ВЕРНУТЬСЯ

Шама жоқ Жаратқанмен
таласатын,

Қарсы алар
жіберсе де ғарасатын.

Есігін екі дүние
кезек ашып,

Кезіп жүр кең
жаһанды елес-ақын.

Пәнидің шақырды
ма зобалаңы,

Жұмақтан
жерге қарай домалады.

Зәнталақ не болады,

He болады,

Жалғасса жан
азабы одан ары?

Түнекке
аттанғаны - әлдеқашан,

Жасаған, жарар
еді алдамасаң?

Көрінбес құдіреттің ғайып құсы,

Қалықтап түсер
екен жерге қашан?

Белгісіз - пәниде
ме, бақида ма?

Килікті шым-шытырық уақиғаға.

Тынымсыз шырайналған
өмір-өлім

Ұқсайды
сиқырлы бір сақинаға.

Соғады қайда
апарып мына сүрең,

Дүние алмаса ма
расымен?

Қайтадан
Алматымен жүздесе ме,

Шөл басып
қызыл-күрең сырасымен?

Әйтеуір көріссе
екен,

Көріссе екен,

Жыласып
Қарасаздың тұмасымен.

Құдай-ау, шығып
кеткен көкке неге,

Мұны әлде
жер-бесігі жек көре ме?

Бақиға
бауырыңнан ұшып кеткен,

Балаңа, ей,
Алатау өкпелеме!

Кеңсайда жатыр әне
тас құндағы,

Тіл қатпас тас
түнектің астындағы.

Жалғаннан
жаһаннамға өткеннен соң,

Тамшыдай
танылмай тұр тасқындағы.

Бөлінген жаны мұнда, тәні қайда?

Шынымен өзін-өзі
танымай ма?

Киесі қасиетті
өлең-жырдың,

Иесі ұлы рухтың қалың ойда...

Тас-талқан -
ойлағаны, тілегені.

He деген қарғыс
атқан түнек еді?

Жұтын ап жұлдыздарды
самаладай,

Көр соқыр мешкей
аспан түнереді.

Тәнті еді таңғажайып
тағдырына,

Алланың жүзіп
жүрген ақ нұрына.

Кенеттен қайдан
ғана түсіп кетті,

Түбі жоқ тұңғиыққа
енді мына?

Қара бұлт қалбаңдайды
жан-жағында,

Жүніндей
албастының алба-жұлба.

Шаһардың үсті
толған қарға-құзғын,

Қаһарын төккен
бе әлде Алла мұнда?

Қүжынап құбыжықтың
бәрі осында,

Бәлекет жынмен
ауыз жаласуда.

Сұрапыл - жер
мен көктің арасында,

Шырылдап
періштелер адасуда.

Япыр-ау, мұнысы
не, мұнысы не?

Тәңірдің таңырқайды бұл ісіне.

Бір сәуле
іздеуменен жұбанарлық,

Үмітпен үңіледі
түн ішіне.

Түксиген үрейлі
түн сұрқы жаман,

Шығады ащы дауыс
шырқыраған.

Қаланың қақ ортасы азан-қазан -

Қызыл өрт, қара
түтін бұрқыраған.

Кешегі гүлге
оранған жоқ астана,

Қалғандай сұлулықтан
елес қана.

Кешелер аза
тұтып азынап тұр,

Қаралы Алматысы,
не масқара?

Ашынған асау толқын
кең алаңда,

Атойлап
тепсінуде зобалаңға.

Сұстанып, сары аяздай шашады ызғар,

Сұп-сұр үй бет
қаратпай жан адамға.

Қалыңжас
лапылдаған отты кеуде,

«Әділдік!,
Әділдік бер!» деп тілеуде.

Алшайтып
арамдықтың бөркін киген,

Төбесі қиянаттың
көк тіреуде.

Сұр иттей сумаң қағып сақшылары,

Сұстанып сызданады хатшылары.

Ажалға кірпік
қақпай қарсы жүрді,

Жанкешті жалпақ жұрттың жоқшылары.

Қақаған қарлы
боран, ақ қырауда,

Алдынан мұздай
сумен атқылауда.

Өңкей бір темір
аяқ, темір таяқ,

Аяусыз
тепкілеуде, соққылауда.

Сенделіп сең
соққандай сансырауда,

Кім келер
қысылғанда хал сұрауға?

Жаратқан, жар
бола гөр,

Жар бола гөр,

Қиылып қыршындары,
қансырауда.

Қалайша байқамаған
бұрындары,

Ит екен. Иттен
туған бұның бәрі.

Жендеттің
қолында жүр бұратылып,

Бүлдіршін
қыздарының бұрымдары.

Құрыққа
ілінгенде құлындары,

Атылды ата
кектің тығындары.

Кім білсін жерде
кімнің естігенін,

Әуеде Мұқағали шырылдады.

Қынадай қырылады-ау
бала-шаға,

Түспесе өзі
барып арашаға.

Қарап тұр империя терезеден,

Колбиннің
көзіменен «тамашаға».

Биікте бұғып отыр қара қабан,

Сескеніп
аласұрған заманадан.

Ішінен айтақтайды көп иттерін,

Алаңды қамалаған,
абалаған.

Дүлей күш билік
деген мінген атқа,

Құлқы жоқ көптің
сөзін тыңдамаққа.

Жастарды
қызыл-ала қанға бөккен,

Дамылсыз
сүйрелеуде түрме жаққа...

Уа, баба, Райымбек,
Райымбек!

Сеп болар жалғыз
өзім сыңайым жоқ.

Қозғалып түгел
аруақ қолдамасақ,

Алатау теңселіп
тұр құлайын деп.

Суалып
тіршіліктің алтын бағы,

Теңізің түнеріп
тұр тартылғалы.

Жәннатта қалай
шыдап жата аларсың,

Ұрпаққа зауал
төнсе артыңдағы?!

Аталар, аттаныңдар,
аттаныңдар,

Аузында ұландардың аттарың бар.

Ұл-қызың
медет тұтып сыйынуда,

Белдескен
батырларға жақ болыңдар!

Жәдігөй бетін
ашып ақырында,

Жұртыңды су түбіне батыруда.

Аруақтар, ояныңдар барлығың да,

Тірілер
шақыруда, шақыруда!

Қайдасың Хан Абылай,
Ер Қабанбай,

Күн туды ел
басына әлде қандай!

«Баласы барлық ақын
бір ананың»,

Сендер де тез
жетіндер жолда қалмай!?

Шарлады шырқ
үйіріп түн қабатын,

Аруақтың байлап қояр кім қанатын?

Шешілмес жұмбағы көп дүниенің

Тиянақ, тиегі
боп тұрған ақын.

Шертумен
шежіресін тау-тасының,

Шер буып еткен
еді жан тәсілім.

Арқалап енді ұшып
жүр қанша сырын,

Өлі мен
тірілердің баршасының.

Жар салып,
жақындарын шақырды да,

Жіберді жер мен
көкті сапырды да.

Аспанда
жебеушілер - жанашырлар,

Астыңда жанталас
боп жатыр мына.

Аруақтар алаңдайды, алаңдайды,

Қалмаса қыр
соңынан арам қайғы.

Жамылып Қарқараның
қасіретін,

Жәмеңке, ұзақ батыр қараңдайды.

Әріден қара
дауыл борандайды,

Әттең-ай, адам қайта
жаралмайды?!

Алдаспан
Кенесары желкесінде,

Жыландай
ысқырады, жалаңдайды.

Шұбырған қаралы көш шаң береді,

Еңіреп көш
соңында шал келеді.

Қосылып
Нысанбайдың дауысына,

Жоқтайды қара қобыз
Хан кенені:

Қырсық түспей
желкеден,

Зар төгемін
ертеден.

Қызыл тілім - қара
қыл,

Көкірегім -
шер-шемен.

Опасы жоқ
жалғанның

Жал-құйрығы
келтеден.

Боздағанда
шанақпын,

Үнсіз қалсам - қалақпын.

Ақсұңқардың баласын,

Құзғындарға талаттым.

Бүйтерің бар, құдайым,

Баста несін
жараттың.

Шанақ емес -
қобызбын,

Қайғыменен
егізбін.

Хас тұлпардың тұқымын,

Қасқырларға
жегіздім.

Алтын басын
табам ба,

Түбін тінтсем
теңіздің?

Қара түнмен
таластым,

Хан иемнен
адастым.

Ханмен бірге құлады,

Азаттығы
Алаштың.

Отқа жансам
болмай ма,

Қобыз емес -
ағашпын!

Ағаш емес - қазақпын,

Көп емеспін
аз-ақпын.

Қара жердің
үстінде,

Астындамын тозақтың.

Кісінеуін қарашы,

Хан ием мінген
боз аттың?!

Аңыраған ащы
зардың жалғасы кеп,

Жартасқа
соғылады Алласы жоқ.

Ақындар
күңіренеді Абай бастап,

Көбінің кеудесінде қорғасын оқ.

Ақындар не
кешпеген, не көрмеген?

Көріп тұр
қан-қасапты көгендеген.

Келіп тұр бұлттай боздап Асанқайғы,

Ақ басты желмаясын
шөгермеген.

Түбінде
жүрегінің мұң жататын,

Келіп тұр Махамбет пен Дулат ақын.

Аруақтар ашуына
шындап мінсе,

Түрі бар жер мен
көкті тулататын.

Жердегі өмір өртке шарпылуда,

Көктегі әулиелер
шарқ ұруда.

Тылсымның тұңғиығы астан-кестен,

Жеті қат бір-біріне
тартылуда.

Уа, Муза! Муза!
- деді, аласұрды,

Зұлматқа қарсы
ағызбақ қара суды.

Найзағай
күркіреді жасын ойнап,

Әйгілеп
аспандағы бар ашуды.

Көз жұмып, кімге сенген, кімге сенген,

Кім келіп құтқарады
бұл кеселден?

Сәуленің ұшқыны да жылт етпейді,

Әлемді жарылқағыш
күн көсемнен.

Алданған
алапатқа тентіреткен,

Ақ көңіл, аңғал еді халқы неткен?

Сұлбасы
Сталиннің сес береді,

Мұрты мен қабағына қан түнеткен.

Бармысың,
«Мавр-Фред», «Мавр-Фред»,

Адыра қалған жоқ
па не бір тілек?

Бәрі де
сенгенінің өлімсіреп,

Ортадан опырылды
темір тірек.

Уа, Пушкин,
сеземісің, сардар аға,

Сен жақтан зауал
соқты cap далама!

Сенбесең, судай
аққан қанға қара,

Бар үміт сенде
ғана, сенде ғана!

Ей, Сергей,
ойран салды перілерің,

Періңнен көрдің
бе жұрт жерігенін?

Түскенде
сергелдеңге серік едің,

Сырласым, сенен
қалай бөлінемін?

Жүзіме тура қара,
кел шошыма,

Достықтың,
татулықтың серті осы ма?

Тас тыққан тұқымдарың қалтасына,

Халқымның қанжар
ұрды қолқасына!

Елімнің
естігенше жылағанын,

Құрдымға неге
ғана құламадым?

Бауырлар, тапсаңдаршы бір амалын,

Сендерден
сұранамын, сұранамын!?

Бәріне
жердегінің аспан жаршы,

Түсер ме қолдан
кісен, бастан қамшы?!

Білемін
жайларыңды, тым болмаса,

Тажалдың көзін
байлап тастаңдаршы?

Жыртқыштар қан
уыстап қанасынан,

Хайуан боп қалай
туған анасынан?.

Түрменің
түкпіріне тығып алып,

Жан шошыр
жалаңаштап сабасынан.

Балаған
ағасына-панасына,

Бұлар да большевиктің баласы ма?

Осылар емес пе
еді отандасы -

Көзінің ағы
менен қарасы да...

Төгіліп тас жылайды тауыңдағы,

Егіліп
орман-тоғай бауырдағы.

Мәскеуге Момышұлы ақырады,

Бұрқасы желмен ойнап сауырдағы.

Молайып мұң мен
зардың дариясы,

Өкініп отыр
Жамбыл қариясы.

Кім үшін
өлгеніне жіп таға алмай,

Боздайды Мәншүк
пенен Әлиясы.

Жырлаған Мұқағали кімді кеше?

Тұншығып талықсиды түн біресе.

Сәкен мен
Ілиястар елестейді,

Соққының тиген жері күлдіресе.

Шын аты абақтының
- азапхана,

Азаптың құрбандығы қазақ қана.

Қазақты қазақ отқа
сүйрелесе,

Ей, тағдыр, мазақтама,
мазақтама!.

Сорың да, соқпағың
да жеке дара,

Бұл заман не боп кетті, Сәкен аға?!

Зулаған «Қызыл сұңқар», «Экспресс»,

Қиямет-қыл
көпірден өте ала ма?

Қызылдар қызыл
етке болды жерік,

Тұрсың ба, Ілияс
аға, енді көріп?

Сойылып Құлагердің
құлындары,

Ақсуың атып жатыр қанды көбік!

Қалайша шыдайсыңдар шамырқанбай,

Тәңірден түсті
ме әлде әмір сондай?

Жалғанда жамбас
ақың өтелмейді,

Түрменің
түкпіріне қаның тамбай.

Төндірген тұтқиылдан
тіріге өлім,

Тажалдың тісін
көріп түңілемін.

Сендерді
шегелеген орындықта,

Бүгіліп отыр әне
інілерің!

Қадалып қастандықтың
оғы тура,

Қапастың
көмейіне тоғытуда.

Таянып төбемізге
ақырзаман,

Құлағын топан
судың ағытуда.

Бәрі де бір
Алланың бұйрығында,

Осылай ширығуда,
ширығуда.

Қараса, Мағжан
ақын келе жатыр,

Жарқырап аққан жұлдыз
құйрығында.

Ақынды
жібергендей күннің өзі,

Шамданып,
тұлданады түн мінезі.

Жанады жұлдыздарға
шағылысып,

Мағжанның маржан
төккен мұңлы көзі.

Жұлдыздар
жамыраған аты көкте-

Арыстар жаны
бірге ақыретте:

Келеді шоғырымен
шұғыла шашып,

Әлихан, Сұлтанмахмұт, Ахмет те!

Шәкәрім,
Жүсіпбектер, Міржақыптар,

Алашқа аңыз
болған кіл жақұттар.

Ал, кәне, Мұқағали алдынан шық,

Кім білсін келе
жатқан бір бақыт бар!

Тигізер
шапағатын солар саған,

Бір жұмбақ осы
шығар сен аңсаған.

Өшкенің қайта
маздап қалар мүмкін,

Табылып
жоғалғаның жол ортадан.

Көк дауыл
көтерілді сен көрмеген,

Түсірме
желкеніңді жел кернеген.

Өмірмен жасырынбақ
ойнайды ақын,

Әйтпесе, әншейін
сөз өлген деген.

Маңдайдан cop
арылған жоқ демесең,

Бір қайтар қас дұшпанда кеткен есең.

Құдайға, халыққа
да қолқанат боп,

Жасайсың жерде
де сен, көкте де сен!

Пайғамбар Гүннен
туған-Күн ұланы,

Қағады қараи түннің жынын
әлі.

Сарқыты
Махамбеттің- Мұқағали,

Мағжанды сен ұқпасаң, кім ұғады.?!

Бір тылсым құштарлықпен ақындағы,

Мағжанға
Мұқағали жақындады.

Тәңір-ау, бекер
екен, бекер екен,

Мағжанды
шыңырауға батырғаны!

Сыймаған басы
тағдыр ноқтасына,

Түрменің тартты
Мағжан қақпасына.

Күңіреніп осы
сәтте сала берді,

Қиырда
Күлтегіннің көк тасы да.

Аруақтың ұмытылмас
аманаты,

Өшкенше жер
бетінен адам аты.

Жатқандай аза
тұтып сол дауыстан,

Оянып көне Түрік
қағанаты.

Дәуірлер шаң
боратып тозандаған,

Қайғыға қайғы
үласты озандаған.

Жауыздар жан
таласты бұл қазаққа,

Әлі де көрі
бардай қаза алмаған.

Қосылып қарлы
боран үсікпенен,

Қастандық
қыңсылайды күшіктеген.

Көз жазбай
Мағжан ақын қарасынан,

Келеді Мұқағали
түсіп төмен.

Алапат түрмеде
де, алаңда да,

Торғайдай
шырылдайды тамам бала.

Мұндайда міз бақпайды,
алшаңдайды,

Қанды көз, қара
ниет, арам ғана.

Бәрі де біткені
ме шыныменен,

Деп пе еді
шыныменен мұны
көрем?

Алматы өртке
оранып түніменен,

Көкке ұшып кетер
ме екен күліменен?

Алматы қалтырайды
сұрқы қашқан,

Мәскеудің мысы
басып мылтық асқан.

Намыстан
назаланды Мұқағали,

Үнді естіп
шыңыраудан шырқырасқан.

Күңірентіп
түсіргенде көктен мені,

Халқымның осы ма
еді жеткен жері?

Жағасын жалпак
жұрттың қандағанда,

Шетінен інге
кіріп кеткен бе ері?

Байланып қалған
ба әлде тасқа бәрі,

Жұбаннан қайда мұның басқалары.

Кірмейді көрге
неге қаптаған шал,

Бергенше қойдай
тізіп жас баланы?

Айтпақшы, Олжас қайда,
Олжас қайда?

Алыптың жағасына
жармаспай ма?

Көрмесе
корланғанын қалың елдің,

Жанарын ақындардың
шел баспай ма?!

Шырматып
қол-аяғын албастыға,

Шегелеп тастады
ма Олжасты да?

Аруағы
көтерілген халқым менің,

Түнектің түсе
қоймас енді астына.

Кенеттен, уа, құдірет,
тірілер ме,

Көрсетіп өрт
шалғандай түрін елге?

Құлаған баудай
түсіп боздақтардың

Орнына өзі барып
тігілер ме?

Булықты бәрін
көріп, бәрін көріп,

Жан алып жатыр
жастар, жанын беріп.

Армансыз бір шайқасып
арсыздармен,

Қайтадан кетер
ме еді қолында өліп?

Қырсықса, дүние қайта
дөңгеленер,

Тағы да табытқа
caп, көрге бөлер.

Аспанда құдай
жалғыз, жерде қазақ,

Жаратқан,
жалғызыңа жар бола гөр?!

Жалғыздың белі
сынса демде шөгер,

Жанашыр, бар
болсаңдар селбесе гөр?!

Толқынды арпалысқан
өзі бастап,

Қасқайып тұрмас
па еді өлмесе егер?!.

П

Үрейлі үңірейген
түрме түбі,

Түрмеде
кияметтің қыл көпірі.

Тебендей
шаншылады тергеушілер,

Секілді сатқындықтың
бір кепілі.

Сақшысы, прокурор, соттары да,

Айналған
саясаттың шоқпарына.

Боздатып
бауырларын өз қолымен,

Түрменің тыгып
жатыр оқпанына.

Үкімі әлде
кімнің оқылуда,

Бұйырды бүлк етпестен атылуға.

Байқаса, Мағжан
ақын қаһарланып,

Сазарған сотқа қарап
ақыруда.

Япыр-ау, Мағжан
ба өзі, Мағжан ба өзі,

Жасарып кеткені
ме тарлан бозы?

«Ел үшін еркек тоқты
құрбандық» деп,

Шатынап от
шашады жанған көзі.

Біресе Мағжан
емес мына тұрған,

Жас жігіт
жолбарыстай тік атылған.

Қайнайды «атам
десең, атыңдар!» деп,

Қаймықпай қарсы
соққан сұрапылдан!

Түссе де
бағынбаған басқа құрық,

Сен неткен
ғаламат ең, асқақ рух!

Лағынет!

Лағынет саған,
ей, зұлымдық -

Аранын аждаһадай
ашқан улық.

Жортады
қараңғыда қас қылғалы,

Қанды ауыз
қиянаттың қасқырлары.

Алдында қастандықтың
қасарып тұр,

Ең соңғы Бостандықтың
жас құрбаны!

Жұтқандай
жалмауыздар ертедегі,

Жөнелтер
жаһаннамға ертең оны.

Күндердің масқараға
қуә болған,

Ұяттан
беті күйіп, өртенеді...

Көресі көрер
екен қазақ қанша,

Зорлықтың
қанталаған көзі аққанша?

Қарыздар
ата-баба киесіне,

Осыдан күні туып,
азат болса!

Аруағы
бабалардың тебіренді,

Аунады
арпалысқан өмір енді.

Аспанның
көкірегі қақ
жарылып,

Жұмақтан жақсылықтың лебі келді!.

Желтоқсан ызғары
тұр шарпып әлі,

Мұзбалақ
Мұқағали шарқ
ұрады.

Шашырап шартарапқа
жан шуағы,

Сәуледей
дірілдейді тамшыдағы.

Мейірім төгер
болсаң, уа, Жаратқан,

Халқымды құтқар деді ғазауаттан.

Көк байрақ жарқылдады
көктен сонда,

Үзілген кек
жалындай ғажап оттан!

Киелі Көк байрақ кеп қонды жерге,

Қанатын
дүрілдетіп керді желге.

Ақ бұлттай бір ақсақал бата берді,

Жиналған ту
түбіне барлық елге!

Тіріге
танытпастан өзге сыңай,

Рухтың
Болашақпен кезедесуі-ай!.

Көп өтпей
Тәуелсіздік келетінін,

Сол сәтте
Мұқағали сезді осылай.

Тыншыды ұлы
сезім аласұрған,

Ертеңгі елін
көріп, бағы ашылған,

Қия алмай
Алматысын үш айналып,

Асты да ғайып
болды ала шыңнан.

Артына алаңдамас
енді білем,

Қарсы алар жәннат
оны зер гүлімен.

Аруақтар емес пе
деп елеңдеймін,

Ғарыштың жұлдыз
ақса зеңгірінен!..