бәрінің көзінің алды қалта-қалта. Суыт жүрістен әбден діңкелеп келгендері бірден байқалып тұр. Мұның бөлмесіндегі бір-екі башқұртты көріп, қабақтары тарс жабылып, томсарып отырып алысты. Олар шығып кеткен соң барып сөз басталды.
Кирилов мынау бейуақ жолаушылардың әңгімесін тыңдаған сайын жүрегі мұздай түсті. Бөлменің ішінде кімдер отырғаны түгел есінен шығып кетті. Анада ғана өзі жүріп еткен жол ойына оралды. Құлағына ызың-ызың кіріп жатқан сөздер кез алдына көлбендеген сурет боп тұрып алды. Өзі соның ортасында жүргендей екі көзі шарасынан шығып барады. Тісі тісіне жабысып қалғандай, ажырата алар емес. Астыңғы ерініне күрек тісі қатты кіріп кетсе керек бір жақ езуінен жылымшылап қан ақты. Бірдеңе деп айқайлағысы келіп еді, жағы қарысып қалыпты. Ызадан көзінен жас атып кетті. Алдындағы тақтайдан сүріп жасаған жалаңаш столды жұдырықпен бір қойып қап орнынан атып тұрды. - Доғар!..
Дауысы бастығырылып жатқан кісінің үніндей қырылдап әжептарқы естілді.
Жұрт та орындарынан атып-атып тұрысты. Бәрінің де өңдері сұп-сұр. Бәрінің де көздерінің алды дымданып тұр.
Кирилов содан бері бірдеңеге қатты ызаланса, столды жұдырықпен бір қайып қалатын әдет шығарды.
Расында да, сол бір бейуақ жүргіншілердің айтып келгендері ызаланбасыңа болмайтындай сұмдық-тұғын.
Ор бойындағы жаңа шаһарды салуға келетін кейбір әскери бөлімдер әлі жетіп үлгермеген-ді. Сондай бір полк Уфадан шығып, анада бұлар жүрген машрутпен қырға қарай бағыт түзепті. Қаладан шыққасын Сарымсақты өзенінің бойына тоқтап, екі аптадай аял қылады. Ондағы ойлары маңайдағы башқұрт ұлыстарынан сыр тарту. Елсіз түздегі жыланшық өзеннің жағасында қанша жатса да, қыр басынан қылтиып көрінген бір де бір башқұрт көзге түспейді. Төңіректегі ауылдарға арқан сұрап, қом сұрап барып қайтқандар секем алатындай хабар әкелмейді. Полк командирі Чижов ақырында аттанысқа дабыл қақтырады.
Оқта-текте бір ұшырасатын шағын ауылдар соңдарынан үрпие қарап шығарып салғаннан басқа еш қайран танытпайды. Үш-төрт күннен кейін ондай ауылдар да кездеспейтін елсіз түзге шығады. Шілде орнап, шөбі қурай бастаған мидай жазыңта қылт еткен қарайған көрінбейді. Күні бойы жан-жағыңа жалтақтай-жалтақтай жанарың талады. Бірақ, бәрі бір сол жымпиған құба жазық. Бұлдыр сағым. Уфадан екі жүз шақырым ұзағасын жер бұрынғыдан бетер құйқалана түсті. Белуардан келетін қалың бидайықтан жол сорабы зорға байқалады. Аспан шәйдай ашық. Шиңылдаған құс үнінен басқа дыбыс та естілмейді. Жаңа пісіп жайқалып тұрған шалғын шөптің иісі мұрыныңды жарып, бойыңды балбыратып барады. Одан сайын рахатқа батыра түскісі келгендей, тап көкірек тұсыңнан бипаз қыдықтап бір сайқал самал лүп ете қалды.
Біреулер күркіретіп ән бастады. Жұрт қапелімде: «Апырай, мынау өзі қалай болар екен? Дауысымызды естіп қап, бұратаналар шауып кеп жүрмесе, жарар еді»,- деп бір-біріне жалтақтай қарасты. Қысыла-қымтырыла басталған ән бірте-бірте шарықтай түсті. Сол беттерімен шеру өн бойы қалың өскен бидайық пен ерменге қақалып тұрған қалың сайға да жетті. Көңілдеріне: «Жол тосқандар бір ұшырасса, осы арадан ұшырасар-ау!» - деген күдік қашып, сәл бәсеңдей түскен ән қарсы ернеуге көтерілген соң қайтадан шалқи жөнелді. Жұрттың есінен қауып-қатер атымен шығып кеткен. Көк шүйіп жүрген ителгі, ақсарылар да қанаттарын серіппей, әнге елтіп, аспан өріне шегедей қағылып, қадалып-қадалып тұрып алғандай. Көкжиек сол баяғы жымпиған қалпы. Әлгі бір үры сайдан да ұзай түсті. Шолақ самал барған сайын күшейіп бара жатқандай. Шалғын исі де мұрынды жара түсті. Кенет сол самал әлдеқайдан бір күңірсіген күйік исін әкелгендей. Бетке соққан лептен бір түрлі жалын шарпитындай. Ешқайдан бықсыған түтін көрінбейді. Сол баяғы жылмық жон ұланғайыр дала. Сол баяғы шәйдай ашық аспан. Дегенмен әлгі күркіреген ән бірте-бірте толастайын дегендей. Салқын самал тынып қалды. Ыстық леп күшейе түсті. Көкжиектегі еміс-еміс белестен әлде бір күрең қошқыл қызыл киіктер емпеңдей жеңкіліп келе жатқандай. Қылт-қылт қылаңыта тұтасқан бір - қызыл толқын көк мүнардың астын үңгіп бері қарай лықсығандай.
- Өрт, өрт!
Жұрт жапатармағай көкжиекке қарасты. Алдыңғы жақтағылар жалт беріп кейін бұлтарды. Кейінгілер ештеңеге түсінбей аңтарылып тұр. Полк командирі Чижов астындағы ақ боз атын ойнақтатып бір жақ қапталға шығып, жан-жаққа дүрбі салды. Алдыңғы жақ тұп-тұтас жер бауырлап жалаңдай жылжып келе жатқан қызыл өрт. Әлгінде ғана жайқалып тұрған қалың бидайық пен еркек қып-қызыл от боп шайқалады. Бүлк-бүлк бүкеңдей жүгірген мың-мың от иін тіресіп қалың келеді. Оның бетін қайтару еш мүмкін емес. Жаңғыз амал - қашу. Қашқанда, бірақ қайда қашарсың?! Жан-жағың жапырыла иілген қалың еркек бидайық. Маңайдан не тақыр, тастақ ұшырасса ғой, шіркін!
Дірілдеп тұрған қолдардағы бұлдырап тұрған көп дүрбі жан-жақты жанталаса шолып бақты. Қапелімде ештеңе кезіге қоймады. Бір уақыттарда барып Чижовтың дүрбісіне қара сайдың арғы деңгейінен, күн шығыс жақ көк жиектен жер бауырлап жатқан алып кесірткедей бір жіп-жіңішке сұп-сұр жолақ ілікті. Су түсетін тастақ болса керек дүрбінің шынысын пышақтай тіліп жалтырап көрінді. Не де болса, соған жетіп, тұяқ іліктіруден басқа амал қалмады.
Чижов саңқылдап бұйрық берді. Жұрт опыр-топыр кері жөңкілді. Бірте-бірте арттағы қызыл жалынның лебі, тамызықтай қаулай жөнелген қалың шептің сытыр-сытыр үні анық сөзіле бастады. Енді көп ұзамай сол сел тасқындай қатайып жайылып келе жатқан от толқындардың қуып жетулері де ғажап емес. Жұрт жан ұшырып ілгері тартты. Салт аттылар бірін-бірі кимелеп, ілгері өңмеңдеп, шиқылдаған арбалар мен күймелер ілесе алмай, артта қалып барады. Төкпектей шыққан тұяқ дүсірі мен жан ұшыра қиқалақтаған доңғалақ сықыры өрт сытырына қосылып, дүние аламан- асыр болды да кетті.
Бұлар қара сайға жете бергенде арғы жақтағы ернектен де жалақ-жұлақ жалын көрінді.
Естері шығып кеткен жұрт қасқыр тиген табындай улап-шулап азан-қазан. Енді мынау қара нөпір екі жақтан сумаңдай қаумалап келе жатқан қызыл жалынның арасында пышақтың жүзіндей боп сау жатқан қара сайдың бойымен шығысқа қарай жөңкілді. Мына сайдың бір ұшы манағы тастаққа барып тірелетін секілді. Енді, не де болса, жан сақтаудың содан басқа жолы қалмады.
Қалың дүрмек белуардан шалғын кешіп, жан ұшырып келеді. Артқы жақтан әуелі баж-бұж айқай, артынша тарс-күрс дыбыстар шықты. Өрт арбаларды қуып жетсе керек. Башқұрттардың ойбайлаған, орыстардың боқтаған дауыстары құлақтарына ап-анық жетіп жатса да, қарайлайтын ешкім жоқ, бәрі жандәрмен ілгері емпеңдейді.
Сумаңдаған қызыл жалындар жыландай ирелеңдеп, құйындай зулап бара жатқан көп аттыны қуып жетіп, шашаларына оратылып, кескестей бастады. Талай жануардың тұяғы үйітіліп, сай іші мүйіз сасып кетті. Құйрықтарын жалын шарпыған талай жылқы қорық-қаннан естері кетіп, тізгінге бағынбай аспанға шапшып, шаншылып тұра қалып шыңғырып, оңды-солды ойқастап, қапталдағы аттарға соқтығып аласұрып жүр.
Жалпақ өрт сай бойына кеп тығылған соң манағы жазықтағысындай емес, қоңырсып, бықсып, түтіндеп кетті. Шашасын, құйрық-жалын жалын шалған жануарлар көбейіп барады. Кейбіреулері сирақтарынан бастап лапылдап жана бастады. Олар жандәрмен сай бойына ытқып ернекке жетеді де, тағы да отқа тіреліп, омақаса құлайды.
Қара сайдың бойы бірте-бірте майлақылана түсті. Үйтілген құйқаның, күйген сүйек пен тұяқтың күңірсік исі мүңкіп кетті. Адамның дауысын, жылқының дауысын айырып болар емес.
Жан-жақ лапылдап өртеніп жатыр. Кім өртегені белгісіз. Шошаң еткен қарайған көрінбейді. Әлде бір құдірет жер астынан шығып тамызық тастағандай. Не «спандағы күннен айдалаға от тамып кеткендей.
Не де болса, сай бойындағы өрт гүрілдей жанып, орши түсті. Қалың дүрмек жапатармағай өңмеңдеп келеді.
Бір уақыттарда барып алдыңғы жақ сай түйығына ілікті-ау ақыры. Тұла бойына от тие қоймаған аман аттар «құтылдық па, құтылмадық па» дегендей тастақ қыраңға қарай жұлдыздай ақты. Оларды көріп, кейінгі аттар да жолдағы отты баса көктей соңдарынан салды. Сол дүрбелең әлге дейін жалын жетпей аман тұрған шалғынға отты өздері ап келді. Қорқырап құлап жатқандар қанша ма! Домалап түсіп, мойын омыртқалары үзіліп, жан тәсілім болып жатқандар қанша ма! Аттан түсе салып, қасқа тұранға қарай жаяу жүгіріп баражатқандар қаншама! Дүние аламан-асыр... Қасқа тұранның ар жағы ай тақырға жалғасады екен. Көпке дейін жатып, жақында ғана тартылған айдын көлдің орынында кей-кей жерде шұқанақ-шұқанақ сулар қалыпты. Тұла бойын от шарпыған жануарлар шауып жетіп барып, шалп-шалп аунап жатыр. Қашан құлағанша жаны кеудесіне келген күйік мүскіндер де соған жете беріп әлсіреп өмірем қауып жатыр.
Қасқа тұранның маңы күйген қаңқаға толды да кетті. Ат күйіп, өзі аман қалғандар бар. Өзі күйіп, аты аман қалғандар бар. Екеуі де бірдей күйіп кеткендер бар. Екеуіне де от тимей аман шыққандар өте аз.
Өкшелей қуған өрт қалар емес. Жан-жақтан жапыра қаулап қамап келе жатыр. Айдаладағы алақандай тастақ төбеге тіреліп, өңмеңдей ұмтылып, жалп-жалп құлап жатқан жал-жал жалын толқындар. Көз жетер көк жиек түгел өрт құшағында. Мынау тастақ пен ай тақыр сондайлық көл-көсір от мұхитының ортасында қалған құрдым аралдай. Сол тоқымдай аралда зәрелері зәр түбіне кеткен бір шоғыр адам отыр. Көл жақ бетте жалын ай тақырдың өзіне секіріп түсіп, теңкие құлаған аттарды шырақша маздатып жағып жатыр. Үмар-жұмар домаланған қомағай от тіпті су ортасында әлі жаны шықпай тыпырлап жатқан шалажансар жануарлардың жалына арлан бөрідей қарғып мініп апты.
Жұртта ес жоқ. Орыс та, башқұрт та, қалмақ та, жағаларын ұстап алған. Мынау аламан-асырды салып жатқан от емес, мың-мың жын-перідей.
Құтырынып алған өрт күн батқанша басылмады. Күн батқасын да көпке дейін шартарап тегіс алаулап жарқылдады да жатты. Бір уақыттарда жел терістікке аунады. Жал-жал толқындар мана өздері типылдап кеткен өртеңге қарай шалқиды. Біразға дейін жалпылдай жүгіріп кеп, бірінің үстіне бірі артылып, омақаса құлап жатыр, құлап жатыр. Алып қызыл самұрықтардай жал-жал қызыл от өртеңге жеткесін бауырларын көтере алмай, қанаттарымен жалп-жалп жер сабалап біраз жатады да, әлден соң дәрмені құрып бықсып өше бастайды.
Ертеңіне таңертең жарқырап күн шықты. Күлегеш күн күйелеш-күйелеш жер бетін келемеждеп тұрғандай жымың-жымың етеді.
Қақ ортада мойыны ішіне кетіп, тұнжырап тұрған полковник Чижов полктен не қалып, не қойғанын анықтау үшін жұртты сапқа тұрғызды. Екі жүздей адам, алпыс шақты ат, жүз елудей қылыш, жүз қаралты мылтық... Қалғандарының бәрін кеше от жалмаған.
Арттарына қарап еді - үйткен құйқадай қатпарланып қара сай жатыр. О жер - бұ жерден жайраған ат, екпеттей құлаған адамдардың шөкім-шөкім күлдері қарауытады. Арбалардың қаңқалары сайдың арғы бетінде қалыпты.
Чижов астындағы атын әлтек-төлтек бастырып, ілгері озды. Бетті Уфаға түзеді. Бастары кеуделеріне түсіп кеткен бір шоғыр адам терістікке қарай ілбіп жүріп кетті.
Тағы да сол жым-жырт жапан түз. Тағы да сол шошаң еткен еш нышан байқалмайтын түлдыр көкжиек. Кешегі өртке ешкімнің қатысы жоқтай. Тәңірдің өзі жіберген зауалдай.
Кешегі қызыл оттың арасынан тірі шыққандардың біразы жолда аштан, шөлден өлді. Жүз елудейі әнеу күні өздері көрген шеткергі башқұрт ауылы отырған қайқан жалға емпеңдей көтеріліп еді, тып-типыл жұртты көріп, аңтарылып тұра-тұра қалысты.
Кешегі өрттің өз-өзінен тұтанбағаны енді белгілі болды. Басы Чижов болып, зығырдандары қайнап, қолдарындағы қаруларын мытыңқырай ұстап, тістерін шықырлата түсті. Қандарына қарайып келе жатқан біраз тентек жол жиегіндегі індерінің ауыздарында жайбарақат әндетіп отырған сарышұнақтарды көріп, жетіп барып, қынаптарынан қылыштарын суырып ап турап-турап тастады.
Сөйтіп тағы да үш күн жүрді. Төртінші күні түбінде сыздықтап бұлақ шығып жатқан бір жүлгеге келіп шел басысты. Пәлен күннен бері қалжырап келе жатқанда он шақты кісіні күзетке қойып, отырған-отырған жерлеріне құлай-құлай кетісті.
Қатып ұйықтап қалған Чижов білегін тікен-тікен бірдеңе шағып алғандай болғасын, орынынан атып тұрды. Сөйтсе, солдаттарының көбі байлаулы жатыр. Бірқаттары жолбарыстай алысып-арпалысып жүр. Чижов та башқұрттардың оң келгенін оңынан, сол келгенін солынан ұрып жығып, тайталасып бақты. Бірақ көптің аты көп емес пе! Оншақтысы бір-ақ атылып, алып ұрып астарына басты. Қол-аяғын буып байлап тастады. Беріспей жүргендерден де қауқар кете бастады.
Он сегіз драгун, қырық екі солдаттың өліктері жайрап қалған оңаша бұлақ басында бір-бірін көздерімен атысып бес жүздей башқұрт пен байлаулы тұрған тоқсанға жуық жетер-жетпес орыс жауынгерлер бетпе-бет қалды.
Күн қағып тотығып алған башқұрттар тірі пұшайман бұларға жан-жақтан ентелей төніп, зірк-зірк етеді.
- Е, қалай екен, анадағы бастықтарың «кері қайтыңдар» дегенде айтқан тілді алмап едің. Көрдіңдер ме!
- Сол қарғыс атқырлармен былшылдасып, босқа уақыт жіберіп тұрамыз ба? Одан да бәрін осы араға турап тастау керек.
-Жоға, бұларды осылай Уфаға айдап апарамыз. Мына далаға аттап шықса, күндерінің қандай болатынын қалғандары да біліп қойсын!
- Қалаға айдап қайтеміз?! Одан да ауыл-ауылға бөліп әкетіп, салпаңдатып қой соңына салып қоймаймыз ба?!
Орысша білетін біреуі байлаулы Чижовқа оң құлағының түбіне тұрып алып, қалғандарының не деп жатқандарын ауызы жалпылдап аударып бақты.
Бір тобы полк священигін қолға алған. Әулие әкейді енеден туған қалпында тыр жалаңаш қалдырыпты. Оларымен қоймай, жан-жағынан жапатармағай сақалына жабысып апты.
- Әй, қауға сақал молда, ал аруағыңа сиын! Бізді келіп атып ұрар ма екен, көрейік...
- Сенің әлгі тақтай құдайыңның киесі кешегі өртті нағып тойтармады, ә?
- Жоға, бұл қауға сақалды, айнадай қып күзеп тастау керек!
- Қапалап кеткен шығар. Иегіне жел тигізіп, сауабын алайық!
Сол-ақ екен бес-алты башқұрт бейшара попты алып ұрып астарына басты. Күйек сақал біреуі жалт еткізіп қынынан сапы суырды. Жарғақ шалбарының тізесіне зып-зып жанып алды. Сосын поптың басын тақымына қысып ап, шашын, сақал-мұртын сыпыра бастады. Бейшараның бұлқынғанына, бақырғанына қарар емес. Қайта ол шыңғырған сайын желіге түседі. Май бөкседен оңдырмай шымшып, көк желкеден салып қап:
- Тәйт, найсап, түз жат әрі! - деп ақырып, кісіге емес, түйеге мініп отырғандай әрлі-берлі изеліп қояды.
Дудыраған жирен сақал, жирен шашты найзасының ұшына іліп алған біреуі:
- Бұны өртеп, күлін суға қосып ішкізсең, аусыл сиыр құлантаза жазылып кететін көрінеді,- деп айқайлайды.
Сапысы жалаңдаған күйек сақал әбден желпініп алған:
- Әй, осыны біржолата мұсылман қылып жіберсек қайтеді?!- дейді.
Кеңк-кеңк күлқі қайта қозды.
Поп енді жарық дүниеден күдерін біржолата үзсе керек көзі шарасынан шыға алақтап, басымен сайдың құлама жарын ұрғылап, сусып түскен құм топырақты қарш-қарш асай бастады.
Құдайлары беріп тұрған қалың тобыр сақ-сақ күледі.
Поптың көзі аларып шығып кеткен. Аузынан қоймалжың балшық ағып жатыр.
- Қарғыс атқан тағылар!- деп ышқынады
- Уай, Чижов.
Есер топ одан сайын мөз болады.
- Әй, сәурік айғырдай қақшаңдаған мына немені де сүйтсек қайтеді!
- Сүндеттеп, әлі де әйелінің обалына қалмайын деп тұрсың ба? Одан да біржола піштіріп жіберейік!
Әумесер топ қолдарын сермесіп бірдеңе жөнінде гуілдесе жөнелді. Ең соңында біреуі кеп Чижовқа:
- Егер патшаға башқұрт даласына тереңдеп кіруден бас тарту керек деп айтатын болсаң, аман қалдырамыз,- деді.
- Патша сендердей бұзақылардың талап-тілегін қайтушы еді. Патша түгілі басына күн туып тұрған мына мен де сендердей жалаң аяқтарға бас ұрмаймын!
Аямаңдар! Атыңдар! Асыңдар! Мені де, мына қалғандарды да қырып салыңдар! Олар бәрібір өкіметке сендердің талаптарыңды жеткізбейді. Қай жерде
қолдарын босатсаңдар, сол жерде өздерін өздері өлтіреді. Бірақ, сендердің сәлемдеріңді айтып, ешқайда бармайды.
- Оп-оңай өле салғышын қарай көр!
- Мә, саған, ондай оңай рахат!
Біреу екі саусағының арасынан бас бармағын қылтитып, Чижовтың тұмсығына тақады.
- Ендеше, итке ит өлімі!
- Бұл екі тебет осы арада қалсын!
- Біреуі мынау өліктердің жаназасын шығарар!
- Әй, сол неме біреуге жаназа шығармақ түгілі өзі арам қатты білем!
- Мына сәурік мықты болса, қасындағыларымен осы арада қамал салып алсын!
- Қауқылдасқан қалың тобыр тұтқындарды аттарына өңгеріп, сай бойынан ұзай берді. Қырық шақтысын Уфа төңірегіне апарып тастап, қалғандарын ауыл-ауылдарына бөліп әкетіпті.
- Мына хабар тиісімен Уфа воеводосы Петерборға ат шаптырыпты. Әлгі масқара жорықтан тірі қалған бір-екі адамды қасына нөкер қосып, әуелі қалмақ асырып, сосын бәрін қалмақша киіндіріп Ор бойына, Кириловқа жіберіпті.
Хабаршы жігіт ділмар-ақ екен. Құдды бір қыз айттыра барған құдадай, ештеңе қалдырмай бәрін майын тамызып екжей-текжейлеп баяндап берді. Әлгі қарғыс атқандардың полк туын қалай қорлағанын айта бастағанда, Кирилов шыдай алмай:
- Доғар!- деп ышқына айқайлап орынынан түрегелді.
Есін ертеңіне өзер жиып, жұмысты тоқтатып, қарауындағылардың қаққанда қанын, соққанда сөлін алып, жолға өзірлей бастады.
Маңайда бұқпақтап жол торып жүрген жансыздар болса, көріп қалмасын деп қараңғыны жамылып сапарға аттанды. Қайда бара жатқандарын қамалда қалатындардан тек подполковник Чемодуровқа ғана айтты. Оған да: «Тісіңнен шығарма! »- деп қатты тапсырды.
- Әрі кетсе, жарты жылда башқұрттардың желігін басып, қамал құрылысына қайтып ораламын. Оған дейін жұмыс тоқтап қалмасын!- деді.
Есіне сол сөзі түскенде, көкірегі әлге дейін қыж ете қалады. «Қайтып оралды ғой!»...
Одан бері де, міне, үш жылға аяқ басыпты. Ор бойындағы қамал әлге дейін түсіне кіреді.
Суыт жүрген Кирилов қолы әлгі қарғыс атқыр Қара сайға да жетті. Көз жетер жердің бәрі күйе. Ат түяғынан ұшқан шаң да қап-қара. Аспандағы қара бұлттың арасынан түсе қалғандай, қаһарлы қол баяғы арамза бұлақтың басына кеп ошарылды. Марқұмдардың мүрдесі әлі күнге жинаусыз жатыр. Чижов бұлқына, бұлқына екі білегін арқан қиып, ақсиып сүйегі көрінеді. Ол жарасына қара шыбын быжынай жабылыпты. Полк священигі сол масқара болған орынынан тұрмастан жан тапсырыпты. Нәлет атқыр бұлікшілер екі тізесінің үстіне полк туын жауып, екі жақ шетін екі үлкен қара таспен мықтап бастырып кетіпті.
Кирилов сол араға аял жасап, марқұм болған отандастарына қабір қазып жерледі.
Шәйіт полктың туын сүйіп тұрып, жер тізерлеп ант берді.
- Жақсылықты білмеген жалба тымақтардың бірде бірі тірі жүргенде сендерің кектеріңді түгел қайтардық деп ойламақшы емеспіз. Ол мына зұлымдықты жасаған қанқұйлы дұшпанның көзі түгел құрығанда ғана қайтады.
Кирилов ай даладағы моланың басында осы сөзді айтқанда тісі тісіне тиіп сақ ете қалды. Жағы қарысып қалғандай содан қайтып ауыз ашпады. Әншейіндегі көлкөсір жазық маңдайы бір уыс боп бұрысып тырысты да қалды. Екі қасының арасына түскен ай сызық қанжардай қадалып тұрып алды. Ешкім маңына батып бара алмады. Тевкелевтің өзі ләмим тіл қатпай, анадайдан қасы мен қабағына қараумен болды.
Кирилов өмірінде өшпенділіктің құдіретін сонда үқты. Қай жағына қараса да тісін қарш-қарш қайрап, өшпенділік кезеніп тұрғандай. Анадағы жасыл масатыдай құлпырып жатқан көгал өлкенің өзі сол өшпенділіктің уы тамып қурап күйіп кеткендей. Алыстан көлденең сұлап жатып алатын деңбек жалдар әлдекімнің долырған кезінің алдында күлтілдеп тұрған ісіктей.
Осынау ұлан-асыр далада сол кіжінген өшпенділіктен басқа ештеңе жоқтай. Сол көк жұлын өшпенділік тиген жерін түйрей кетер тікен боп есіп, ошаған боп балағына жармасып жатқандай. Сол көк жұлын өшпенділік біресе бас сүйегіңді тірілей қуратып жібергісі келгендей ап-ащы күн көзі болып қадалып, біресе сап-салқын терістіктің ызғары боп сүйегіңді шағып, көкірегіңнен кері итеретіндей. Сол көк жұлын өшпенділік мынау тырбиған-тырбиған сұрықсыз сұмырай шөптесіннің арасында шаян боп, бүйі боп, қарақұрт боп, жылан боп жорғалап ыңып жүргендей. Сол көк жұлын өшпенділік көзге көрінбес қараңғы түнде ши бөрі боп ұлып, түлкі боп сақ-сақ күлетіндей.
Мына далада сені жақсы көретін ештеңе жоқтай. Бәрі де сені шағып алғысы кеп, тырнап алғысы кеп, тістеп алғысы кеп жатқандай. Жабыса кетеді, жармаса кетеді, жағаласа кетеді. Тіпті ауасы екеш ауасының өзі тіліңді қуырып, тынысыңды тарылтып, өзегіңді күйдіріп бара жатқандай. Маңайдан қайдағы бір күйік исі, күңірсік исі, өлексе исі шығатындай.
Жымиып жатқан мынау жылпос дала нағыз сыр алдыртпас сұр жыланның өзі болса керек. Өңмеңдеген сайын өкпеңді өшіре түскісі келгендей көлкесір далия түседі. Шөлдеген сайын бедірейе, тоңған сайын аңылжи, ішің пысқан сайын құлази түседі.
Құдай ыққа, саяға, мәуеге жаратпаған мына дала жүргіншіге жақсылық жасау дегенді атымен білмейтіндей. Жақсылыққа қандай кенде болса, қаныпезерлікке сондай мырза. Аспандағы күнінен бастап жердегі жантаққа дейін тек сол қаныпезерліктен ғана тұратындай.
Тамұқтың өзі де тап мына безер даладан асқан тауқымет емес шығар. Мына тамұқтың тауқыметінен өніп-өскен мақұлық кімді аясын? Селкеу шықсаң қылғыта салуға, қылжита салуға өзір тұратын шығар. Адамдары екеш адамдарының да істеп отырғандары жаңағы ғой. Құдай бұларға тәуелді қыла көрмесін! Бұларға тәуелді болсаң, көретінің әлгі!!! Бұларды тек езіңе тәуелді қылып қана күн көре аласың. Сондықтан олардың қылмыңдаған көзіне де, жылмиған жүзіне де, жылпылдақ сөзіне де илануға болмайды! Олары да бір мына даланың сағымы да бір. Оған сенсең - қайтып арам қатқаныңды өзің де білмей қаласың... Баяғы өткен-кеткендердің жазып қалдырғандары ыпрас екен.
Талай жерде ауызын күйдірген өкініш пен ызаның дертінен сарғайып кеткендей сол бір көне қағаздардан асқан көріп кел жоқ екен...
Кирилов қанына қарайып келеді. Мына далада уды тек у ғана қайтара алады. Ауасының өзі өшпенділіктің уы боп тұнып тұрған бұл далада тек өшпенділік қана сені өрге бастап, өшпенділік қана саған бірдеңені жүзеге асырғыза алады. Онсыз өзің өшпенділік құрбаны болып кете барасың. Одан да енді жолыңда кездескен жалба тымақтардың бәріне кәріңді төгіп, қанға тұншықтырып бақ... Олар аямағанда сен аяйсың ба?! Олар мынау құлазыған қу даласын қимағанда, сен жәннәттың төріндей жайсаң армандарыңды, қолға алдың-ақ, орындала кеткелі тұрған ғажайып жоспарларыңды қайтып қия аласың!
Жалба тымақ бұратана елім бар, жерім бар деп бұтқа толғанда, сенің елің, сенің жерің жоқ па екен! Ол тышқақ жылқының сасық құйрығының сатпақ қылын шошаңдатып төбеңе ойнатқанда сен императрицаның жібек туын топыраққа аунатып қайтып тыныш отыра аласың!
Ұрынған өздері. Өз обалдары өздеріне! Әлін білмеген әлек деген осы! Қайткен күнде де іргелі Россия қайдағы бір түз бұзақыларының шалдуарлығына жол беріп отыра алмайды. Тағылықтың алдында тізе бұге алмайды.
Бұл мынау жапан түзге ол үшін аттанған жоқ. Жалба тымақ жабайылықтың алдында өнер-білімнің, ғылымның, цивилизацияның туын жығып беруге келген жоқ. Анадағы Чижов полкына істелген қастандық ең алдымен бұған жасалған қастандық. Қастандықты қатаң жазалау, зұлымдықты жер жастандыру ешқашан қылмыс саналмақшы емес, ерлік саналмақшы.
Тарих мұнын басын мұндай сынға салса, одан да сүрінбей өтуге күш салып бағады. Ол, не де болса, шегіне алмайды, неден де болса, тайына алмайды. Өйткені, оның шегінгені - ғылымның шегінгені, цивилизацияның шегінгені, тағылықтың мейманасы тасып, жабайылықтың иығы асқаны. Олай етіп қойып тірі жүре алмайды. Оның жалба тымақтарды жазалағаны белгілі бір халықты жазалағаны емес, жабайылықты, надандықты жазалағаны болып табылады. Жабайылық пен надандық аңғалдығы мен аңқаулығы арқасында ғана аман қала алады. Ал егер жабайылық пен надандыққа зұлымдық қосылса, ол нағыз жыртқыштыққа айналады.
Жыртқыштықты аяуға, кешірім жасауға болмайды. Жыртқыштықты аяған ертең соның аузында өзі кетеді.
Расында да, бұл нағып байқамаған... Мына жалба тымақтарды тойғаннан басқа арманы, ырду-дырдудан басқа құмары жоқ аңғал жұрт деп санаушы еді. Баяғыдағы Уфада тұрғандағы үйінің аула сыпырушы щалына қарап, еңбекке үйретсе, өздері қыруар пайда тигізе алуы да мүмкін екен деп ойлаған. Сөйтсе, нағыз екі аяқты ши бөрілер екен ғой. Ығы-жығы Уфада моп-момақан болып жүргенмен, ұлы түзге аяқ басты-ақ, тісін қайрап, жан-жағыңнан анталай қамап, арс-арс етіп қоя бермеді ме! Анада Ор бойына жеткенше қылмаған қысастығы, көрсетпеген қорлықтары қалды ма! Онда әйтеуір күштері жетпеген соң, дегендеріне жете алмады. Күштері жеткенде, Чижовтың полкінің кебін бБұлар да киетін еді.
Соны ойлағанда Кириловтың тұла бойы түршігіп кетеді. Онда бұның барлық арманы адыра қалды дей беріңіз. Тәуба, тәуба! Мынау өңшең ңорқау жайлаған жапан түзде әлі күнге аяғынан тік басып, тірі жүргеніне тәуба! Мына қай-қайдағыны ойлайтын да жүретін сүңғыла басы бір бұтаның түбінде құрт-құмырысқаға жем болып қурап жатпағанына шүкір де!
Ондай күнге жетпеу үшін де мынау жыртқыштардың көзіне көк шыбынды үймелетіп баққаны дұрыс. Есіріп кетпей тұрғанда естен тандыра соққандары дұрыс. Өйтпесе болмайды. Олары, түптеп келгенде, бұлардың өздеріне пайда! Сөйткенде ғана олар ерте бастығады. Ерте бастықса, айтқанға тез көнеді. Айтқанға көнсе, далақтап құр бекерге шапқылай бермей, өнер білім үйренеді. Өнер-білім үйренсе, бұларға да, өздеріне де қыруар пайда түсіреді. Сондықтан қазіргі қаталдығы түптеп келгенде жасаған жақсылығы боп шығады. Олардың болашағына рақымды болғың келсе, қазіргі бұлталағын аяусыз жазалап бақ... Әйтпесе, бұларды көріп, ертең басқалары да құтырып жүрсе... Жалба тымақтың аты бір жалба тымақ... Бүгін ханзадасын елшілікке жіберіп, сызылып тұрғанмен, ертең мынау қайсақтардың да қандай мінез шығаратынын кім біліпті?! Ендеше, мінез шығарғандағы көретін күндері қандай болатынын қазірден бастап көріп алсын!
Кириловтың алақаны ду-ду қышып қоя берді. Жалақтап жан-жағына қарады.
Әншейінде беталды құла түзде қаңғыратын да жүретін башқұрттардан ешкім көзге түсе қоймаған. Көз ұшында бұлтылдаған қарайғаннан дәметсең, жақындай келе не бұта, не суаттан шығып өріп бара жатқан құлан, қарақұйрық, киік болып шығады. Ызаланып келе жатқан қол оларды да талай рет қан-жоса қылды.
Әбден күдер үзе бастағанда жер түбінен әлдене шалқар теңіздей шалқып қоя берді. Көл екен дейін десең, өн бойы өңшең тау-тау үйік. Сол дөңкигендердің арасында қыбырлап-жыбырлап бірдеңелер жүр.
Кирилов жол бастаушылардың біреуін қасына шақырып:
- Мынау не?- деп сұрады.
- Табын қаласы.
- Анау қыбырлағандар не?
- Көлден түз алып жатқан жұмысшылар. Кирилов дегенмен тіксініп көп маңайлай қоймай алыстан орағытып бара жатыр еді, кенет...
Әлгі көл бетінде қыбырлап жүргендер ерсілі-қарсылы жүгірісіп қарбалысты да қалысты. Дөңкиген-дөңкиген түз тауларының тасасынан атқып-ытқып салт аттылар шыға келді. Құйындай ұйтқыған шапшаң жүрістерінен болмаса, қапелімде олардың не екенін аңғара қоюдың өзі де қиын еді. Өңшең бір сорайған-сорайған ақ сырық... Жолда не жатса да қарамай қүйғытып келеді. Үсті-бастары шаң-шаң, тозаң-тозаң... Манағы жер түбінен шалқар теңіз боп шалқып көрінген қалқып жатқан су емес, жылмиған теп-тегіс сор болып шықты. Сонау тұз шығарып жатқан түп жағында ғана жұқанақ- жұқанақ судың жұрнағы болса керек. Жиек жағы ай тақыр. Ақ шағылтақ тосап басқан ай тақыр мың-мың күміс ұнтақ шашып тастағандай жалтырап көрінеді. Сол мың-мың күміс ұнтақтың арасында мың-мың ебіл-себіл бірдеңелер желкілдеп шауып келеді. Қапелімде, әлгі бақташы башқұрттар көп айта беретін ши мұрындар екен деп қалатындайсың. Олар да осындай сортауыт жерлерде көп жүреді деуші еді. Ендеше, мынау көз нұрын суырып жылтырап, жалтылдай мың құбылып жатқан ақ шағылтақ кеңістікте жүрмегенде олар қайда жүреді! Жер түбінен бұларды көріп өре тұрегелулері мүмкін ғой. Мына қырсық түзде не жоқ дейсің! Ештеңеге де таңғалуға болмайды.
Кирилов көзіме қос көрініп тұрған жоқ па деп дүрбі салды. Жоқ, мыналарың жын-шайтанға келіңкіремейді.
Ши мұрындардың аяғы теріс бітеді, өкшелері ілгері, башпайлары артына қарап тұрады деуші еді. Мыналардың үзеңгідегі аяқтарынан тап ондай ештеңе байқалмайды. Аяқтары кәдімгі аяқ. Мұрындары да ерсі шошайып кетпеген. Кәдімгі өзіміздің сығырақ көз жалба тымақтарға тән дөңгелек жүз, доғал тұмсық. Бұлардың бәлен күннен бері жолықтыра алмай келе жатқан бұзақылары. Көктен тілегенді жерден беріп ойда жоқта опыр-топыр шыға келді. Қапы қалмай сілтеп бағатын-ақ түс. Бірақ, бұларға бірден дүрсе қоя берсең, әп дегеннен жұдырығың қатты тиіп, тез шығынтып алуың мүмкін. Онда бұлар тағы да мынау құлазыған қу медиенге тырағайлай безіп, құтылып кетеді. Жоқ, оларды тап бұл жолы өйтіп аман-есен жіберіп қоюға болмайды. Ұтылап тиісіп қырып салу керек. Ол үшін бірден еңсере соқпай, біразға дейін жеңістік беріп желпілдетіп алулары керек. Сонда бұлар білетін желбуаз жабайылар болса, ар жағында далақтап өлген-жіткендеріне өздері-ақ қарамайды. Сосын жусата бер, жусата бер... Қайдан оқып еді, бұлар қашса қүтылады, қуса жеңіледі... Ендеше, олардың қашқанынан бұлардың қашқаны дұрысырақ... Өздері қарақұм ғой... Бес-алты мыңнан асып жығылмаса, жетпей жығылмас түрі бар.
Өңмеңдеп шауып келе жатқандардың алдынан о жер-бұ жерден көкшіл түтін бұрқ ете қалды. Алдымен аттан жығылған бұзақылар емес, бұның сарбаздары болды. «Қайта сонысы дұрыс»,- деп қойды ішінен бұл. Өзінің осыншама салқын қандылығына өзі таңғалып тұр. Дойбы ойнаған кісі де тап бүйтіп самарқау тұра алмас.
Көл жақ шетте опыр-топыр басталды да кетті. О жер, бұл жерде опыр-топыр көбейді. Ойнақтап құр аттар шыға бастады. Сарт-сұрт қылыш дыбысы күшейді. Екі жақтың да арқасы енді жіпси бастаса керек. Кирилов аспанға мылтық атты.
- Бөгелмеңдер. Қаша ұрыс салыңдар.
Аңырып қалған әскер бұның арғы ойын ұқты ма - ұқпады ма, әйтеуір бұйрыққа құлақ салып шаужайлай жабысқан жалба тымақтардан сытылып шыға бастады.
- Аруақ! Аруақ!...
Айқай арт жақтан шықты. Масаттанған башқұрт қолының даусы.
Кирилов та: «Иә, сәт!» - деп келеді. Өз есебі тура келді. Әумесер түздіктер енді еліре түседі. Олармен ешқайда бөгеліп шайқаспай-ақ, осылай сүмеңдетіп соңынан ертіп алулары керек.
Тиіп-қашып төрт рет шабуыл жасап, төртеуінде де ойсырата соққы ала қоймаған башқұрт қолы отрядқа Уфаға жақындағанша ілесіп барды. Қос қапталдан ойда-жоқта тап беріп, ұйқы-тұйқы қылады да тайып тұрады. Содан біраз уақытңа дейін қарасын көрсетпейді. Енді «құтылған шығармыз» дей бергенде қиқулап тағы жетіп келеді. Сондай бір көз таса көздерінде Кирилов отрядты үшке бөліп, екі бөлігін тосқауылға қалдырды. Айдау жолдың үстіндегі ортаңғы бөлік Уфа төңірегіне енді тұмсық іліктіре бергенде тағы да қиқу шықты. Бұл топтан үстем түскен бұзақылар әбден желігіп алды. Алты мың кісілік қол түгел қаптағайлап еміне шапты. Кириловқа керегі де сол еді. Тасадағы тосқауыл андыздап шыға келгеңде, жол торушылар қатты састы. Тең жартысы ғана өзер сытылып шықты. Қалғандары оққа ұшты, қолға түсті. Сөйтсе, олар - Қазан жолындағы Ақай Қасымовтың қарауындағы башқұрттар екен. Көсемдері әлгі қоршауды бұзып өткендердің арасында аман кетіпті. Ең соңында бір тобы өлермендікке салып әрең қүтылып еді, солардың қақ маңдайындағы ала мойнақ шабдар атты сол Ақай боп шықты. Оқ жетпес жерге барғасын атының басын кілт тежеп артына бұрылып қараған. Кирилов: «Бұл не қылған көк жұлын еді!»- деп дүрбі салған. Шабдардың арқасына шаншыла жайғасқан еркектің дене бітімі де, бас қондырысы да шаршы екен. Кеспелтек денеден бірден басталған шар табақтай дөңгелек жүз дүрбінің шынысына өзер сыйып тұрған. Қызыл тамыры білеуленіп кеткен екі ала көз шаншыла қадалған. Телміре қарап тұрған бұның тінткі назарын шалып қалғандай кіжіне тістеніп, шықшытын ойнатқан. Сол бір астам немені мынау қолдарын артына байлап, сүмірейіп алдына түскен сүмпайы немелердің арасынан көре алмағанына қатты екінген. «Қап, бәлем, ақыры қолыма бір түсерсің!»- деп кіжініп аттанған.
Бірақ, кейін бұның қолына түсуін түскенмен, бұл оған ештеңе істей алмады. Кириловтың ұзын қолы ойда жоқта қысқарылып қалып еді.
Алты мың башқұрт қолының жартысын жайратып салған отряд Уфаның ирек көшелеріне дабылдатып кірді.
Уфа бұларды бір кезде қалай үлкен-кішісі қалмай соңдарынан телміре қарап шығарып салса, тап солай анталай қарап қарсы алды. Көк шарбақтың ар жағынан, қарағай қақпаның саңлауларынан, оймыштап тастаған терезе жақтауларының арасынан сығалап баққандардың қызықтап тұрғаны да, қуанып тұрғаны да, жоқ үрейленіп тұрғаны да белгісіз еді. Бірақ, солай көздерін алмай телміріскендері Кириловтың жанына жағып келеді. Қиын қамалдарды алған қолбасшының өзі жеңген шаһарға неге маңғазданып, неге масаттанып кіретініне енді түсініп келеді. Дүниеде жеңістен тәтті не бар десеңші! Жеңістің дәмін татқан кісі де әлде бір желік бітерер жеміс жеп қойған кісідей өз-өзінен шалыққа берілмейді дейсің бе? Кирилов талай нәрсені армандағанмен, ол бастап шайқасқа түсіп, жеңіске жетем деп армандап па еді. Баяғыдағы қағаз көшіруші Кирилов оқымыстыға айналды. Оқымысты Кирилов бір өлкенің тағдыры өз қолындағы билік иесі ұлыққа айналды. Ұлық Кирилов енді, міне, аяқ астынан тапқыр да батыл қолбасшыға айналды. Алғашқы қадамы сәтті басталды. Шаужайына жармасқан бұзықтарға қанды ноқта кигізді. Енді тек осы бағытынан, осы қарқынынан танбауы керек.
Баяғыда Ор бойына аттанарда түскен үйінің қарағай қақпасынан осылай лепіріп аттанған көңілі бір кешке жетпеді.
Кешкі шайдың үстінде Дьяков бас сұқты.
- Ваше превосходительство...
- Ол не?
- Сізге Мензелинскіден хабаршы шабарман кеп тұр.
- Шабарман... Мензелинскіден?..
- Иә, генерал Румянцев жіберіпті...
- Румянцев?.. Ол бұл жақта не бітіріп жүр? Кирилов орнынан ұшып тұрды. Неге екені белгісіз, өз-өзінен қол-аяғы дірілдеп қоя берді.
- Бар... Айт... Кірсін де...
Сырттан мұрты ширатылған серейген ұзын офицер ширыға аттады.
- Ваше превосходительство...
Сызданған ұзын мұрттың астынан сызғыра шыққан көп сөздің не жайында екенінде ісі болған жоқ. Ол ұсынған пакетке қол созды. Сыртындағы қырық жерден жапсырып тастаған сұр желімді бытырлата сындырып, ашып көріп еді... Бәрі түсінікті болды... Патша ағзамның бұйрығы екен. Бұл жақтағы бүлікке астанадағы шонжарлар да қатты дүрлігіп жатса керек... Мына аймақтағы бұрынғы әскердің үстіне үш мың торғауыт қолы, бір мың Дон казактары, екі мың Жайық казактары қосылыпты. Сол әскерге бас қолбасшы қып генерал-лейтенант Румянцевты жұмсапты. Бұған: «Башқұрт ереуілі басылғанша Румянцевке бағынасың. Оренбург экспедициясының жұмысын кідірте тұрасың»,- депті.
Кирилов қолындағы пакетті қайда қоярын білмей қаңғалақтап тұрып қалды. Бастағы дәурен бір күн болмай ұшты да кетті деген осы! Енді оның оралар-оралмасы мынау бұралқы бұзықтардың желігінің қаншалықты тез арада басылар-басылмасына байланысты.
Баяғыдан бергі жоспарларыныя күл-талқаны шығып, қанына әбден қарайып алған Кирилов сентябрь айында Мензелинскіге тартты.
Қала шетіне лагерь тігіп жорық үрдісімен орналасқан генерал-лейтенанттың ала шатырына статс-советник Кириллов бастығына емес бағыныштысына келе жатқандай қабағынан қар жауып түнеріп аттады.
Әскери адам болғанмен арсы-күрсілікті жақтырмайтын Александр Иванович орнынан тұрып жадырай қарсы алды.
- Ә, дала Колумбысы, қалай аман-есен жеттің бе? Ашуға булығып түтігіп тұрған Кирилов дәрежесі үлкен ақ сүйектің алдында иба сақтауға тырысты.
- Жеттік қой, мәртебелі тақсыр! Екатеринбург заводтарының басшысы Татищев мырза да осында екен. Жап-жалпақ маңдайын жарқыра-тып жымсия қарайды.
Дүние болса асты-үстіне шығып аламан-асыр болып жатыр. Ал мына екі ақ сүйек болса жын-ойнақтан бірге қайтып, қыз алдындағы «еркеліктерін» айтып мақтанысқан екі жармес бозбаладай жайбарақат машһурат құрып мында отыр!..
Кирилов мұндай қорлыққа шыдай алар емес. Башқұрт жайы ауызға іліге бере орынынан атып тұрып, анада Қарасай бойындағы масқарадан басына келген ойын ңызына баяндай жөнелді.
Қарсы алдында жұмсақ сәкіге белуарынан үйелей жайлы жайғасқан екі шонжардың сол баяғы міз бақпас қалыптары.
- Оқты аямау керек дейсіз, ә!
Румянцев бұның жауабын естіп алып, бір ырғалып қойды.
- Одан басқа жолы жоқ па сонда?
- Өйтпейінше бұл әуре-сарсаң көпке созылып кетеді.
- Оныңыз рас!
- Генерал-лейтенант башқұрттардың ереуілінен гөрі мұның қызбалығына көбірек қайғыратын кісіше қабағын шытына сөйледі.
- Бірақ, ондай қантөгіс бұратаналарға қалай әсер ететінін анық білесіз бе?
Кирилов та қолма-қол жауап берді.
- Білетіндей несі бар?! Башқұрттардың қан қапқанына қабырғасы қайысайын деп тұрған қайсақтар мен қалмақтар жоқ. Оларға қайта сол ежелгі
бөсекелестерінің жер болып жанышталғаны керек.
Румянцев пен Татищев бір-біріне қарады.
- Мүмкін, - деді генерал иығын бір қозғап қойып. - Қалмақтардың сүйтсе сүйтуі мүмкін. Бірақ, қазір олардың ауыздарына алалық түсіп, өзара кикілжіңдесіп жүрген көрінеді. Қалмақтардың арасында да патша ықпалынан іргелерін аулақ сала тұрғылары келетіндер табылып жатса керек. Ал қырғыз-қайсақтарға келетін болсақ, олар біздің ықпалымызға жаңа-жаңа илігіп
келеді. Үш орданың бүгіндікке тек біреуінің ғана беті бері қарап отыр. Екеуінің қалай қарай аунап кететіні әлі күнге белгісіз. Мұндай жағдайда олардың: «Орыстардан пана іздеп жүрсек, қол астындағыларға көрсететіндері мынау
екен ғой»,- деп шоршып түсулері де ықтимал. Оның үстіне дәл қазіргі кезде бізге екі жақтан бірдей майдан ашу атымен тиімсіз. Сізден жасыратын ештеңе жоқ. Мені осы тарапқа жұмсарда алдияр императорымыз: «Күнгейдегі Портамен, соның шылауында жүрген қырымдықтармен, ноғайлармен екі ортадағы көп
жылдан бері бітпей де, қоймай да созылып келе жатқан шырғалаңдарды бір жақты қылатын кез жетіп отыр1. Мұндай тұста шығыс бетіміздің дүрлікпей тыныш тұра тұрғаны жөн болар еді» - деді. Біз мұны патша ағзамның өз аузынан естіп-біліп отырып, мұнда башқұрттарға қатыгездік көрсетер болсақ, күллі мұсылман дүниесін өзімізге қарсы қойып алуымыз әбден мүіуікін ғой. Ол
бізге, өзіңіз білесіз, онша оңайға түсе қоймас еді.
Кирилов генералдың мына сөзі өзіне тап анау айтқандай әсер етпеген сыңай танытты. Көзін екі мырзаның екеуіне де кезек-кезек тіктеп кекірейе сөйледі.
- Мен сіз секілді әскер адамы емеспін. Бірақ, менің білуімше мынау түздіктер мен Түркияның арасы жер мен көктей. Түркияның флоты, мықты бекіністері бар. Оның үстіне жарты Европаның ауызын алып үлгерген ел. Ал мынау соғыс ісінен мұрындарына иіс те бармайтын арда ереуілшілерді табанға салып таптап тастау тап онша сіз айтқандай қиын қысталаң шаруа бола қоймас. Бұлардың бүлігінің неғұрлым тез жанышталғаны қайсақтар мен қалмақтарға соғүрлым жақсы. Олар да біз тараптан енді аяқтарын тарта жүретін болады.
Осы арада манадан бері қаймыжық ерінінің бір жақ езуіне монтаны күлкі жасырып, жымсиып отырған Татищевтың дөңес маңдайы жалт ете қалды.
- Иван Кирилович, олар аяқтарын тартуын тартар-ау! Бірақ, аяқтарын тартқызамыз деп жүріп, біржолата безіндіріп алып жүрмесек жарар еді. Өзіңіз жаңа айттыңыз. Олардың тұрақты әскері, флоты, өзіндік
сыртқы саясаты жоқ. Сол себепті де оларға бір жақтан секем алса, Бұлтарып екінші жаққа шыға келу тап онша қиынға түспейді. Оның үстіне, өзара қанша қырқысқанда да, бізден гөрі бір-біріне етенелеу ғой. Түтісулері де, бітісулері де оңайырақ. Башқұрттардың ар жағында
қайсақтар жатыр. Қайсақтардың ар жағында жоңғар тұр. Жоңғардың желкесінде - қытай. Кеше бір-бірімен өштесіп, бір-бірлеп біздің қолтығымызға кеп тығыла бастаған бұратаналар енді шошынып қайтадан өзара ынтымақтаса бастаса, біз үшін одан асқан соққы жоқ.
Патша ағзамның аңғартып отырғаны да сол болса керек.
Кирилов түксиген қабағын бәрібір ашпады.
- Бәрі де мүмкін. Менің жаңғыз-ақ анық білетін нәрсем - мұндай бүлікті көпке созылтып жіберуге болмайды. Қалған бұратаналардың қалай-қалай шалқалақтайтынын сонда көреміз әлі! Ақылынан ашуы, сабырынан үрейі үстем түсіп жататын тағы ел неғұрлым еңсере қимылдасаң, солғүрлым тезірек тізе бүгеді.
Татищевтің қаймыжық ерінінің бір қиығы тағы да бүлк ете түеті.
- Еңсере қимылдаудың түрі көп қой, Иван Кирилович! Біздің байқауымызша, башқұрт даласының пұшпақ-пұшпағындағы шоқ-шоқ өрттер әлі бір тұтас алау боп бір-біріне үласа қойған жоқ. Солардың басы
қосылып кетпей тұрғанда пәрменді әкімшілік шаралар қарастырғанымыз жөн. Өйтпей, бірден жұдырыққа күш салсақ, әлі ауыз біріктіре қоймаған тайпа көсемдері тезірек тіл табысып, бір тұтас қатерлі күшке айналып
кетуі ықтимал.
Осы арада Румянцев масаттана жымиып орнынан тұрды. Оған шамданып ңалған Кирилов Татищевтің сәуле жоқ жерден сәуле тауып, өз-өзінен жылтылдап, жалтырап тұрған жазық маңдайына ызалана қарады.
- Ал сонда әлгі пәрменді әкімшілік шараларыңыз қандай болмақшы?
Татищевтің орынына Румянцев жауап берді.
- Оны ақылдасуымыз керек. Сіздің келгеніңіз мұндай жақсы болар ма? Әйтпегенде шақыртушы жібергелі отыр ек.
Орал заводтарының іс басқарушысы жымсиып күлді де қойды.
- Мынау айдап әкелгендеріңіз кім?
- Ереуілші башқұрттар.
- Өздерін жақынырақ барып көрсек қайтеді?
- Көрсек, көрейік.
Үш шонжар лагерьдің шет жағында қарулы сақшылардың алдында тізіліп тұрған башқұрттарға беттеді. Қастарына келіп, бір-бірлеп беттеріне үңілді. Орыс шонжарларының не істегелі тұрғандарын біле алмай башқұрттар аң-таң. Башқұрттарға қосылып Кирилов та аң-таң. Румянцевтың бөз-баяғы басқанынан жер ойылатындай нығыз қалпы. Татищевтің көк тайғақ мұздай жалтырап жатқан жымысқы иегінде бір жылпос сөуле дірілдейді.
Былайырақ шыққасын, Орал заводтарының іс басқарушысы Румянцевқа қарап көзін шүйіріп:
- Мына башқұрттардың киім-кешектеріне, қару-жарақтарына ешкімге қол сұқтырмау керек. Өздерін біздің, әкіреңдеген солдаттардың еркіне бермей күтіп үстаған жөн,- деді.
Румянцев мынаны естігенде селк етіп басын көтеріп алды. Кириловқа қарап:
- Сіз қалай дейсіз?- деп сұрады.
- Ыза болған Кириловтың қапелімде ауызына сөз түсе қоймады.
Румянцев адьютантына бұрылды:
«Мынау екі шонжар мұны мазақтап келе жатқаннан сау ма?» Кириловтың қол-аяғы қалшылдап-дірілдеп қоя берді.
Екі шонжардың мазағы бір бұнымен бітпеді. Арада екі күн өтпей жатып, Румянцев бұл қойдай көгендеп әкелген башқұрттарды тағы да сапқа тұрғызды. Нәлеттердің қылшығы қисайса, не дейсің? Сақал-мұрттары май жағып қойғандай жылт-жылт етеді. Үш күн бойы қайын жұрттарына келіп, қыз ойнақта жатқандай, жүздері күреңітіп алған. Бірақ - көздерінде ғана әлде бір абыржушылықтың сесі бар. Таңғалмай да қайтсын! Үш күн бойы оларға әнеу күні, мұның алдында келе жатқандарындағыдай жекіген ешкім жоқ, жекеленген ешкім болған жоқ. Тұла бойларына қылау түспеді. Астан-судан кенделік көрсетпеді. Бұларға неге бүйтіп елбектей қалды. Әлде жазалар алдында әдейі осылай істейтін әдеттері ме? Бәлкім, бұл да табалағандарының бір түрі шығар. Кирилов та солай ойлаған. Ылғи алтын мен асылдың төңірегінде жүріп айлакер боп қалған аққаптал Татищевтің көзіндегі мүттәйім ұшқын тегіннен тегін бола қоймас. Румянцев ештеңе болмағандай нығыз тұр. Тек бұл ғана кешегі Орынбор экспедициясының бастығы Кирилов қана, саптағы жаудырай қарасқан башқұрттарға бір қарап, мығым тұрған екі шонжарға бір қарап, ештеңеге түсіне алмай аң-таң. Екі шонжар үш күн бойы бұнымен бір де бір рет тіл қатыспады. Егер олар осыдан бұның көңілінен шықпайтындай іс жасаса, онда аянар ештеңесі жоқ. Тура императрицаның өзіне жазады. «Мына екі шонжар башқұрттармен бітісеміз деп, бүлікшілермен ауыз жаласып кетті»,- дейді. «Ұлы империяның мүддесін аяққа басты»,- дейді. «Мынау ен байлыққа тұнып жатқан ұлан-асыр өлкені зерттеу мен игеруді тағы да пәлен жылға шегіндірмекші»,- дейді. «Егер арда түздіктер осы жолы дегендерін істетсе, бұдан былай жалына қол апартпай жағаласып кетеді»,- дейді. Ештеңеден тайынбайды. Петербургке аттанып кетеді. Бір күн де кідірмейді... Тек бұның ойынан шыңпайтындай іс істеп көрсін бәлемдер...
Румянцев лагерь бастығына бұрылды: - Тұтқындардың қару-жарақтарын өкелгіз... «Мынау не істегелі тұр-ай! Бұлары нағыз сатқындық қой! Татищевтен бәрі де шығуы мүмкін! Императрицаның қаһарына ұшырап, талай жылдан бері шет аймаққа қаңғып кеткен неменің оған қай бір іші жылиды дейсің... Мұқатқалы тұрған шығар... Ал мына генералға не жоқ! Патша сарайы бұны өз әулие көрмейтін бе еді... Императрица мұны министр қоймақшы да болған. Бас тартқан өзі десетін. Енді мынауы қалай? Аяр Татищевтың ықпалына мұнша түсіп, қандай абырой таппақшы. Әлде сарайдан алты қат алыста не істесем де қолымнан қағатын кім бар дегені ме... Жә, артын күтейік...»
Сарт-сұрт кеткен бір сап солдат тұтқындардың қару-жарағын ұстап бір қапталға кеп тізіліп тұра қалды. Башқұрттар бұрынғыдан бетер аң-таң. Кириловтың қабағы бұрынғыдан бетер түксиді. Оң қолтығының асты біреу біз тығып алғандай сыздап қоя берді. Қарап тұрып алқымы қышып өз-өзінен түншығып барады. «Мыналар не істегелі тұр? Бұлары опасыздық қой!..»
Румянцевтың дауысы саңқ ете қалды.
- Мен бұл тарапқа ұлы императрица ағзамның арнайы тапсырмасымен келіп тұрмын. Тәж иесі қарауындағы жұрттың мынандай бассыздығына қатты ренжулі. Бірақ, бұл бүкіл башқұрт жұртының емес, кейбір бүлікші топтың азғырынды әңгімесінің қырсығы екенін жақсы біледі. Сондықтан да маған башқұрт игі жақсыларының алдынан әлі де болса, бір өт: «Мынау бұзақылықтарынан үзілді-кесілді тыйылар болса, өткен-кеткенді елемей кешірім жасаймын. Ешкімді жазаламаймын. Ол үшін бірақ башқұрт ру басылары менің өкілімнің алдында өздері кеп мойын ұсынып: «бұдан былай мұндай азғырынды әрекеттен аулақ жүреміз»,- деп құран ұстап, ант берулері керек. Сонда олардың өздеріне де, қарауындағы елдеріне де рахым жасалады»,- деп хабарлауды тапсырды. Сіздердің Россия империясына жасаған қиянаттарыңыз ең қатал жазаға лайық болса да, мен мейірбанды императрица ағзамның атынан бәріңізге кешірім жариялауға бекіндім. Бірақ, тұтқыннан босаған бойда, өз жұртыңызға ұлы императрица ағзамының әлгі дүғай сәлемін бұлжытпай жеткізуге уәде бересіздер...
Тұтқындар сапы гуілдесіп ала жөнелді:
- Айта барамыз...
- Уәде береміз...
- Ру басыларын ант беруге көндіреміз... Татищевтың кең маңдайы бұлт арасынан оқыс шыға келген күн сәулесіне шағылысып жарқ-жүрқ ете қалды.
Румянцев тұтқындар сапын әлі сынай қарап тұр.
Кириловтың қолқасы кеудесіне симай, тұншығып барады.
- Тұтқындардың қарулары өздеріне таратылып берілсін!
Башқұрттар тұрған-тұрған жерлерінде етпеттей құлап, жер сүйіп жата-жата кетісті. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Ешкімде үн жоқ. Тек Кириловтың ғана құлақ шекесі әлденеге шыңылдап ала жөнелгені.
Румянцев пен Татищев сыр шашпаған қалыптары бір-бірінө қарасты.
Кирилов содан жарты айдай төсектен тұра алмады. Өн бойын бір сімсі тер алып, аю терісінен тігілген қалың тонға оранып жатты да қойды. Бірақ, бұл мынау күннен-күнге діңкелетіп, құртпай тынбауға айналған жегі дерттің сонда жабысқанын білген жоқ-ты. Ондағы бар ойы екі шонжардың бұған айтпай не істегелі жатқанында еді. Бас қолбасшының айлапат шатыры жақтан бұны іздеуші табыла қоймады. Салақ солдаттың шинелінің шалғайындай сатпақ-сатпақ ноябрь аспаны айналаны бір уыс қып көлкештеп алған. Анадағы елді-елдеріне тарап кеткен башқұрттардан зым-қайым хабар жоқ. Айлакер немелер бостанға бір шығып алғасын, енді жалдарына қол апартар ма? Шу асаудай құйрықтарын теуіп, бет-беттеріне безіп алып қайқайған ғой. Ақымақ орыс ұлықтарына сырттарынан сақ-сақ күліп жүрген шығар. Қолға түсіп тұрған басы бұзықтарды құдды бір еркетотай кенже балаларындай арқаларынан қағып, маңдайларынан сипап шығарып салған дұшпандарын ол немелер мазақ қылмағанда марапаттасын ба? Осыдан бір жан аяқ баспай, тап осылай жым-жырт жатып алмайды-ау, бәлем... Мынау кекірейген екі шонжар көресіні сонда көрер еді... Кириловтың сол тілегін көктегі тәңір естіп қойғандай. Бір тәулік өтті - жан-жақтан хабар жоқ. Екі тәулік өтті - жан-жақтан хабар жоқ. Бір апта өтті - жан-жақтан хабар жоқ. Екі апта өтті - жан-жақтан хабар жоқ. Кириловтың маңайды түнжырай шолған солғын жанары бірте-бірте шоқтанайын деді. Жер беттеніп алған күлгін жүзіне де шырай жүгірейін деді. Аю терісі тонын арқасына іліп, басын көтеріп, самауыр әкелгізіп, шәй сораптайтынды шығарды. Қолды-аяқтай көмекшілерінен маңайдың хабарын құныға сұрайды. Олар да бұның көкірегіндегі күдікті баса түседі: Орыс ұлықтары шақырды екен деп аяқтары салақтап шауып келіп жатқан ру басылары жоқ секілді. Екі шонжар да бұрынғыдай сары ала шатырға кіріп алып, шүңкіл-шүңкіл мәшһураттаспай, офицерлерді жиып, қолдарына сызғыш пен қарындаш ұстап, шынтақтарын тақтай тесіп, көлкөсір етолды бір өзі алып жатқан картаға үңілетінді шығарыпты. «Бәсе солай болар... Қылышты қынабынан бір суырмай-ақ, жеңіп қайта қоятындай, башқұрт саған оңай жау емес. Олардың өліспей берісетін түрі тіпті де көрінбейді. Қайта сөйткендері дұрыс емес пе? Соларын сылтауратып, көкелеріне көрістіріп, әбден табанға салып таптап, ендігәрі бастарын көтере алмайтындай қылып жаныштап алмас па? Әйтпесе, бүгін әке-көкелеп жүргенмен, ертең тағы қандай мінез шығаратындарын кім біліпті?! Ішінде алтын толы сандықтың үстінде жатқан арлан итті әуелі ас-су беріп алдап-сулап қолыңа қаратқан жөн болса, жөн де шығар. Бірақ, ертең ол тойынып алып, ит аяғына ас құйып тұрған қолыңа шап бермесіне кім кепіл?! Ең дұрысы, о бастан-ақ саған аузын көрсетіп, ырылдағанын сылтауратып, қабаған немені қақ маңдайдан бір қойып, тыржитып терісін сыпырып алып, қаңқасын қоқыр төгетін ұры сайға бір ақ зыттырған ғой! Сосын алтын толы сандыққа созылған қолыңа кім жабыса алар екен?!...».
Кирилов өз ойына өзі мадиықтанып, қабағы жазылып, маңдайынан тер шұбыра түсті. «Кейде осы біздің ұлықтардың оп-оңай шаруаны қолдан қиындатып шыға келетіндері-ай. Орманға барған балташы көзіне шоқтай басылған жайсаң самырсынды басына қайдағы бір ұзақ қарғалар ұя салған екен, бұтақтарында қүйрығы бұлтыңдап ақ тиіндер жүр екен, түбінде құмырысқаның илеуі бар екен деп аяп, басын шайқап-шайқап кері қайтпайды ғой. Қайта сондай мойынын көкке созған зәулім діңгекті оп-оңай сұлатып салып, мол олжаға кенелгеніне масаттанбай ма? Ал егер ондай балташыға келденең біреулер тап болып: «Жора, мына самырсынды шаба көрме! Желегіндегі, бұтағындағы, діңгегіндегі, түбіндегі тірлік етіп жатқан кішкене мақұлықтарды ая! Ертең өзі-ақ азар-тозар... Құлар... Сонда сүйретіп әкетерсің!»- деп ақыл берсе, ол құлақ асар ма еді?!. Әрине, жоқ! Оған, мұндай ақылды мол олжаға кезіккеніне қуанған жанашыр дос-жарлар тірі де айтсын ба, айтса оның бүйтіп оңай жолы болғанын көре алмаған іштарлар айтарын айтатын шығар... Мынау бұратана өлке - Россия үшін тап сондай таптырмас олжа ғой. Оны тауып тұрған Бұл. Енді, міне, бұдан гөрі лауазымы үлкен екі ұлық келіп, мұның жалаңдаған балтасына жармасып: «Тоқта, шаппа!»- дейді. Айтқандарын тыңдамаса, екі қолын артына қайырып, беліндегі балтасын тартыалудан да тайынар түрлері көрінбейді. Бұдан асқан әлімжеттік болар ма! Бұл тапқан самырсынның өзегі тозып, аяғыңа өзі кеп құлағанша қай заман! Оған дейін бұл жер бетінде бар ма, жоқ па! «Сосын мынау самырсынды баяғыда пәленше тауып еді!»- деп кім айтар? Зая кеткен еңбек деген сол болады. Адам түгілі ит екеш ит те өзі шалған аңды оңайлықпен өзгеге алдыра ма! Қашан демі біткенше, тістесіп өлмей ме! Бұл да сүйтеді! Патша ағзамға ауызы жетер күн туса, өз пікірін өткізеді... Тек мынау есер жұрт осылай құтыра тұрғай! Мынау екі ұлықтың құрайлаған құрықтарына өздері кеп бас ұрмағай. Сонда мына өлкені біржолата бауырға басып алуға дәлел де, жағдай да туар еді! Алдап-сулағанға көнбейтін бұзақы жұртты аямай бұғалықтап бағар еді. Тұзаққа шыдай алмаған шу асаулардың өз обалдары өздеріне!!! Ал қыл тұзаққа шыдай алған көнтерілерін бір-бірлеп іштеріне тартады. Оқытады, үйретеді, өздері илейтін терінің бір пұшпағын ұстатып, бұдан былай бөгдемін, басқамын деп ойлайтын бұралқы ұғымнан біржола бездіреді. Күндердің күнінде олар өздерінің кім екенін ұмытып, бұлардың сөзін сөйлейді. Олай оңай көніп жатқандардың сауатын ашу үшін бір арба кітапты қайда барса да қасынан тастамай, тасып келеді. Бірақ, надан жұрттың оп-оңай көндіге қоймайтыны әуелден белгілі. Тағының аты тағы! Бір туламай, бір шапшымай илікпейді. Бұлардың да ондай бұзақы, желігін әуелі аямай басып алу керек. Сонда барып бастарына соққы тиеді. Тоғайдағы құлағын қайшылаған түз бөрісі қашан құйрығын бұтының арасына тығып, жымып келетін есіктегі итке айналғанша талай арланның азу тісі қағылып алынған шығар-ау. Бұлардың арасында да ауыз ауызына сыймай жүрген арландар толып жатыр. Солардың мойыны қырқылып бітпей тұрып, бұл өлкені өзімсінуге болмайды. Соны мына екі шонжар нағып түсінбейді?! Бірақ, түсінсе де, солай істейтін шығар. Пәлен жылдан бері шет аймақта жүріп, бұратаналардың ауызынан жырып, дәулет жиып үйренген Татищев секілділерге бұндай итірқылжыңның біржола үзілді-кесілді бітіп қалғанынан гөрі осылай үздік-создық созыла бергені дұрыс шығар. Сонда алыстағы үкіметтің алдында беті шіркеулілер көбейе түседі. Олар араша іздеп жер түбіндегі астанаға бара алмайды, осындағы өздеріне жүгінеді. Жүгіністе қай заманның қазысының да сөзіңнің дәлелінен гөрі қалтаңның көлеміне көбірек зер салатыны белгілі. Ол жағынан Татищевтың даңқы әуелден де жер жарады. Оның сұғанақ қолын басқа түгілі Петр ағзамның өзі де тыя алмаған. Орал тауының бар байлығын, бір өзі билеп-төстеп қалған Никита Демидов өзінен де асқан қаптесердің қылығына шыдай алмай, патшаға шағыныпты. Сонда патша шақырып алып: «Никита Демидов сені жұрттан пара алады дейді. Сол рас па?»- деп сұрағанда, бұл сабазың беті бүлк етпей: «Рас,- депті.- Бірақ, құдайдың алдында да, сіздің ұлы Мәртебеңіздің алдында да ешқандай күнәм жоқ. Пара алу қандай ауыр жаза қолдансаңыз да, ешқандай обал болмайтын ауыр күнә, ал еткен еңбегіңнің ақысын алу еш күнә емес. Судья алатын жалақысын ақтау үшін түске дейін Приказда отырады, ал түс қайтқасынғы еңбегіне тапқан ақысы қайтып пара саналмақшы.» Патшаға соны айтқан алаяқ Румянцевке нені айтпады дейсің?! Қайран Россияның жарты байлығы параға, жарты ақылы далаға кетіп жататыны қашанғы әдеті емес пе? Ертең ғой осыдан айтқандарын істемесе, мына екі шонжар да бұны патша ағзамның алдында сүмірейте жамандап бағады. Арсалаңдап алдымен жеткендіктерін адалдық, сумаңдап алдымен айтып үлгергендігін ақиқат санайтын кердең көкірек тоң мойын тайыздықтың қолынан тізгін кетпей тұрып, жала мен параның мұртын қай балта шаба алады?! Міне, орыс генералдарының ең ақылдыларының бірі саналып жүрген Румянцевтың өзі алдына бұдан бір апта бұрын жеткен Татищевтың айтқанына арбалыпты да қалыпты...
Соны ойлағанда Кириловтың зығырданы қайнады. Әлгінде ғана моншақтап ағып отырған ағыл-тегіл тері де аяқ астынан байланып қалады. Өн бойы қара тастай бедірейіп қайтадан ауыр тартады. Құлақ шекесі зыңылдап, мазасы кете бастайды.
Ол күні де Кирилов қараптан-қарап құрысып-тырысып отыр еді. Есіктен біреу сарт-сұрт кіріп келіп, табалдырықтан бір елі бері аттамай, сыздиып тұра қалғаны. Румянцевтың шабарманы екен. Кириловтың жүрегі шым ете түсті. «Шақыртып жатыр!» Баяғыдан бері бұнымен еш шаруасы болмаған шонжардың мына қылығын не деп түсінеді?..
Кирилов орнынан құлықсыз көтерілді. Сыртта - күн шәйдай ашық. Бықсыған қараша ойда жоқта мамыр айындай май тоңғысыз мөлдірей қапты. Көз ұшындағы қара орман да түксие қарауытпай, жұмсақ көк нілге оранып, мүнартып көрінеді. Генерал шатыры маңында қара-құраң көп. Ілби басып сонда беттеді. Неге шақыртты екен? Татищев екеуінің көңідіне тағы не қашты екен? Әлде патша ағзамнан жаңа пәрмен келді ме?
Жүрегі алабұртып қоя берді. Аяғын жеделдете басты.
Шатырға кіріп келгенде қапелімде тілінен айырылып қала жаздады. Самаладай кең баспанада өңшең бір дағарадай қызыл түлкі тымақтан көз түнады. Шеттерінен тойға келгендей сәндене киініпті. Өңшең бір ңасқыр ішік. Өңшең бір күмістелген кісе белбеу. Өңшең бір қүдасының төрінде отырғандай манаурай жайғасқан маңғаз немелер. Бір кезде Уфадағы бұның үйі тап осылай қызылды-жасыл боп құлпырып шыға келуші еді. Енді сол төбелерімен аспан тіреп тұрғандай шірене беретін кергіме топ генералдың шатырының төріне самсап кеп қона қапты. Қалайша бұлай боп шықты екен?..
Румянцев сол баяғысынша шаншылып терде отыр. Татищевтың сол баяғысынша маңдайы мен иегі әнтек жылтырайды. Бұның денсаулығын сұраған боп, екеуі де үсті-басына құрағыта қарайды. «Қалай екен, бәлем!»- деп табалап отырғаннан сау ма?! Шынында да, мына жалба тымақтарға не жоқ? Тым-тырыс жатып-жатып сау етіп жетіп келгендері қай ақылдары?! Өздері есер ғана емес есуас та екен ғой! Қап, мына екі сығырдың айыздары әбден қанатын болды-ау... Екеуінің бет-ауызы, күлкісі ғана емес, қозғалғандағы етіктерінің сықырына дейін «қап, бәлем, қалай екен?»- деп табалап тұрған-дай.
Румянцев қаз-қатар тізілген түлкі тымақтарға қарап тіл қатты.
- Орынбор экспедициясының бастығы статс-советник Иван Кирилович Кирилов мырзаны білетін шығарсыздар.
- Әлбетте! Білгенде қандай!
Біреу саңқ ете қалды. Кекесін аралас дауыс. Есіктен селқос аттаған Кирилов сол арада басын көтеріп алды. Көзі терге таяу жайғасқан қоңқақ мұрын қара кісіге түсті. Өзге башқұрттардай қара. Ала көз. Екі шықшыты екі жаққа шығына шапшып шыққан жалпақ бет. Басы да үп-үлкен. Сырт тұлғасы башқұрттардан гөрі күннің көзі, желдің өтінде көп жүретін қазақтарға келіңкірейді. Бұған тайсалмай бажырая қарады. Жүзінде әжуа, мысқыл жоқ. Әлде бір кісімсінген астамдық бар. Бұны тақиясына тарсынып отырғандай. Тани кетті - Ақай Қосымов. Анада Табын қасы маңындағы шайқаста қолға түспей құтылып кеткен шабдар атты. Мынау сондағы дүрбінің әйнегіне өзер сыйған шарадай бет. Қан тамырлары білемдене қызарған ала көздері де бұзақының бұзақысымын деп тұрғандай.
Енді, міне, айылын жимай алшиып қақ төрде отыр. Есіктен жаңа кірген бұны місе түтпай шекелей қарайды. Надан неме бұның императрица ағзамның төтенше өкілдігі бар үлкен ұлық, ресми адам екенін не қылсын. Кімнің қамшысы ұзынырақ көрініп, айқайы қаттырақ шықса, соның алдына түсіп жымып беріп, сәл босаңдық сезсе, қайтадан тарпаңдап шыға келмесе, тағының аты тағы болмас еді ғой! Өйтпей де қайтсын... Орыстың бір ұлығы тырп еткізбей тұтқын қып айдап әкелгенде, екінші ұлығы арқасынан қағып босатып жіберіп отырса, оларда қандай пәтуа бар деп ойласын! Пәтуасыздарды кім сыйлаушы еді! Шалжия жайғасқан отырысын жаман неменің! Шамасы, мына май тымақтарды осы азғырып әкелген ғой. Ендеше, ол кешегі қылмысына кешірім алғанын місе тұтпай: «Сендерге пәлен жерде пәлендей еңбегім сіңді»,- деп батпансиды ертең. Бір қызығы, бұлданатын жерде бұлдана білгендердің еңбегі еш уақытта ескерусіз қалмайды. Ал мынау өзіне ұқсап, «Отан қамы», «Россия қамы» деп оттан-судан тайынбай, майлық-сулыққа бірдей жүріп, күні-түні салпақтай беретіндердің не істеп, не қойып жатқанында ешкімнің шаруасы болмайды. Өйткені, қай заманда да еңбекшілдікке, әділдікке, адалдыққа ешкім таңғалып көрмеген. Ол құдайдың күнінің күнде-күнде бір орынынан шығып, бір орынынан бататыны сияқты үйреншікті нәрсе ғой. Жұртты таң қалдыру үшін күннің құлақтанғаны не тұтылғаны секілді оғаш нәрсе керек. Онсыз ештеңе еленбекші де, ескерілмекші де емес. Сосын да бұл заманда жұрт өз еңбегін өзі айтып кеуделерін соғып жүретін болған! Ал еңбегін сату жағынан мынау қу сирақ бұратаналардың алдына ешкім түсе алмайтын түрі бар. Қазір бетіңе күле қарайды да, артынан бір айналып кеп, ең құрығанда, насыбай сұрап атып кетеді... Мына шіркіннің де осынша манаурауында бір мән бар. Ертең-ақ патшаға барып: «Мен болмасам, бұзақы елді бұғалақтай алмайтын едіңдер»,- деп кергіп, әлі-ақ асынып-тағынып, артынып-тасынып қарқ боп қайтады. Әлгі бір құйрық тұсы бозарытып, қылпылдап тұратын ерсілеу бір торғай болмаушы ма еді: Кең дүниенің өзге құсы құрып қалғандай, қайда барсаң да, көзіңе алдымен солар түсуші еді ғой. Мынау түлкі тымақтар да тап соларға ұқсайды екен. Бүгін былай, ертең олай жалт беріп қылпып тұрған осындай суайттардың екі жүзділігі болмаса, орыс қаруы мынау жапан түзге аттап баса алмайтындай көретіндерін қайтерсіз?! Оларсыз да қауқарсыз елді емес, ысқаяқ қара. Күнге әбден тотыққан. Сақал-мұрты мөлттей қураған қау шөптей жапырып жаншып баса көктеп кіріп келуге әбден болатынын қайдан білсін! Жоқ, бұл немелер әлгі бейшара құстардан бөлектеу. Ол мақұлықтар қыпылықтаса, жандарынан қорқып қыпылықтайды ғой. Бірақ, олар сол қорыққандарының езін саған салық қылып бұлдап бақпайды ғой. Жоқ, бұлар... құстардан гөрі... Иә, иә, енді тапты... Дәл солай... Бұлар құстардан гөрі иттерге келіңкірейді... Әлгі бір анадайдан кәукілдеп жүгіріп шығатын шабалаң көпек иттер болушы еді ғой. Солардың суыт жолаушылардың суық қабағынан қорқып, ә дегеннен жым болып тайып тұрғандарына қарамай, ат байлап түсіп жатқаныңда: «Біз болмағанда, бұл үйге қона алмайтын едіңдер»,- дегендей, құйрықтарын бұлғаңдатып, бірдеңе дәметіп, аяғыңа оратылып, шықпай қоятыны бар емес пе!? Мынау бұратаналардың көсемдерінен де сондай бір сасық құлық сезіледі де тұрады. Қасқыр тартқан майып малдың қан-жынын жалап қорек айырған көпектердің қотан қорып жарытпайтыны сияқты, бұлардың да көздегендері ел қамы емес, елге тиген жаудың қанжығасынан жырып қалар өз қамы секілденеді де тұрады. Ендеше әлгіндей өз көзінде жатып өзінен өзі бұралқыланып кеткен сүқкөз көпек қорыған қотанға қой түтпейтіні сияқты өз төрінде отырып өз жұртымен өзі жасырынбақ ойнаған жады сығырлар билеген ел қайдан көктесін! Бүгін бұлардың алдынан құйрықтарын бұлғаңдатып шауып шыққан көпектердің ертең басқалардың алдынан шауып шыңпасына кім кепіл!? Бүгін бұлардың етегіне жармасып, етігін сүйіп жатқан жәдігөй немелердің ертең езгелердің аяғын құшпасына кім кепіл? Опасыздардың жәреукесін бітім деп ұққан саясатшысымақтардың өздерінің де түбі шикі көрінеді де тұрады. Әйтпесе, мыналар секілді кеше жағаласып, бүгін ауыз жаласып отырғандардан не пәтуа шығып жарытады. Тәйірі, оларға бола босқа әуре болып, уақыт шығындап не керек
еді... Тәйірі, азусыз көпекке арсалаңдатып аяғыңды жалатып не керек?! Одан да қақ маңдайдан қамшымен бір тартып қаңсылатып бездіріп жібермес пе...
Кирилов салғырт басып, бос тұрған орынына озды. Анда-санда бір тіл қатып, меймандарынан сараңдау сөз тартып отырған Румянцев кеудесін кере кербездене бұрылды.
- Бұлар - бізге мойын ұсынып келіп отырған башқұрт ру басыларының алғашқы тобы. Бүгін-ертең қалғандары да түгел келіп болмақ. Оған дейін бұл мырзалар осында қонақ бола тұрады. Бәрі түгел келіп болғасын барып, бұл өлкені қалай басқаратынымыз жәйлі келіссөз бастамақпыз.
Кириловтың ісіңкі сұп-сұр беті бүлк еткен жоқ. Сол есіктен кіргендегі сыз қабақ суық қалпы кекірейіп отыр. Қырағы генерал қиқар оқымыстының қыдиықтанып кіргенін тез аңғарып, жүзін тез бұрып әкетті.
Расында да, айналасы екі күннің ішінде башқұрттардың жүз жиырма биі жиналды. Келмей қалған Ноғай жолындағы бүлікшілердің бастығы Қылмақ Абыз ғана. Одан да хабар болып қалмас па екен деп, тағы да бір-екі күн кідірісті. Ат ізін салар Қылмақ Абыз болмады.
Румянцевтың да одан әрі күте беруге іші пысқан сияқты. Қасына қаршыға құстай қақшаңдай басып, шапшаң сөйлейтін татар мырзасы полковник Еделевті ертіп алғанына қарағанда мынау меймандармен тағы бірдеңе істегелі жүр. Лагерьден анадай жерге, аулаққа күмбіретіп сары ала шатыр тіккізді. Оның қасына қаз-қатар тай қазан тізіп, от жақты. Сары ала шатырдың алдына ақ шалмалы біреу шығып: «иә, алла!»- деп сарнап қоя бергенде, пәлен күннен бері сары жамбас болып жатқан билер сыртқа атып-атып шықты. Алшаңдай басып сары ала шатыр жаққа беттеді.
Басқандарынан жер ойылардай. Кердең-кердең. Кирилов қарадай зығырданы қайнап, қалш-қалш етіп өзер тұрды. Әліге дейін көз алдында... Бірақ, қазір есіне сол түскенде дені жайылып рахаттана қалады. Әлін білмеген әлек деген сол ғой...
Жүз жиырма би әуелі жүздерін құбылаға беріп намаз оқыды. Сосын сары ала шатырдың босағасына самсатып кебістерін шешіп төрге озды. Шалжиып-шалжиып отыра кетісті. Сақалдарын салалап «иә, аллалап» қояды. Құдаларының үйінің төрінде отырғандай шалқая түседі.
Кілгіріп қалған кілегей көздерін быртиған етті беттерінің әлде бір қалтарында көміп жіберіп, үн-түнсіз ойға шомған болысады. Қаннен қаперсіз. «Ал, біз келдік. Айтатын нең бар?!»- дегендей батпанси қарасады. «Қазір не болар екен?»- деп қам жеп отырған біреуі жоқ. Бұл маңқа немелердің маңғаздық несін алған десейші! Көкіректерін көкке төсеп, кергиді де жүреді. Бірақ, тап сол күні генералдың не дегелі отырғанын әумесер олар түгілі бұның өзі де сөзген жоқ-ты. «Апырай, осы екеуі-ақ мына бір май бөкселерді мардамсыта бергеннен жалықпайды екен!»- деп, іштей зығырданы қайнап отырған.
Кенет...
Румянцев тамағын кенеді. Қасына полковник Еделев жетіп барды.
- Қадірлі меймандар! Башқұрт жұртының игі жақсылары! Сіздердің ақ патшаның алдында адал ниетте екендеріңе менің ешқандай күмәнім жоқ. Әлге дейін келіп үлгере алмай жатқан бірен-саран билер болса, олар мынау сіздердің пәуталарыңызды аттап кете алмайды деп білемін,- деді Румянцев.
- Әлбетте!
Майлақы сақал-мұрттар бір-бір желпілдесіп қалды. Кілгірген кірпіктер дүркірей көтеріліп, арғы жақтарынан оттай маздап қоя берген көп жанар генералдың ауызына қадалды.
- Ендеше, осы пәтуаларыңызға көктегі тәңірді куәге тартып, маңдайларыңызды құранға тигізіп, ант бергендеріңізді қалаймын.
Ортаға ширақ басып біреу шықты. Басындағы тығырықтап ораған ақ сәлдесінің бір жақ шеті оң көкірегіне салбырап түсіп тұр. Кирилов -жайнақтаған көзінен таныды. Осындай бір қаба сақалды Еделевтің қасынан көретін сияқты еді. Сөйтсе - молла екен ғой. Бірақ, жәй күндері бүйтіп басына сәлде орап жүрмейтін.
Ахунның қолында сыртын жасыл сафиянмен қаптаған калың кітап. Еделевтің қолында дәл сондай жасыл сафиян қатырмамен тыстаған көлдей ақ қағаз. Манағы азан шақырған ақсәлделідей сарнатып оқи жөнелді. Оқып болды да, төрдегілерге бірдеңе деп сұрақ қойды. Шамасы, «ұқтыңдар ма?» - десе керек.
Меймандар:
- Әлбетте!- деп жамырасты.
Жұрт сілтідей тына қалған. Бір уақытта қақ ортадан опырыла қозғалып Ақай Қосымов түрегелді. Кердең жүріспен ахунға жақындады. Ол ұсынған жасыл кітаптың деңгейіне жете беріп, тізерлей шөгіп:
- Жаппар хақ пен ақ патшаның алдындағы адалдығыма ант етіп, киелі кітапты маңдайыма тигізем, - деді гүр-гүр етіп.
Жасыл кітапты маңдайына тигізіп, жүрек тұсына бір басып, ахунға қайтып берді. Полковниктің қасына келіп беліндегі кісеге мықтап байланған кішкентай әмияннан күміс мөрін алып, Еделев көрсеткен тұсқа нығырлап басып біраз тұрды. Сосын мөрін аспай-саспай орнына салды. Аспай-саспай төрдегі орынына қайта озды.
Жұрт орындарынан бір-бірлеп көтеріліп, әлгінде ғана Ақайдың істегенін істіп, қайта кеп отырысты. Сол баяғы маңғаз қалыптары. Шамасы мынау саржамбас құр жатыстан әбден іштері пысқан. Бір-біріне байқалар-байқалмас көз тастасып қояды. «Алар анттарын алды. Бұдан әрі дайын асқа тік қасық қып өздері де ұстамас. Осы қазір-ақ сыңайы, кел демек бар, кет демек жоқ дейтін шығар»,- деп дәметіп отырған сыңайлары байқалады.
Қолдарына буын бұрқыратып үйме табақ ұстаған даяшы жігіттер көрінді.
Ақсақалдар дәл осы қазір атқа қонғылары келіп асыққандай, алдарына келген асты әп-сәтте-ақ тауысты. Жұрттың қолдарын сүрткенін күтіп отырған ахун жүрелей көтеріліп тізесіне мінді. Қоңқақ мұрынның астынан қоңырлата шыққан жұмбақ саз жым-жырт жұрттың құлағын біраз уақыт бір өзі жайлап, кенет тақпақтата айтылған жай сөзге ұласты. Жұрт дұға сөздерін күңірене қайталасып қолдарын жайысты. Татищев пен Румянцев бір-біріне қарасты. Осының бәрінің неге керек екеніне әлі түсіне алмай отырған Кирилов қана бір қозғалақтап қойды.
Ауада самсай жайылып тұрған сансыз саусақ жапырыла қозғалып майлақы қара, жирен, сарғылт, тарғыл сақалдарды бір-бір сипап шығар-шықпаста-ақ, Румянцев тамағын кенеді.
- Қадірлі меймандар! Ант бергендеріңіз жөнінде қазір алдияр императрица ағзамға арнайы хабаршы жіберіледі. Қастарыңыздағы нөкерлеріңіз осы қазір елдеріңізге қайтарылады. Олар жұрттарыңызға мындағы хабарларыңызды айта барады. Ал сіздер ел іші тынышталғанша осында бола тұрасыздар. Сіздерге керекті жағдайдың бәрі жасалады. Башқұрт жұртының өздеріңіздей сыйлы адамдарының сөздерін жерге тастамай, тезірек ақылға келетініне еш күманым жоқ.
Мынауы расы ма, мазағы ма...
Кириловтың көзі шарасынан шығып кете жаздады. Қапелімде қағыс естіп тұрған жоқпын ба деп, Румянцевке көз тастап еді, ол меймандарына қарап үнсіз қапты. Татищевтің сол баяғы жүқа ерінінің бір жақ қиығына жұмсақ күлкі ойнатып жымсиған қалпы.
Кирилов қақ төрде қақырайып-қақырайып отырған маңғаз билердің аяқ астынан ақымақ болғандарын сонда барып аңғарды. Кекірейген кердең немелер оп-оңай аманатқа айналып шыға келгендеріне өздері де сенбей қалса керек. Ауыздары ашылып қапты. Қап, бәлемдерге әуелден осы керек еді...
Кириловтың тап мұндай айызы қанбас. Лүпілдей жөнелген жүрегі қапелімде көкірегіне сияр емес. Тынысы тарылып, басы айналып бара жатқандай. Орынынан ұшып тұрып, есікке беттеді.
Шатырына келген соң да, көпке дейін тыншыға алмады. «Бұл ақылды кім тапқан? Румянцев па? Татищев па? Кім тапса да, қатырып жіберді...».
Сол күні Кирилов түнде жөтел қыспай тыныш ұйықтады.
Көп ұзатпай-ақ жан-жақтан хабар келе бастады. Ру басыларынан айрылған ауылдар бұзақылықтарынан тыйылып, ел іші тынышталайын депті.
«Бар, пәле осылардан екенін әу баста-ақ біліп ем... Осындай көрінгенге көз сатқан сығырақ қулар болмаса, жылқы соңындағы май тымақтар қызара бөртіп қымыз ішкеннен басқа не білуші еді... Бұлардың күнін үйістіп бір тұтам қылып қойсаң, қалғандары көкелеп өздері-ақ бауырыңа тығылады. Сондықтан бұл суайт немелерді былайғы қалың тобырдан бір жолата ажыратып жіберудің жолын ойлаған жөн. Сонда оның қандай жолы бар?»