ВЕРНУТЬСЯ

      Орта жүзде аз ғана қырғыз бар. Әр жерде,
олар тұтқыннан келгендер. Қырғыз тіпті ескі ел, қырғыз деген де қазақ деген
сықылды кезбе, тағы деген сөз. Қырғыздар Ғайса пайғамбардан бұрынғы 300 жылда
Таннуола менен Алатау арасында жүрген. Шыңғысхан тұсында қырғыз ханы Арыс Айнал
деген еді. Айнал деп ханын атаушы еді, аты Арыс еді. Шыңғыс хан «маған қарасын»
деп Бере һәм Турамыш дегенді елші қылып жіберіп, қырғыз ханы «қарадым» деп бір
ақ сұңқар құс бастатып қанша сый жіберіпті. Әбілғазы хан сөзінше, «қырғыз
Оғузханның бір немересі еді, қырғыз соның нәсілі» дейді. Осы күнде қырғыздың
көбі ескі орны Алатаудың күнбатыс тұмсығына жақын Сынтас асуынан Памирдің таулы
жотасында. Олар оң, сол деп екі бөлек. Рулары - бұғұ, сарбағыс, солты, шерік,
бағыш, саяқ. Бұл алтауы Оңның Сағай дегеннің нәсілі және Адгене дегенінен -
адгене, мұңғұш, ішікілік. Мұның соңғы екеуі - біздің қыпшақ, арғын, найманнан
қырғыз болғандар. Бергі заманда қазақ атанғаны болмаса, біздің қазақ та -
қырғыз нәсілінен.