ВЕРНУТЬСЯ

Қыз бен жігіт, сәби, жасы, кәрісі -

Бәрі осында ертелі - кеш келеді.

Қызыл, ағы, көгілдірі, сарысы -

Туған жердің гүлі неткен көп еді.

Албырт жігіт алабұртып қарайды,

Ару күтіп тұрған болар бақшада.;

Алаулатып алқызыл гүл қадайды,

Анар төсін аймалауға жасқана.

Жатыр біреу ақынға арнап сый алып,

Ол да дұрыс! Ғажап - ғажап жыр тусын!

Балғын әке әйеліне қуанып

Гүл ұсынбақ: - ұлы гүл боп құлпырсын!

Біреулердің көздерінде қуаныш,

Гүл іздейді, гүл сұрайды асыға.

Енді біреу өңі қашып қуарып,

Гүл іздейді - қоймақ мола басына.

Бір жылпылдақ көк тер болып қапылып

Кірген екен, басылмапты аптығы,

Гүл сұрайды, тыпыршып тұр асығып,

Күні бүгін келмек екен бастығы.

Біреуді гүл жақсы атақты етеді,

Біреуді гүл көрге апарып көмеді,

Бәріне де, бәріне де жетеді -

О, қара жер, гүлің неткен көп еді!

                                               Мамыр, 1959.