ВЕРНУТЬСЯ

     Ауаның өзінде де көк шырай қап,

Самал жел көк бояуын төксін ойнап...

Көкшетау!

Көгілдір нұр!

Көкпеңбек
көл,

Армысың,

Көгорай бел,

Көкшіл аймақ!

Армысың

Айдын кәлім,

Бурабайым,

Алдымнан шықты-ау қайың,

қарағайың.

Аталар ат шалдырған

алаңқайда

Менің де ізім қалсын,

Аралайын.

Өзіңнен

кезім келді от алатын.

Сөзім бар келешекке апаратын.

Арқаның алқасындай зүмірет көл -

Жырлаған құдіретпен

Сәкен ақын.

Қарасам, өткен
күнді байыпты ойлап,

Орасан жаңалығын жайыпты аймақ.

Ағашқа Кенесары ат байлаған,

Кетіпті мына сары қайық байлап.

Өлеңін

Оқжетпестен оқыса ақын,

Саңқылдар

Сандық тастар

Саты-саты.

Табиғат туындысы

Сұлу
сурет,

Ғасырлар көрмесіне қатысатын!

Төгеді нұрын кезек көктен ай, күн,

Тоғайда күндіз жүрсем, тоқтамаймын.

Алтын күн,

араласам,

алтын шілтер

Төсейді

Арасына көк тоғайдың!

Жұмбақтас

Тунде ойлардың ордасындай,

Аялдар қимаған соң көл қасында Ай.

Қалқиды

су бетінде бір ақ желкен,

Балқиды қожыр тастар қорғасындай.

Сезілмес,

Серуендесең,

Тунгі ызғар да,

Мүлгиді мұнарланып шың-құздар да.

Сүйенсем қарағайға,

қарағайлар

Қалқиды иек сүйеп жұлдыздарға!

Барынша бұл байлығын бағалай ма ел!

Жасыл ну,

Жағалай тау,

Жағалай көл.

Жастықты сағынғанда бір келермін,

Аман бол,

Көкшіл аймақ,

Көгорай бел!

1985 ж.

Көктем, сенің болмады сыйың бір күн,

Мен өзімше ойларға жиын құрдым.

Қиялымда тербетіп айдын көлді,

Көк орманды көктем боп киіндірдім.

Қиялдамай қалсам-ақ тұншығармын,

Ақын жанын түсіне білсін әркім.

Қиялымда қайықта тербетіліп,

Көл бойына алқызыл гүл шығардым.

Қиялыма шындық тек сондай бөтен,

Қазағымда көп емес. мұндай мекен.

Қиын екен қиялмен жазды әкелу,

Жазда келіп қайтпасам болмайды екен!