ВЕРНУТЬСЯ

        Бұл жолы зеңбірек жеті рет күркіреп, жеті рет айқай салды. Нұралы, Ералы, Қожахметтердің жүздері бал-бұл жанып қоя берді. Нияз сұлтан қойқаңдап оңды-солды орағытып қарай береді. Ана жақта Мырзатайдың ақалай шыдап тұрғанын құдай білсін! Шамасы, ертең: «Енді біздің жаман жиендеріміздің аттары көктегі құдайдың құлағына да жететін болған шығар!»- деп бөсетін болар.
Сәлден соң Тәтеш мырза:
- Ұлы Императрица ағзамның боданында болғылары келетін басқа да хандардың сау-саламат болуы үшін шарап алайық!- деп айқай салды.
Мұны естігенде ханның тұла бойы дір ете қалды. Бұнысы несі тағы?
Зеңбіректердің дүрсілін де қалт жібермей санап тұр. Бар болғаны - жеті-ақ рет.
Сонда барып көңілі орынына түсті. Оларға бұның қатын-баласына көрсетілер құрметтің деңгейінде ғана құрмет көрсетілді. Оған да тәуба! Әйтпесе, ертең олар: «Біз Ор бойына бармасақ та, есеміз кеткен жоқ»,- деп бұтқа толып шыға келулері мүмкін ғой!
Тәтеш мырза орындарынан тұрып:
- Енді әркім шарапты өзінің қалағанынша ішеді. Зеңбірек атылмайды,- деді.
Осыған дейін жұрт орынынан жеті рет тұрды. Сол уақыттың ішінде сексен үш дүркін зеңбірек атылыпты. Оған шыбын шаққандай қиналып отырған сары ала иықтар көрінбейді. Соған қарағанда, орыс патшасында оқ дәрі дегенің ит басына іркіт болып төгіліп жатса керек.
Жұрт асықпай тамақтанды. Уақыт сары бесіннен әлдеқашан асып кеткенде барып орындарынан кетерілді.
Патшаның ұлығы ханның қасына келіп:
- Құрметті хан, сізге арнайы тігілген шатырларды керсетейін деп едім,- деді.
Қосынның қақа төріне екі үлкен, екі кішілеу шатыр тігіліпті. Біреуі ханға арналса керек ішіне масаты кілем төселіпті, қалғандарына тықыр кілем төселіпті. Төрт шатырды бір едірек мұрт сардар мен жүз шақты сарбаз міз бақпай күзетіп тұр.
- Қаласаңыздар, осындай жатып үйықтауға болады. Ыңғайсыз көрсеңіздер, өз қосындарыңызға қайтып демалуларыңызға болады. Ертеңгі хабарды өзіміз береміз.
- Өз қосынымызға қайтып демалғанымыз дұрыс болар.
Қайтарда да манағы шеру сапқа тұрды. Қайтарда да манағы шетсіз-шексіз ұзын саптардың алдынан өтті. Қайтарда да манағы керней шалынып, манағы дабыл соғылды Қайтарда да хан бастаған сары ала топ қосынына жеткенше ойдағы қызылды-жасылды көрініс міз бақпай сол орынында тұрды. Хан бастаған сары ала топ қосынына жетіп, тосып тұрған некерлері қолтықтарынан демеп аттарынан түсіріп алғанда барып керней шалынып, дабыл қағып, зеңбіректер дүрсілдеп қоя берді. Сосын жан-жақтағы қарауылдардан басқа саптар ыдырап, жұрт шатырларына тарады.
Ертеңіне Нұралы сұлтан мен жүз би ант берді. Оларға да тап алдыңғы күні ханға көрсетілген құрмет көрсетілді. Тек дастархан басында әр жолғы атылған зеңбіректер дүрсілінің санында ғана сәл-пәл айырма болды.
Қара жолдың басындағы қазақ қосыны мен Ор бойындағы орыс қосынының арасы ақсиған айдау жол болуға айналды.
Сүмбіленің айы да өлдеқашан қорғалап кетті.
Патшаның ұлығы мен Әбілқайыр ханның бір-біріне бойы үйренейін деді.
Бірінші күні келіссөзге хан тізесі дірілдеп қобалжып барғанды. Кешегі дыр-думанның бәрі ақ қаптал ұлықтың сырт көзді алдарқатар айла-шырғасы болып шығып, оңаша жолығыста азу тісін ақситып жүрсе не демекші? Бірақ бәрібір оңай беріспеуге бекіген. Қалмақ, башқұрт әңгімесі ауызға алынды-ақ, бұл күлбілтені қояды. Анада Бөкенбайды Тәтеш мырзаға жөнелтерде қандай уәжге келген болса, тап соны тапжылтпай қайталап қарайды да отырады. «Сендерге қалмақ пен башқұрт керек болғанда, біз керек емес пе екенбіз?»- дегенді көлденең тосады. Сосын пайдам дегендерін қылсын...
Келіссөз басталатын күні де Ор бойы сары ала таңнан тікелерінен тік тұрды. Сол баяғы салтанатты шеру. Сол баяғы сіресіп-сіресіп сымдай тартылған саптар. Сол баяғы тарсыл-күрсіл. Сол баяғы сары ала шатыр, Сол баяғы алтын қамқа жабылған жұмсақ сәкілер. Бірақ шатыр ішіндегі ана жолғы сары ала иықтардың саны азайған. Шүлдіреп төртеу отыр. Тәтеш мырзаның өзі. Қасындағы сары ала иық кемекшісі - Еділев мырза. Құдай берген Мәмбет мырза. Өткен жолы дастархан басында бұның қасына отырып тілмаштық еткен Ұстана мырза.
Алдын ала келісім бойынша Бұлар да төртеу боп барды. Бұның өзі, табын Бөкенбай, арғын Жәнібеқ найман Шүрек.
Тәтеш мырза көл түсетін айдын тақырдай көл-көсір маңдайын түгел жарқыратып күлімдей қарады. Бұлардың қалай жатып, қалай өргендерін, ден саулықтары, көңіл күйлерін сұрады. Бұл жарықтықтардың қара басыңның амандығы мен көңіл күйіңнің орынында болға-нынан басқа да шаруалары шамалы екен. Ел-халықтың, ағайын-туманың, ауыл-үйдің, мал-жанның амандығына бастары онша ауыра қоймайтын сияқты.
Бұл тертеуі ұлықтың қай сауалына да:
- Шүкір,- деумен құтылды.
Ақ қаптал ұлық сол күлімсіреген қалпын бұзбай әңгімені ту сонау жер түбінен бастады. Орыс патшасына бодан болуға белдерін бууға не себеп болғандығын сұрады.
Оның қандай себептер екенін мына отырған Мәмбет мырза жақсы біледі. Кешегі марқұм боп кеткен Кирилов мырза жақсы біледі. Ақ патшаның өзі де жақсы біледі. Ендеше, Тәтеш мырза да жақсы білуге тиісті. Бірақ, қайтерсің, біліп отырса да, сұрайды. Бүгінгі жауаптары баяғы айтқан жауаптарымен сәйкес келер ме екен, жоқ па екен? Соны білгілері келеді. Сол арқылы одан бергі уақыттың ішінде бұлардың көңіл-күйлерінде қандай өзгеріс, қандай жаңа пиғылдар барын білгісі келеді. Өздерінде бір пәтуа бар жұрт па, жоқ жұрт па соны білгісі келеді.
Оларға не керегіп отырғанынан Бұлар да бейхабар емес. Сондықтан бір сөзді, бір ауызды болып көрінуге күш салады. Әу бастағы әңгімені аудармай-төңкермей сол қалпында қайталап айтып беруге тырысады.
Осы бір сары майдан қыл суырғандай мысық табан әңгіменің өзі жарты айға созылды. Екі жақ та мысқалдап сейлемесе болмайды. Сәл артық кеттің-ақ, ертең өз басыңа тауан болып жабысады. Сол себепті екі жақ та қарсы жақтың отыз тісін қалт жібермей қадағалаулы.
Осы бір біреудің біреу тісін санап отырғандай ауыз аңдысудың өзі жарты айға созылды. Сол жарты айдың ішінде қазақ шонжарлары Ор бойындағы орыс қосынына талай келді. Сол жарты айдың ішінде патша ұлығы қара жалдың басындағы қазақ қосынына талай барды. Қазақтың игі жақсылары қақшиған ағаш тағанның басында қақпанға түскен қасқырдай сіресіп отырып ас ішіп, әңгіме соғуға қандай үйренсе, патшаның сары ала иық ұлықтары да көлдария жайылған дастарханның басында аяқтары астарына симай отырысып-ақ ас ішіп, әңгіме соғуға сондай үйренді.
Екі жақ та бір-бірінен қорқып отырғандай қипақтай беретінді қойды.
Екі жақ та бір-бірінен ұялып отырғандай мызылып-сызыла беретінді қойды.
Сырт көзге кеңк-кеңк күліп ағынан ақтарылып отырғандай көрінгенмен екі жақтың да талай құлтасы ішінде еді. Сол құлтамызды аңғарып қалмасын дегендей ағыл-тегіл ас-су беріп, ағыл-тегіл ақтарыла сөйлеседі. Бір-бірінің жанына тиіп кетер жараның қай түс екенін жақсы біледі. Соған соқпай айналып өтуге тырысады.
Осы бір ауыз аңдасу сырт көзге белдесіп тұрған кәнгі палуандарды еске түсіреді. Екі жақ та тас түйін. Екі жақтың да жанарлары жіті-ақ. Екі жақ та табаныңның қалай тұрғанын, тізеңнің сәл дірілін, тұла бойыңдағы әр бұлшық еттің бар қимыл-қыбырын көз жазбай бағып тұр. Талма түсыңның қай жерде екенін, оның қайбір ашылып қалар кезін де қалт жібермейді. Бірақ бұл қалай да қарсыласының жауырынын жерге тигізуді ойлаған аусар палуандардың арсы-күрсі алыпұрма белдесуі емес. Бірін-бірі жықпай екеуі де ұпай алғысы келгендердін ұтырлы белдесуі. Елдесу жолындағы белдесу. Айтсақ, ақылға симайтындай. Бірақ, тағдырдың маңдайыңа жазғаны сол болса, одан басқа амалың қалмаса, не істемексің?! Жан-жағыңның бәрі атан жығар түйе палуан болса, айлаға салмасқа амалың қайсы! Айланың мақсаты - жығу емес, жақтырмау. Өзіңнен салмағы басым түйе палуанды бүгін қапысын тауып бір жыққаныңмен, ертең ол ашуына мініп, сүйегіңнен сүйек қалдырмай кұлпаршасын шығарып ұнтап бере алады. Құдай шарғаңды шағын жаратса, жеңіс іздемей, ит жығыс ізде! Сонда да ұпайыңды жібермейсің. Шарғаң шағын болса, ұтылып ұпай жиғаныңа мөз бол!
Осы бір сөз санасу сырт көзге тоғыз құмалақтың ойынын еске түсіреді. Санап жүрмесең, саныңды соғып ұтылып қаласың. Ондай хәліңнің не болатыны сірә белгілі. Ал есепке сұңғылалығыңды білдіріп, қарсыласыңды сымпитып ұтып алсаң, онда да мүйізіңнің шығар шықпасы неғайбыл... Ол, алдымен, кіммен ойнап отырғаныңа байланысты. Өзіңмен шарғыласпен ойнасаң онда сөз жоқ. Ал өзіңнен гөрі айлалырақ та, ересегірек те біреумен ойнап отырсаң ше... Ол сені қүнықтырғысы келіп әдейі ұтылып отырса ше... Артынан ол да қаһарына мініп, шындап кіріссе ше... Ондағы күнің не болмақ?
Оны да ойламай болмайды. Бағзыдағылардың аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл дегені де осыдан қалған. Орыс патшасы кім, бұл кім... Ресей жамиғаты қандай, бұның қол астындағы жұрт қандай... Әр аттаған сайын сол есіңде тұрмаса, от басқаның...
Аузыңды әр ашқан сайын сол есіңде тұрмаса, басыңа сорды езің тілеп алғаның.
Абайсыз істелген аусар әрекеттің мүйізіңді шығар-май, кезіңді шығаруы мүмкін...
Ендеше әуелден әліңді біліп неге жәйіңе жүрмейсің? Көп тоңмойын томар бастың бұның алдына көлденең тоса беретін сауалы осы.
Бірақ, олар нені біліп жатыр?! Білсе, бұны бетіне салық қылып басар ма еді. Әуелде... Жәйіңе қарап жүрмей... Пәтшу, шіркін! Әуелден бұның қай жайы болып тұр екен? Бұл түгілі қазақтың қай жәйі болып жүр еді... Ол жәйіне жүргісі келгенмен өзгелер жәйіне жүргізгісі келді ме... Жеріне көз алартты. Қонысына кез алартты. Суына көз алартты.
Егер жан-жағыңның бәрі «белдесейік, белдесейік» деп аяғыңнан шалып аттатпай тұрған өңшең аусар болса ше... Олармен тыртаңдап қашанғы белдесесің де жатасың... Қашанғы таласарсың, қашанғы тармасарсың... Олар жығылса, күреске тоймайды. Жықса үстіңе мініп алып, ақ түйе бас жасайды. Өздеріңе ертең бәйгемізге таласатын бәсекелес болмасын деп ортан жілігіңді опырып, қабырғаңды қақыратып тастағанша қанағат қылмайды. Аяғыңнан шалады да отырады... Өмір - сайыс алаңы емес. Сайыс алаңында ата-бабаңның аруағына сиынып бағыңды анда-санда бір сынайсың... ал, өмірде бағыңды күнде сынауға тура келеді. Сонда тап берген тыртақай қарсыластың бәрінің де қабырғасына жармасып тыраштанасың да жатасың ба?! Ондай күнара ақ түйе бастан бір күні болмаса бір күні белің кетіп, үнің бір жола өшеді ғой. Олай болса кіммен белдесеріңді біл! Қалай белдесеріңді біл! Ондайда, не де болса, өзіңнен үлкенді жағаламай болмайды. Үлкенді жағаласаң, балалығыңды кешіре алатын көнтерілеуін жағалағаның дұрыс. Бірақ, үлкен мен кішінің арасы да бәр-бәр уақытта майлы қасықтай бола бермейді. Онда да сайыс тынбайды. Бірақ, ол сайыс үлкен палуан мен бала палуанның белдескеніндей ғой. Үлкен палуан бала палуанның бытыр еткізіп бел омыртқасын үзе салмайды ғой!
Олай етсем, жан-жақтағылар не дейді деп абырой-әжетке қарайды ғой. Әрине, абырой-әжетті кез-келген әумесер ойлай бермейді. Инабаты, парасаты барлар ғана ойлайды. Парасаттан құр алақан емес бала палуан да абырой-әжетті ойламай тұра алмайды. Күрескеннің жәні осы екен деп оңды-солды ағасының сақалына жармаса бермейді. Екеуі де абайлап, сақтанып, сынасып белдеседі. Үлкен кішісін қолым қаттырақ батып кетіп шошынтып алмайын деп сақтанады. Кішісі үлкенін абайсыз намысына тиіп шамырқантып алмайын деп сақтанады. Үлкені кішісін соны аңғара алатындай ізеті, санасы бар ма екен деп сынайды. Кішісі үлкенін соны бағалай білетін парасаты, панасы бар ма екен деп сынайды. Деңгейлес, шарғыластардың арасында жағалас тынбайды. Әр деңгей, әр шарғы үлкен-кішінің арасында сынасу тынбайды. Күшіне сенгендер жан-жағына тап-тап беріп жағалассыз отыра алмайды. Ақылына сенгендер айналасына абайлап көз салып сынаспай отыра алмайды. Жағаласа кеткенде қашан да күші асқандар ұтады. Күш қашан да үлкен мен көпте. Сынасуға келгенде ақылы асқандар ұтады. Ақыл үлкенге де, кішіге де, азға да, көпке де біте береді. Кейде тіпті күшіне сенген үлкен мен көп ақылдан құр қалып жатқанда, абайшыл аз бен кіші ақылдан олжалы боп жататын да тұстары бар. Сондықтан да аз бен әл-жуаздың ашық жағаластан гөрі ақылды тайталасқа бейім тұрғаны лазым. Ақылдың тайталасы бар-бар уақытта жеңіс іздей бермейді, көбіне-көп дұрыстықты іздейді. Дұрыстыққа салсаң аз бен кептің, үлкен мен кішінің алысқаны емес, табысқаны лазым. Жарық жалғанды мекен еткендердің бәрі төрт аяқтыларға ұқсап азу мен тырнаққа ғана сеніп шайнаса берсе бірін бірі құртпай тынбайды. Ал күшпен қоса ақылы да бар екі аяқтылар батылдан гөрі мақұлға, ашудан гөрі сабырға мойын ұсынбаса кім-кімге де тыныштық болмайтынын аңғарса керек еді. Оны басқа аңғармаса да қазақ аңғарса керек еді. Жан-жағынан кім түрттіні одан көп көріп жатқан кім бар? Біздің қазақ ығайлар мен сығайлар жортқан құла түзге астына бір кездегі батыр әкесінен қалған елде жоқ ер-тұрман салып, елде жоқ пырақ мініп шыққан әлжуаз бала шабандоз сияқты. Көрген жанның бәрі атынан аударып әкеткісі келеді де тұрады. Қазақтың далиған даласы бары даусыз, ал оны ұстап тұра алар шамасы бары неғайбыл. Ол жағынан жылдан-жылға көбірек сыр алдырып келеді. Асыл мінсең, тақымыңа көзің сал... Асыл кисең, білегіңе көзің сал... Ақыл дегеннің өзі де әлсіз жеріңді білу емес пе?.. Ендеше, мынау біреуге біреу көз алартпай тұра алмайтын заманда қазақты күш құтқара алмайды, ақыл ғана құтқара алады...
Оны, бұның байқауынша, ақ патша да көрмей-білмей отырған жоқ. Ендеше, қайтер екен? Батырдың жолындағы бала қарақшыдай бақыртып қанжығасына байлап әкете барар ма екен? Жоқ, бала да болса, санасында сәулесі бар ма екен деп аңыс аңдап керер ме екен? Әп дегеннен әлім жеттік жасай жөнелер ме екен, жоқ әуелі ішке тартып баурап бағар ма екен? Шарқына сене ме екен? Парқына сене ме екен? Шарқына сеніп әупірімдікке басса, әлі де кеш қалмай тұрғанда, өлмес жеріңді ойла! Парқына сенсе, сен де парықтан құр алақан еместігіңді аңғарт.
Ол арасы осы келіссөзден белгілі болмақшы.
Сондықтан да екі жақ әңгімені бұқпақтап бастады.
Бұқпақтасып отырып та бір-бірінің біраз сырларын аңғарысып болды.
Ұлық жаңа бодандардың бетіне шіркеу салғысы келмегендей қалмақ пен башқұрт жөйін атымен ауызға алмады.
Хан мен билер де жайына жатқан жыланның құйрығын басып алмайық дегендей, ол тарапқа беттей қоймады.
Екі жақ көкейлерін тесіп бара жатқан қызыл құртты көріп-біліп отырса да, оған жоламауға тырысты. Бірақ одан қара үзіп шығандап кете де алмады. Содан да болар, әңгіме қайдағы бір тұтқындар жайына келіп тіреле берді.
Орыс жағы:
- Сіздің ұлыстарда ақ патшаға бағынышты Жайық, Есет, Сақмар казактарынан, қалмақтар мен башқұрттардан талай кісі тұтқында жүр екен. Соларды кеп үзатпай үйіріне қосқан дұрыс болар еді,- дейді.
Оны қазақ жағы:
- Ендігәрі ақ патшаның қол астындағы көршілестеріңе қол созғандарыңды қойыңдар,- дегендері деп ұғады.
Қазақ жағы:
- Жайық, Сақмар, Есет казактарының, қалмақтар мен башқұрттардың арасында біздің де талай жігіттеріміз тұтқында жүр,- дейді.
Оны орыс жағы:
- Бұдан былай олар тыныш болса, біз де тыныш боламыз,- дегендері деп ұғады.
Содан кейінгі көп әңгіме сауда керуендері жайында болды. Қазақтар бұдан былай өз ұлыстары арқылы өтетін орыс керуендерін өздері қамқорлыққа алатын болып келісті. Соның бір айғағы ретінде Ташкентке алғаш рет бара жатқан орыс керуенін Әбілқайыр хан езі бастап әкетпекші. Жиырма мың сомның бұйымы артылған бұл керуенді өз ұлысынан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман өткізіп жіберуге уәде берді.
Сол бойда билер мен батырлар ұлыс-ұлыстарына ат шаптырып керуенге қажет келік пен керек-жарақты жинатты. Олар ант беруге келгендер осы арадан кетпей тұрып жетісіп болатын болды.
Патша ұлығы ез тарапынан бұдан басқа әңгіме қозғамады,
Хан ұлықпен болған оңаша жолығыста алдағы жылы Бопай ханымды патша сарайына жіберіп алғысы келетінін айтты.
Бұл тұста Әбілқайыр ел алдында тағы бір басын оздырып алуды ойлаған. Әрі бір баласынан соң бір баласын тірсегінен ұстатып аманатқа қалдырып отырған қаяулы ананың көңілін ауламақшы еді.
Ұлық: «Қу, неме, сол арқылы тағы да біраз сый-сияпат алып, қарқ болып қалғың келіп отыр-ау»,- деп ойлады.
- Мақұл. Бұл өтінішіңізді де алдияр тақсырдың құлағына жеткізейін,- деді.
Ең соңында Әбілқайыр үшін ең қиын әңгіме де айтылды. Жұрт алдында аманаттағы Ералы ханзаданы Қожахмет ханзадамен айырбастауды етінді.
Бұны айтқанда ханның беті қуарып кетті. Құндыз мұрты жылтылынан, екі беті шырайынан айырылып, ет пен ет боп жылмиып жабысып қалғандай.
- Бұл жолығыс біздің ойымызша, баяғыда-ақ өтуге тиісті еді. Башқұрттардың қырсығы тиді. Ералы сұлтанды уақытында еліне қайтара алмай ұзақ ұстап қалғанымызға ғафу өтінеміз,- деді ұлық.
- Қожахмет сұлтанның тұсында олай болмайды деп сенеміз,- деді табын Бөкенбай қабарытып қатқыл тіл қатып.
- Әлбетте,- деді ұлық нығыз үнмен.
- Қожахмет Ералыдай емес әлі балаңдау еді. Үйренісіп кеткенінше қасындағы қазақ нөкерін көбірек қалдыра тұрсақ қайтеді?
- Қарсылығымыз жоқ. Қанша кісі қалдырсаңыз да, өзіңіз біліңіз.
Хан сол сұп-сұр қалпы. Сұлқ отырып қалды. Ішінен: «баламның қасына кешегі ант берген билер мен батырлардың да бір-бір баласын аманат қылып үстасаңдар қайтеді»,- деп айтқысы кеп тамағы қышып тұрса да, көбі енді-енді илігіп келе жатқанда қайтадан сырт айналдырып алмайын деп сақтық жасады. Іле шала көңіліне: «Кім біліпті, біреу-міреуі: «Ханзаданың қасына біз де аманат ұстаймыз»,- дер ме екен деген үміт қашты.
Патшаның ұлығы бұлардың жүздеріндегі қүбылысты қалт жібермей жіті барлап отыр. Оның да көзінде бір жұмсақ діріл бар. Қалғандарын «қайтер екен»» дегендей тергеп-тексере тесірейе қараған сынампаз жанары бұған келгенде тайқып кетеді.
Қасындағы билер бұл әңгіменің өздеріне еш қатысы жоқтай селт етпеді.
Патшаның ұлығы томсарып отырған ханның қасына келіп:
- Ханзада женінен қам жемеңіз. Барлық жағдайы жасалады,- деді.
Әбілқайыр орнынан ауырлау көтерілді.
Сол-ақ екен Қожахметтің қасынан ертелі-кеш топылып жұрт кетпейтінді шығарды.
Қара жалдың басындағы қазақ қосыны мен Ор бойындағы орыс қосынының арасында ат шапқылайтын былай қалып, күйме шапқылайтынды шығарды.
Күнде сәске болар-болмаста үш жорға жеккен бір кек күйме салып ұрып жетіп келеді де тұрады.
Күнде сәскеде жалтылдаған шошақ берікті бала ханзада соңына айғыр топ нөкер ертіп көк күймемен Ор бойына қарай желкілдеп кетіп бара жатады.
Қызыққұмар Қожахмет сол көк күйменің үстінде түнеп, үстінен өруге пейіл. Кешқұрым әкеп тастап, құлтылдап кейін қайтып бара жатқанда қашан Ор бойына жетіп, орыс қосынына сіңіп кеткенше соңынан кез алмай жаудырай қарап тұрғаны.
Бұны да ойлап тапқан Татищев мырза. Жаңа аманаттың тым бала екенін ескеріп, осы күннен әр нәрсеге қызықтырып, әбден өздеріне баурап алғылары келеді.
Қожахмет үшін күніне бір қызық табылады да тұрады.
Таң атпай жатып ала шатырға апарып әлде бір ақ киімді еркектерге үсті-басын қаратады. Еріккен немелердің істемейтіні жоқ. Қасық тығып ауызын ашқызып тамағын қарайды, тілін қарайды, тісін қарайды. Құлағына жата қап үңіледі. Көзін әрібері аударып-төңкереді. Отырғызып қарайды, тұрғызып қарайды, жатқызып қарайды. Қолдары қандай жұп-жұмсақ! Көздері қандай жып-жылы! Сөздері қандай мап-майда. Қытықшыл бала әлгі немелер маңайына жолап кетті-ақ, сықылықтап күліп ішегі түйіліп қала жаздайды.
Олар үсті-басынан ештеңе тастамай сығалай қарап сипалап тінтіп шыққаннан соң және бір сумаңдағандар келіп бойын өлшейді, белін өлшейді, иығын өлшейді, табанын өлшейді. Өлшемеген бердеңе қалса не дейсің!? Бұлар да қытығын келтіріп шексілесін қатырады.
Ол аз дегендей бір күні тағы да таң атпай көк күймеге мінгізіп өкетіп, қайдағы бір көлдей айнаның алдына көл-беңдетіп тұрғызып қойғаны. Иығына өне бойынан ақ жіп, кек жіп салбырап шығып тұрған әлем-жәлем бірдеңелерді әкеліп кигізгені. Ондайда бұл ез сықпытына өзі мөз болып, езіне езі тілін шығарып, сықылықтап кеп күледі.
Қасына баяғы қырға баратын Сартайлақты ертелі-кеш ертіп қояды. Оның күні бойы бұны апармайтын жері қалмайды. Сыптиған сарбаздардың неше түрлері ойынын қызықтайды. Жүздеген еркектердің қаздай тізіліп қатар-қатар тұрғандары да қызық, біреуінің құйрығын біреуі теуіп қалатындай аяқтарын әуелете көтеріп жүргендері де қызық, қолдарындағы көк сүңгілі мылтықтарын біресе иығына асынып, біресе жерге түсіріп, біресе алға, біресе қапталдарына кезегендері де қызық. Мұртының екі шалғысын екі құлағына жеткізіп шиыр-шықтап орап қойған едірең бастыңтарының «айт-двалап» ақырғандары да қызық.
Көк пәуеске біресе зеңбірекшілердің, біресе атты әскердің, біресе тамақ пісіріп жатқан аспаздардың қасынан барып бір-ақ шығады. Қайда барса да, бала ханзада аузын ашып, ырсия күліп бір мөз болып қалады.
Әйтеуір ол ертелі-кеш күймеден шыққысы келмейді. Көк күймеге мінсе, Ор бойындағы орыс ңосынынан шыққысы келмейді. Кешкұрым қара жалдың басындағы қазақ қосынына мойыны қисайып қыңжылып оралатынды шығарып жүр. Келгесін де күні бойы не көріп, не қойғанын айтып тамсанады.
Сөйтіп жүргенде сүмбіле де аяқталуға жақындады.
Сөйтіп жүргенде қазақтың сары ала шапандыларының патшаның сары ала иықтарына, қазақтың сары ала шапандыларына айтатын әңгімелері де таусылайын деді.
Сөйтіп жүргенде аманат алмастыратын күн де жақындап қалды. Хан отырған сары ала шатырға ет бауыр жанның бәрі де жиналды.
-Қожахмет, енді көп ұзамай елге қайтпақшымыз?
-Сонда неше күннен кейін?
-Көп болса сол үш-төрт күннің шамасы...
-Қап, тым тез екен ғой?
-Немене, өкініп отырсың ба?
-Иә, кеше бір едірең мұрт орыс қылыштасуды үйретем деп еді.
-Ендеше, Ералы ағаңның орнында қала тұр. Ол ауылды кергісі келіп жүр екен.
-Алақай! Шын айтасың ба?
-Шын болғанда қандай!
-Сонда маған да Ералы ағама ұқсатып өз алдыма шатыр тігіп бере ме?
- Әрине.
- Онда түнде жалғыз қайтып ұйықтаймын.
- Қасыңда біздің адамдар болады ғой. Мырзатай нағашың қала тұрам деп отыр ғой!
-Тұяқ қалмай ма?
-Жоқ. Әкесіне айтпай қалай қалдыра аламыз?!
-Қап...
-Бірақ келіп тұрады ғой!
- Сонда маған да Ералы ағамдікіндей көк мауыт киім кигізе ме?
-Кигізгенде қандай!
-Аяғыма сықырлаған шегірен етік кием бе?
-Сөз бар ма!
-Омырауыма күнге шағылысып күлім-күлім ететін жалтырақ түйме тағам ба?
-Әлбетте!
-Ылғи осылай көк күймемен жүрем бе?
-Жүргенде қандай!
- Алақай, қалам...
Баланың беті бал-бұл жанып, көзі шоқтай жайнап қоя берді.
Әкенің алқымына бірдеңе кептеліп тұрып алғандай. Тынысы бітіп барады.
Нияз сұлтан көзіне жас үйіріліп:
- Апырай, осы бір насыбайдың ащысы-ай!- деп теріс қарап күйбеңдеп кетті.
Тек Мырзатай ғана басын жықпай:
- Е, зекетің болайын... Ақылыңнан айналады нағашың,- деп жер түбінен кеңірдегін созып еміреніп қойды.
Ор бойы тағы да аяғынан тік тұрды. Қара жалдың басындағы қазақ қосыны әлдеқашан үйлерін жығып, көштерін әлдеқашан жөнге салған. Игі жақсыларға еріп келген қыл шашақты қара құрым нөкер жал басында жағалай тізіліп аша түбектегі көріністен көз алмай қарап тұр.
Қақ ортадағы сары ала шатырдың маңы абыр-сабыр. Тағы да сол самсап тұрған саптар. Тағы да сол салтанатты шеру. Тағы да сол тарсыл-күрсіл.
Алабажақ қалың шатырдың арасынан әуелі сары үйек жыландай ирелеңдеп салтанатты шеру шықты.
Олар орыс қосынан ұзай бере аша түбектің бір пұшпағынан бес мыңдай жүктеулі түйе орындарынан көтерілді. Олардың соңында да көк сүңгілі әскер. Қиқалақтаған арбалар.
Бұл - Ташкентке бара жатқан алғашқы керуен.
Салтанатты шеру жал басындағы жағалай самсап тұрған қазақ сарбаздарына жете бере кідірді.
Ханды патша ұлығының өзі шығарып салып келеді екен. Ең алдымен өзі келіп ханның қолын алып, төс түйістіріп қоштасты. Сосын қалған сары ала иықтары кеп қоштасты.
Ханнан кейін Нұралы, Ералы, Қожахмет қатар келе жатқан. Кідірген жерде Нұралы мен Ералы әкесінің қасына қарай ығысып, Қожахмет екі топқа қосылмай арада жалғыз тұрып қалды.
Су жаңа көк мауыты киінген ханзада осыдан бір ай бұрын асық атып, тай қуып жүрген жалақ бет балаға атымен үқсамайды. Шебердің қолынан енді шығып, инежібі әлі алынбаған қуыршақтай үлбіреп тұр. Салтанатты шеруден іргесін бөлектеп, оқшау ошарылып тұр-ған сары ала топқа жаудырай қарайды.

Қасына әуелі әкесі барып:
- Ал, балам, үлкен азамат болды деген осы. Ақылды бол!- деп маңдайынан сүйіп, арқасынан қақты.
Сосын Нұралы, Ералы, Нияздар барып бір-бір құшақтап бетінен сүйді.
Ең соңынан Тұяқ барды. Ханзада оның қолынан ұстай алды:
- Тұяқ, менің жорға тайым саған аманат,- деді. Досы ырсиып күлген болды. Үлкендерден көргенін істеп арқасынан қағып, енді ажырағалы жатыр еді, Қожахмет жеңінен тартты.
- Айтпақшы, менің асық салған қалтамды Айшуаққа берерсің!
Тұяқ басын изеді.
- Апама айт, сен келген сайын маған көп қылып балқаймақ беріп жіберсін.
Анадай жерде әзір осында қалатын Мырзатай, Байбек, Итжемес, Қалбектер тұрған. Олардың қасында - баяғыда қырға екі рет барып қайтқан Сартайлақ, Балпақ сары және үш-төрт жас орыс жігіттері тұр. Қожахмет бүгіннен бастап солардың қасында болмақ.
- Жарайды, зекетім, жолаушыларды жолдарынан қалдырма,- деді Мырзатай дауысы қалтырай шығып.
Сол-ақ екен ханның да екі шықшытының астына екі ине қадала қалғандай жұтынтпай барады.
Мырзатай топтан бөлініп жиенінің қасына барды. Оған Сартайлақ пен Балпақ ерді.
Ханзаданың екі жанары тамып кетер екі тамшыдай мәлдіреп тұр. Күлген боп ыржиып әкесіне қарап иегін қақты.
- Жарайсың, міне, жігіт!- деп баяғы Балпақ сары баланы иығынан сипады.
Қатар тұрған төртеудің төртеуінің де жанарлары шықтанып тұрғандай көрінді.
Мырзатай мен Қожахметтікі бір жөн. Ал мына екі орыстікі не? Қай бір екі туып бір қалғандары! Бірақ бұлар да жерден шыққан жоқ шығар. Бәріміз де арғы тегіміз Адам ата, Хауа анадан тараған бір нәсілміз ғой. Жаутаңдап жат қолында қалып бара жатқан баланы аяп тұрған шығар. Қия алмай құр сүлдесі тұрған бұны аяп тұрған шығар... Әлгі ұлық қайтып тұр екен?!...
Хан сыр алдырып алғысы келмегендей дереу бұрылып кетті. Шошақ бөрік сары ала топ аттарына қамшы басты.
Салтанатты шеру қазақтар тобы қашан жал асып кеткенше, сол арада топылып тұрды да қалды.
Әбілқайыр қара жалдан енді асып бара жатқанда ғана артына бұрылды. Сары ала шеру сол арада әлі тұр екен. Бір қапталында көзге көрінер-көрінбес кішкене шоғыр қарауытады. Ол - ханзада.
Екі өкпесін әлдене шымшып алғандай болды. Содан қашан бес-алты жал асып, қара үзіп кеткенше ешқайда бұрылып қарамай, атының құлағының арасынан жылт-жылт сығалап тұрған көкжиекке қарап телмірді де отырды.
Бір түнемеліктен кейін қазақ қосыны төртке бөлінді. Орта жүз рулары игі-жақсыларын Жәнібек пен Шүрек бастап Торғай бетке шығысқа тартты.
Бөкенбай мен Есетке ерген жетіру тобы «Қарғалы, Елек, қайдасың?» - деп тұпа-тура батысқа бағыт алды.
Нұралының қасындағы бай ұлы би, батырлары Жем, Темірге бет түзеді.
Мұғаджарды қос қапталдап көшіп-қонатын әлім ата бас көтерерлері хан қасында.
Кеше ғана Ор бойында қақырадай боп айдынданып шыққан қазақ тобы ұланғайыр далаға шыққан соң жан-жағынан әр ши бөрі әр жаққа тартып жұлымдап тастаған өлген жылқының қаңқасындай ырсиды да қалды. Ташкенттің қан базарына түскелі өз алдына бір қара құрым қосын боп шүбарытып келе жатқан орыс керуенінің алдына түсіп, әбден артынып-тартынған қара нарды жетелеген көк есектей сидаң-сидаң бөки берді.
Хан маңындағы жабыр-жұбыр азайғалы өзімен өзі. Ешкіммен тіл қатысқан емес. Жылмиған жазықтарды, қылымси бұлтиған құм бұйраттарды, жоғалған түйедей әр жер-әр жерден оқшау маңқиған қыраңдар мен құс тұмсық қара жалдарды өмірінде алғаш рет көріп қеле жатқандай көкжиекке тесіле қалыпты. Қанша күн жүрсе де, сол отырысы отырыс.
Жан-жағы - сол жазық үстірт, дөңбек дөң, қақалып өскен қалың изен, жусан, бұйрығын, сусып көшкен шағылдың бетіндей шиыршық атып шимайланып жатқан селеулі дала.
Көз алдында - ала бажақ аша түбеқ қаққан қа-зықтай қадала тізілген ұзын шұбақ саптар, жымсия қарап, шіңгірлей сөйлейтін жалтыр маңдай ұлық.
Ойында - ол айтқан сөздер, өзі айтқан сөздер, қасындағылардың сары ала иық ұлықпен жолығысқа бара жатып айтқан сөздері, келе жатып айтқан сөздері...
Мұндай хәлді адам алғаш рет тақымына сойыл басып барымтаға барып қайтқанда бастан кешсе керек еді. «Ана жерде жөткірініп қалмадым ба...» «Мына жерде сойылым қағыс тимеді ме...» «Әлгі аунатып кеткен жылқышым бел омыртқасын үзіп алып жүрмесе, не қылсын...» «Алдарындағы мынау көп көк аланың бұған қаншасы тиер екен...» «Ауылға жеткенше арттарынан қиқу шыға ма, жоқ па...»
Мұндай хәлді жас жігіт алғаш үұрын барып келе жатқанда бастан кешсе керек еді... «Қалыңдығым қалай өзі, күлегештеу емес пе...» «Кезіндегі көп жарқыл сұлулықтың белгісі ме, түзы жеңілдіктің белгісі ме...» «Қоржынымды ашқан жеңгелердің жырқыл-жырқыл күлгендері несі: апарғандарымды қорашсынғандары ма, жоқ көңілдері толып мөз болғандары ма...» «Қайынатамның қабағы тым қыртыс-тыртыстау емес пе...» «Қайыненемнің ерні түріктеу екен, безеңдеген безер біреу болып жүрмесе жарар еді...» «Қайындарым аусарлау емес пе екен, үйір сағынған сәуріктердей қараптан қарап шабы-нып, кекіректерін желге тесей береді екен...»
Мұндай хәлді адам, не де болса, басына бір үлкен өзгөріс түскелі тұрғанда кешсе керек еді.
Бірақ, бұдан артық не өзгөріс керек... Тек бұл ғана емес, мына дала, мына жұрттың ендігі тіршілігі қалай-қалай құйқылжыр екен... Алғашқы жолығыстың өзі нені сөздіріп, нені аңғартты... Ақ патшаның ұлығы өп дегеннен әупірімдікке баспай қасы мен қабағына қарады ғой... Бұл тым Бұлданыңқырап кеткен жоқ па... Ұлық не деп отырды екен... «Мынау оп-оңай ұпай бере қоймас қақсал сұм ғой»,- деді ме екен, жоқ: «Пәтшу, көн тулағы бұтына жабысып жүріп, мынаның талтаңдауын-ай!»- деді ме екен... Жалтыр маңдай ұлықтың қаймыжық ерніне қаймақтай жабысып ап тұрған да қойған жұмсақ күлкі қоштағаны ма екен, әлде мошқағаны ма екен...
Не де болса, бұл жолы Ор бойынан еңсесі жығылмай тік кетті. Баяғыдан бері сөзіне бірде илігіп, бірде илікпей жүрген көп керенау аша түбектегі ала бажақтың өзіне естерінен тана жаздады ғой... Олар бұдан бұрын бұндай құрмет көрген қай хан, қай заданы біледі екен...
Жалтыр маңдай ұлық та нағыз бір сайдың тасын бір сайға қосқан нағыз ақ қапталдың сойынан сияқты. Не істесе де, жігін білдірмей жымдастыра қойғыш екен. Ұрының атындай лыпып тұрған жоқ па!.. Ұрымталды қалай біле қойғыш... Кешегі қоштасар дастарқаннан кейін билер мен батырларға тарту-таралғы тартқаны қандай қатып кетті. Қазынаның тағы да екі мың сомының көзіне су құйылды дейді. Құйылса, құйылсын... Баяғыдан бері қол-аяғы орыстың көк ала шүберегіне оратылып арқандалып қалған деп бұны кекетіп жүргендер кеше сый-сияпа үлестірген тұста өздері мал сойып жатқан жердегі жынға таласқан иттей тап-тап беріспеді ме... Енді не дер екен... Ертең-ақ ауылдарына ақ тауды айырып, қара тауды қайырғандай болып қақырайып барар-ау... Олардың кекигенін көріп, анада кекшиіп келмей қалғандардың іштері түз жалағандай қыз-қыз қайнар-ау...
Әбілқайырдың бұл сапардағы ең үлкен олжасы осы... Талай шалқақ мойынның артық омыртқасын сөгіп алғандай, ендігәрі өзіне асқақтай қарай алмайтындай қылғаны...
Әбілқайырдың бұл сапардан ең алдымен үққаны - қазақтың баяғы салқам сері дәуренінің етіп бра жатқандығы. Ендігі жерде ол айналасымен бұрынғыша алысып-жұлысып өмір сұре алмайды, ауыз жаласып, жең ұшынан жалғасып қана өмір сұре алады. Демек аңдысып қана өмір сүре алады...
Мұндай тұста білектен гөрі білікке салмақ көбірек түсіңкірейді.
Ендеше бул баяғыдан бергі мысықтабандап білдірмей үмсынып келе жатқан нысанасына бір табан да болса, жақындай түседі деген сөз.
Әбілқайырдың бұл сапардан бір сөзгені - ақ патша-ның ұлықтары күштеріміз жетеді деп күдірейе кетер көпек төбеттерден гөрі аңысыңды аңдап абайсызда тап берер тәсілқой тазыларға келіңкірейді екен. Олармен үнсіз аңдысудың өзі жоңғармен сарт-сұрт салғыласудан оңайға түсе қояйын деп тұрған түрі шамалы. Бірақ, қайтеді... Шыдайды-дағы... Іргеден басып, күнара төкпектеген қара сойылдың астында қансырап жатып жан тапсырғаннан гөрі іргеден сығалап өзіңді баққан сұқты көзбен аңдысып отырып бала өсіріп, мал баққаның әлде-қайда дұрыстау шығар... Жер бетінен көзін жойғысы келмейтін ілгері тілеулі қауымға түптеп келгенде, қызыл қарын жас баланың қамынан артық мұрат болмаса керек. Ол жолда қамқор әке, қамқор ана неге пейіл болмаушы еді?!
Міне, бұл да, өз балапанын өзі тұзаққа апарып түсірген торғайдай, бір баласын тағы да білегінен ұстатып шырылдатып жат қолына тастап кетіп келе жатқан жоқ па!
Көз алдына - анадағы бір қоштасар сәттегі Қожахмет келді. Асау тайға алғаш мініп тұрған баладай жаудырай қарайды. Тақымындағы тайдан әрі қорқып, әрі қимай тұрған сәби жанарына көзің түскенде ет-жүрегің езіліп жүре бермеуші ме еді. Сол сәтте сөзімнің дегенін қылсаң, үмтылып барып балаңды жұлып ап, асау тайды арқасынан бір тартып, тайып тұрмас па ең. Өйтсең балаң өмір бақи қыл құйрықтың қарасын да көре алмай, құр тақым өтпес пе еді. Сондықтан да амалсыз тәуекелге бел буасың... Көзі адырайып тұрған баланы ер үстінде ғұмыры өтер ер жігітке асаудан аунап түсуге қорықпау керек екенін ұқтырып басу айтып бағасың.
Қанаңды жарып шыққан балаңның болашағын ойлағандағы сол нар тәуекелге қанасын жарып шыққан жұртыңның болашағын ойлағанда да қайтып бармассың.
Кеше Қожахметпен қоштасқанда іштей қанша қан жылап тұрса да, артына бір қайырылып қарай алмай қай-қайып кете барғаны да сондықтан.
Қожахмет, әрине, ештеңе түсінген жоқ. Қажет десеңіз, бұлардың қашан қайта айналып соғатындарын да білмейді. Тіпті оның орнына жаңа аманаттың қашан баратынынан да хабарсыз. Аманат деген сөздің не екендігін де ұқпайды.
Қожахмет түсінбесе де жұрты түсінсе болғаны да. Айналасындағылардың бірі қолдап, бірі қолдамаса да, аруақ қолдаса болғаны да...
Әбілқайыр Дәурен биікке жеткенше асықты. Неге екеніне өзі де түсінбейді, әйтеуір, мына сапарының мағынасын сөздіретін бір нышан күтетіндей.
Жүргіншілер нысаналы қызыл үйікке зауал ауа жетті. Баяғы сол оқшау үйік. Баяғы сол астында кім жатқаны белгісіз оқшау төмпек. Бұл маңайда одан басқа қона кетер өзге биік жоқтай қашан келсең де, айналсоқтап шықпай жүрген тарғыл бүркіт. Бұлардың қарасын анадайдан көріп қап далақтап ұша жөнелді. Сосын алысқа ұзап шығынып кетпей көз жетер биікте шүйіп жүрді.
Дәурен биіктің, тарғыл бүркіттің бұнысы қалай? Барып келе жатқан сапарының мына далаға ешқандай елеулі өзгөріс әкелмейтін болғаны ма? Сол баяғы үйреншікті далбаса тіршілік сол қалпымен жалғаса беретін болғаны ма? Неге мынау қызыл томпақ топырақ қылп етпей жатып алады? Неге сонау тарғыл бүркіт тышқан аулап жүргендей бей-жай шүйіп, манаурай ұшады? Неге сонау батуға еңкейген қызыл шүнақ күн бәз-баяғы қалпында күлім-күлім етеді. Кісі тіксінердей ештеңе жоқ болғаны ма...
Ендеше оған бола неге қобалжиды? Бұған да керегі сол кісі тіксінетіндей ештеңе болмағаны емес пе еді? Бұның дұшпандары оның бұл әрекеті дүниені қаран суға алдыратындай әбден дүрліктіріп бақпап па еді?! Солары бекер боп шықса, дүниені қаран су алатындай еш қауып жоқ боп шықса бұған одан артық не керек еді?! Е, құдай, өзің қолда. Е, аруақ, өзің жақ бол...
Әлгінде ғана үрейлене лүпілдеп тұрған жүрегі кенет атша тулап дүрсілдеп ала жөнелгені,..
Мұқамбет қожа жұрттың тізесін тағы да топыраққа тигізіп, тағы да алақандарын жайғызып, тағы да бет-ауыздарын сипатты.
Қалың шоғыр нысаналы биіктен жайлап түсіп, жөнге шықты. Дәурен биікке жеткенше көк желкесіне шаншу қадалғандай сіресіп келе жатқан хан енді жалтақ-жалтақ артына бұрылып қарай береді. Қанша қараса да, сол баяғы үйреншікті көрініс. Бүлк етпестен бүк түсіп жатқан қызыл үйік. Шырқау аспанға шығып ап, қаннен-қаперсіз қалықтап жүрген тарғыл бүркіт. Жүрісінен жаңылмай жарқылдай күліп, жерге еңкейіп бара жатқан күн көзі.
Келесі бір айғыр жалға көтеріліп тағы қарап еді. Күн көзі үясына қонып, балқытқан күміс теңгедей еріп жоғалып барады. Тарғыл бүркіт атымен көзге шалынбады. Батар күннің шапағы шарпыған қызыл үйік қашып бара жатқан түлкінің жонындай жымың-жымың етеді.
Мынау не? Бұл алқаптың күн батардағы үйреншікті көрінісі ме, жоқ мұның көзіне әдейі түсіп тұрған әлде бір нышан ба?!
Қызыл түлкі аяғы жерге тимей жұлдыздай ағып ке-леді. Сылаңдаған құйрығын біресе қараған, біресе шеңгел іледі. Қайқиған жонын бір мұп-мұздай алақан сипап жатқандай. Тұла бойы тұршігіп барады. Түйменің тесігіндей кішкене түмсығына дем жетпейді. Түйенің құмалағындай кішкене жүрегі көкірек қаңқасынан пана таба алмай сонау шүбалған қүйрыңтың астына қарай зуылдай қашып бара жатқандай. Енді сәлден соң бір бұтаның түбіне домалап түсіп қалатындай.
Апырау, бұл қырық бұлтақ түлкі емес пе еді? Жаны қысылғанда айлаға баспайтын ба еді? Бұлтармайтын ба еді. Сонда қандай өзірейіл қуғыншы болса да, көз жазып қала бермеуші ме еді? Бұл неге жұлдыздай жүйткіп қашқаннан басқа қайран таба алмай келеді? Бұған не болған? Әлде түлкіліктен қалып, қит етсе төрт аяғына жалынған қоянға айналғаны ма? Алпыс екі айланың орнында үңірейген үрейден басқа ештеңе қалмағаны ма? Үрей құйрығыңды былғағаннан басқа не бітіруші еді?! Бұнысы қалай? Бұған зәресі осынша ұшатындай не керініпті? Бұның зәресін осынша алатындай қандай тажал тап берді? Бұл соншама неден қорықты?
Шөп арасында бүлкектеген түлкінің көктегі қыраннан басқа не жауы болатын еді? Зымыраннан шолған қыран жанар болмаса, жерден жарты құлаш, бір құлаш, екі құлаш биіктен жыртия қараған жыртқыш кезден кез келген бұтаны-ақ қалқалап құтыла бермеуші ме еді?!
Апырай, бұл жолы қызылсыраған қыранның астында сауырын қалай ашып алды екен? Ондай ағаттықты қалай жіберіп жүр? Бас тығар қалқасы жоқ бұндай қу тақырға қалай шығынып кетіп жүр? Енді бұл арадан қүтыла ала ма, жоқ па?
Көктегі қызыл көз қыран бұны осынша қуғанша неге сорғалап түспеді? Неге бел омыртқасын сытырлата сындырып бүрмейді! Неге жұмыр басын аңдыздаған тырнақтың астына алып, тұмсығымен топырақ қаптырып сілкілемейді? Аяғаны ма, қалай... Қанатының сусылы қыр арқасын ызғар болып қарып шүйіп-шүйіп келеді де қайта биіктеп кетеді? Әлде әдейі әбден болдыртып барып алайын дегені ме? Барар жер, басар тауын қалдырмайын дегені ме? Әлде айласына сеніп сылаңдаған немені жер бетіндегі барлық бақа-шаян, құрт-құмырысқаның алдында әбден масқара етейін дегені ме? Апырау, бұнысы қалай?!. Бұл мына қалпымен әлі қашанға дейін қашады? Қашқанмен қүтыла ала ма езі? Мынау төбесінен әзәзілдей төніп келе жатқан тарғыл ноқат не? Құс па езі? Жоқ, мұның баяғыдан ізін бағып, қолға түсіре алмай келіп, қапысын енді тауып тап берген тылсым жендет пе? Жоқ, көз алдында ғайыпқа айналып таусылғалы тұрған талай-тағдыры ма?... Не?... Не?.. Не?..
Сорғалап төніп қалған, екі иығына мініп қалған көк тағысы қайқаң етіп қайта биіктейді. Сақ-сақ күлгендей саңқ-саңқ үн шығарады... Құдай-ау, мынау не езі - құс па, адам ба?
Зымырап қашып келе жатып көкке қарайды. Төбесіндегі құс... Құс болғанда да тырнағы соқиған бүркіт... Бүркіт болғанда да кәдімгі Дәурен биіктің басынан шыр айналып шықпайтын тарғыл бүркіт...
Бұнысы қалай? Мана жайбарақат жайына самғап жүрген манаурай қалықтап жүрген маубас мақұлыққа мүншама не көрінген?! Оны не түлен түртті? Далиған мына далада шеңгелін қызылдайтын өзге ештеңе таба алмағандай бұған түскені қалай?
Әлде бірдеңеден ашынды ма екен? Неден ашынады? Не деп ашынады? Бұл аруақ шамырықтырардай не істеп еді сонша? Аруақ баққан киелі бүркіт айдаладағы қаңғыма түлкіге не деп шамданады?
Осы қашып келе жатқан өзі кім? Расында да түлкі ме?.. Жоқ, түлкіге айналып кеткен басқа бір мақұлық па? Түлкінің мынандай бес саусағы болатын ба еді? Егер түлкі болмаса, қайтып бұлай жер бауырлап жымып қаша алады? Аш белі қайқаңдағанда кіндігімен жер сыза жаздайды, Аяқ-қолы жерге тимейді. Сонда бұл түлкі болмағанда не болады?
Тарғыл бүркіт үсті-үстіне шаңқылдайды? Не деп шаңқылдайды? Бұған не істемейсің дейді? Неге қашасың дей ме? Неге қасқиып қарсы шаппайсың дей ме? Неге айлаға жүгінесің дей ме? Қайратқа жүгінгенде не тапты? Қарсы шапқанда не тапты? Бұқпағанда, бұқпақтамағанда не тапты? Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап бас сауғалар пана іздемегенде не тапты? Мынау тарғыл бүркіттің баяғыдан бері Бұл маңайдан керіп келе жатқаны шашылған қан, қураған сүйек емес пе еді? Қайсар болам деп қансырағаннан басқа не тапты солар... Сонда бұл не дейді? Жер басып тірі жүрмеңдер дей ме?.. Не дейді? Тірі жүр десе, бұдан басқа қандай амалдары қалып еді? Айладан басқа қорғаны қайсы? Бөтенді көрсе жата келіп алысқаннан шыққан мүйізі қайсы? Өзімнен басқаның дегенін қылмаймын деп өлермендікке басқанда не тапты? Бөгденің бәрін жау түтпай, тіл табысуға тырысса, одан әлдеқашан сүйектері қурап қалған аруақтардың несі құрайды екен? Әлде олар бәрің де осылай көктей солып қуарып-қуарып қасымызға жатыңдар дей ме? Ендеше, бұл олардың айтқанымен жүрмейді, әлдеқашан сүйегі қураған аруақтардың көңілін ауламай, жарыққа талпынған жыртық өкпе тірілердің күйін күйіттеп, жоғын жоқтайды...
Ол үшін де жазықты болатын болса, аруақтар қылатынын қылып алсын...
Манадан бері құлазып босап қалған қуыс кеудесіне лүп етіп бірдеңе түсіп кеткендей. Жүрегі ғой. Үйреншікті қанасын қайта келіп тапқаны ғой. Тыпыршып тулап жатыр екен дейді. Сол-ақ екен манадан бері өз-өзінен үгітіліп күйреп бара жатқандай көрінген қу сирақтарына қуат дарып, серейіп-серейіп шыға келген екен дейді. Жермен-жексен боп омырылып-опырылып бара жатқан бел омыртқаларына әл бітіп, күдірейіп-күдірейіп шыға келген екен дейді. Салақ қойшының ұлтарағындай сатпақтанып, екі шекесін сабалап келе жатқан салпаң құлағы айбар жиып, едірейіп-едірейіп шыға келген екен дейді. Жалт бұрылып қарсы атылды. Аспанға атылды. Төбесінен сорғалап төніп келіп қалған тарғыл бүркіттің өзіне тап-тап берді, Аузын ашып, тісін ақситты. Іліксе қиып түсуге бел буды.
Көзіне қан толған ашулы бүркіт, қапелімде, селт ете қалғандай болды. Көсей төсеп келе жатқан көгіс тырнағын жалма-жан тартып әкеткендей болды. Қанатын далбаң-далбаң қағып қаша жөнелгендей болды. Біраз жерге дейін лақтырған кесектей зымырап барып қайта самғады. Әлі де болса мұның маңайынан кете алмай, шыр айналып шүйіпжүр. Бірақ, бұрынғыдай: «Бұл неткенің?» дегендей көзі қанталап, кәрлене шүйімейді. Ай далада бұйірін соғып, тілі салақтап, өкпесі өшіп шоқиып отырған бұны мүсіркеп, қиып кете алмай жүргендей айналып ұшады.
Бұл солай біраз отырды. Жан-жағына көз салды. Бас сауғалатар сая іздеді. Анадайдан бірдеңені көрді. Бөксесін сүйретіп қасына барды. Арбиған-арбиған қос дөңгелек. Тот баспаған. Жылтырап тұр. Соған қарағанда әлдеқайда бағыт алып бара жатқан қозғалыс үстіндегі бірдеңе. Қазақ арасына жиі келіп тұратын тарғыл шапан саудагерлердің арбасына келіңкіремейді. Өңшең шойын... Үңірейіп аузын ашқан әлденесі сопайып тағы тұр. Әлгі от құсатын зеңбірек дейтіні осы емес пе екен? Ендеше мұның қасына қайдағы бір тарғыл бүркіт түгілі шайтан да жолай алмайды. Ендеше қандай қуғыншыдан да құтылғаның. Өзінің біраз көлеңкесі де бар екен. Сұлқ түсіп жата кетті. Көзі тағы да көкке түсті. Манағы тарғыл бүркіт әлі шүйіп жүр. Мұның ендігі күні не болар екен деп алаңдай шолып айналсоқтап жүргендей...
Ентігіп демі бітіп бара жатқандай болғап соц ояпыи кетті. Өз көзіне өзі сенбей біраз жатты. Қарңғы түн. Теріскейден мұп-мұздай леп еседі. Тамып-тамып кетердей боп салбырай төніп тұрған жарық ноқаттар. Дала түнінің баданадай жұлдыздары. Білгір балгердің санап тартпай уыстап шаша салған құмалағындай быт-шыт бытырап жатыр. Тағдырдың жазуындай боп тас төбеңнен самсай қарайдьь
Жастықтан басын көтерді. Айдалада жатыр. Анадай жерде бірдеңе сереңдейді. Әлгінде ғана түсіңде көрген шойын зеңбірегі осы емес пе еді?! Бұл мұнда қайдан жүр?
Сонда барып есіне түсті. Бұлар мана жүріп-жүріп келіп ай бата осында тоқтаған. Жүріс соқты көліктердің жүгін шешіп, белдерін босатқан. Ханның қасында қалған азғантай нөкер өз-өзінен елегізіп, соңдарындағы ауыр керуенмен бірге түнеген. Бір-біріне қара болайық дескен. Анау бұның бас жағында үңірейіп тұрған, расында да зеңбірек. Керуенде ондай зеңбіректің бес-алтауы бар. Бұл мана күндіз «Осындайдың біреуін белдеуіме байлап қойсам, мені қандай жау ала алады?!»- деп ойлап келе жатқан. Ал, бірақ, әлгі тарғыл бүркіті қайдан жүр? Дәурен биіктен күн барында өткен сияқты еді ғой. Киелі үйік ешқандай нышан білдірмеген. Тек ең соңғы рет бұрылып қарағанда, оның батар күннің шапағына боянып, қашып бара жатқан түлкінің жонындай боп жымыңдай қызарғанына тіксініп қалған. «Нышаны осы болмағай»,- деп ойлаған. Түлкіні елестеткені бұны қоштағаны ма, мошқағаны ма? Ол түлкіге айналса, ендігәрі оның басына тарғыл бүркіт қайдан қонып отыра алады?! Әуелден, сірә, түлкі мен қыранның түз-дәмі жарасып көрген бе? Темір шеңгел көк тағысы түз қылтыңын опыр-топыр жайратып тастамаушы ма еді? Ондай ақыр түбі жайрап қалар түлкіліктен не пайда? Сонда ашу сияқты ақылдың да баянсыз болғаны ма?!
Соны ойлағанда манағы Дәурен биіктің маңында қалған тарғыл бүркіт соңынан ілесіп ұшып келе жатқандай көрінген. Кім біліпті, киелі құс қараңғыда да жол табатын шығар. Көк жиектен тұтаса жылжып келетін қою қараңғыға араласып, ол да қуып жетіп қалғандай көрінген. Бір түрлі елегізіп жон арқасы шымырлап қоя берген. Күндегідей шошайып оқшау жүрмей, соңындағы қара құрым керуенге араласып кеткен. Жабыр-жұбыр мол шоғырдың ішіне енген соң дені жайылып «Тәйірі, тарғыл бүркіт түнде ұшып жарғанат болып кетті дейсің бе? Өзінің құтты биігіне қонып отырған шығар»,- деп ойлаған. Бірақ аял жасап, түнемеге келгенде қайтадан елегізген. Оқ дәрінің исінен өлі-тірінің бәрі қорқады ғой деп, төсегін зеңбіректің ық жағына салдырған.
Сонда әлгі көргені не? Аруақтар көзіне күндіз елестетпеген нышанды түнде түсіне кіргізгені ме? Тарғыл бүркіттің мұны қызыл түлкі қылып қуалап көргені, қанша дегенмен, аруақтардың шамырқанғаны ғой. Жеме-жемге келгенде төбесінен сорғалап түспегені, не десе де, бұның басындағы хәлді түсінгені ғой. Сонда да айналсоқтап шыға алмай жүргені, қайтсе де желеп-жебейтін пейілдерінен таймағаны ғой.
Ендеше, баяғы Мәті би айтқан түлкі дәуреннің біржола орнағаны ғой. Ал, сонда бұның әлгі тағдырдың жазуындай тарғыл бүркіттің өзіне тап-тап бергені не болғаны? Өлермендігі ме, өміршеңдігі ме...
Не де болса, келешек көрсетер...
Қалың ой құшағындағы хан жылы төсекке тереңдеп сүңги түсті. Аспаңға қарап еді - манағы бадан жұлдыз-дар жым-жылас жоғалып, орнына бір күлгін қараңғы майлақы мүнар жайлапты.
Суыт жолаушы күн батқасын жөнді дұрыстап бағдарлай алатын жұлдыз көрінгенше, ал жұлдыз жоғалғанда айналаға жарық түсіп таң сыз бермей тұрып еру көшті жолға салмайтын. Ондай алакеуімде аттанған керуенді әлденелер алжастырып, адастырып кетеді деуші еді.
Хан да тәтті ұйқыдағы керуенді оятқысы келмеді.
Көкірегі алға ұмтылғанмен көзі аяқ-жөнді әлі жыға танып үлгере қоймаған, таң сесі әлі біліне қоймаған елең-алаң кез еді.
Шілде, 1980 жыл - тамыз, 1983 жыл.