ВЕРНУТЬСЯ

Кәніки, шыққан мүйіз ер жеткеннен,
Бесігін таудай талап тербеткеннен,
Қайдағы қағынғанға қапың кетіп,
Кеудеңді ыза кеурнеп, шер дерттенген.
Көп қуып қиял көшін ірметілген,
Мол ғой деп татар жеміс жер бетінен,
Өтсем деп өктем түсіп өлеңде өңкей,
Ес біліп, етек жауып ер жетіп ең.
Кәніки, шыққан мүйіз ер жеткеннен,
Бесігін таудай талап тербеткеннен,
Қайдағы қағынғанға қапың кетіп,
Кеудеңді ыза кеурнеп, шер дерттенген.
Асаудай ала бұртып ала қаштың,
Айқай сап ақ сағымға араластың,
Ақ езу асау арман соңына еріп,
Көлінен бір - ақ шықтың Жалаңаштың.
Жалаңаш қалай екен жағып тұр ма,
Жау анау жар қиядан бағып тұрған,
Көздесе, көзіңдегі нұрды іледі,
Өкініш өзегінен ағып тұрған.
Төбеңде темір құзғын мың шүйіліп,
Басыңа қайым заман бұлт үйіріп,
Қарайсың сағым шалған сар далаға
Көзге мұң, езуіңе күлкі иіріп.
Көзде - мұң, езудегі күлкің емес,
Күлуің мұндай күйде мүмкін емес.
Мұқатып тұрсың білем өзіңді өзің
Бір күнде бұл - бұл ұшып мың күнгі елес.
Күлсең күл... Сен сүретін дәурен, міне,
Арман деп алып ұшқан әурең, міне.
Әзірейіл секілді ана таудың
Аржағы - Ажал... ұғып қой әбден мұны.
                                     Мамыр, 1969 жыл.